Мазмұнға өту
Мақала жариялау
Axiomus олимпиадасы·математика мен физика, 3–11 сынып·нәтиже 20 минутта, дипломда жетекші мұғалімнің аты Математика, физика олимпиадасы·3–11 сынып Қатысу

Абайдың қара сөздері. Он жетінші сөз

Автор

Bilimger Media
3 мин оқу 212 оқылым

ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті.

Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:

- Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны  да рас,  бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол,  пайдаң да мол, бірақ залалың да мол,  кейде  жақсылықты  берік ұстап,  кейде жамандықты берік ұстап  кетесің, соның жаман, - депті.

-Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе   табылмайтұғыны   да   рас.   Жаратқан   тәңіріні   де   сен   танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның
екеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, - депті.  Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден  қуып  шығарады.

- Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, — депті.

1893

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp Telegram

Мақала құжаттары

Журнал, мақала және жарияланғаны туралы анықтама — бөлек PDF файлдар

Автор

Bilimger Media

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз

Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.

Авторларға

Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз

Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз — аттестация мен портфолиоға дайын.

  • Сертификат (QR-коды бар)
  • Google, Yandex жүйелерінде шығады
  • Журналға шығады (онлайн)
  • Анықтама, журнал
  • Жеке кабинетте құжаттар сақталады
  • Мақалаға тұрақты сілтеме

Бар болғаны

5 000 ₸

Мақала жариялау

Kaspi арқылы · 2015 жылдан бері

Осы тақырыптағы материалдар

Абай Құнанбайұлы

"Әзім әңгімесі" поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Абай Құнанбайұлының «Мың бір түн» желісімен жазылған поэмасында жетім Әзімнің өмірі, өнері және жұмбақ шалмен кездесуі баяндалады.

Bilimger Media 92 оқылым 13 мин
Абай Құнанбайұлы

Масғұт поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Абай Құнанбайұлының «Масғұт» поэмасында кейіпкер үш жемістің бірін таңдайды. Осы оқиға арқылы ақыл, дәулет пен адам қалауы туралы ой қозғалады.

Bilimger Media 208 оқылым 5 мин
Абай Құнанбайұлы

Ескендір поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасында Македония патшасының жорықтары мен шөл далада кездескен бұлақ оқиғасы баяндалады.

Bilimger Media 868 оқылым 5 мин
Абай Құнанбайұлы

Интернатта оқып жүр

Абайдың «Интернатта оқып жүр» өлеңінде білімге ұмтылу, адалдық және мансапқорлық мәселелері қозғалады. Материалда өлеңнің мазмұны мен негізгі ойы берілген.

Bilimger Media 125 оқылым 1 мин