ҚАЗАҚ ӨМІРІН ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА КӨРСЕТКЕН ЖУРНАЛИСТ

          Қазақ әдебиетінің біртуар тұлғасы, ұлттық руханияттың шырақшысы – Жақсылық Түменбаев. Оның шығармашылық мұрасы ұлттық сөз өнерінің нәзік әуендерін бойына сіңіріп, халықтық болмыстың терең қатпарларын айшықтайды. Жазушының әрбір шығармасы – ой мен сезімнің, өткен мен бүгіннің өзара үндескен керуені іспетті. Түменбаевтың қаламынан туған сөздер ұрпақ санасында мәңгілікке өрілген сырлы шежіреге айналып, оқырманның жүрегіне жол табады.

          Жақсылық Түменбаевтың шығармашылығы қазақ әдебиетінің асыл қазынасы, ол халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысын көркем тілмен кестелеген ұлы суреткер. Түменбаевтың әрбір туындысы туған жердің иісін, ана сүтіндей жақын ұлттық құндылықтарды, адамгершілік пен ізгілікті жырлай отырып, қазақтың жан дүниесін ашуға ұмтылады. Оның қаламынан туған әрбір шығарма оқырманды терең ойларға жетелеп, адамның рухани әлемін байыта түседі.

          Жақсылық Түменбаев – Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетінде білім алды. 1968-1975 жылдары облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінде қызмет етті. Газетте жүріп өзінің журналистік қырын шыңдады. Сол кезеңде аймақтық маңызы бар газет саналған «Ленин жолында» Жақсылық Түменбаев халықтың әлеуметтік жағдайы, елінің мұңы мен қуанышы туралы жазып, оқырманның жүрегінен орын алды.

          1975 жылдан бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінде бас редактордың орынбасары ретінде еңбек жолын жалғастырды. Бұл жерде өзінің журналистика саласындағы тәжірибесін байытып, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға белсене араласты.

          Кейіннен «Денсаулық» журналының бас редакторы болды. Түменбаев редакторлық еткен уақытта журнал өзінің «алтын дәуірін» бастан кешті. Денсаулық сақтау мәдениетін насихаттауда маңызды рөл атқарып, оқырмандардың салауатты өмір салты жайлы білімін арттыруға үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, журналда сол заманның қасіреті болған Семей полигонына қатысты мақалалар жарияланып, радиациядан зардап шеккен адамдар туралы жазылып тұрған.

          Түменбаев өзінің ерекше талантының арқасында «Жалын» журналының ұйымдастыруымен өтетін «Жалынның» жабық бәйгесі» сыйлығын бірнеше рет иемденді. Ол 1970-1980 жылдары Алматыдағы ең оқылымды жазушы болды. Оның шоқтығы биік шығармасы – «Ауыл шетіндегі үй» повесі. Сафуан Шаймерденов бір мақаласында «Мен Жақсылық Түменбаевтың «Жұлдыз» журналында басылған «Ауыл шетіндегі үй» повесін оқыған едім. Ол повестің ұнағаны соншалық, газет, журнал беттерінен осы авторды әманда іздеп жүретінді шығарғанмын», – деп пікір білдірген.

          «Ауыл шетіндегі үй» повесіндегі басты кейіпкер Омарғалиді Түменбаев өмірден алған. Повестің желісі бойынша Омарғали кемтар кісі. Автор Омарғалиді басты кейіпкер ретінде алып ел арасында елеусіз жүрген азаматтарымыздың ұлттық мінезін көрсеткен. Өзінің бір мақалсында Омарғалидің прототипі ретінде өз ауылындағы қарт кісіні алғандығын сөз етеді. «Оны көрген са­йын жүрегім бір шым ететін. Іш­кенге мәз, жегенге тоқ көп жұрт­­тың қартты үнемі қылжақ қылып жүретіні батушы еді. Сөйтіп, осы кісі «Ауыл ше­тіндегі үй» деп аталатын пове­сімдегі негізгі кейіпкер Омар­ғалидың прототипі болып шықты. Сырлап, әдемілеп әу­реге түскенім жоқ, оқиғаны өз аулыма алып келдім де, дәл, дайын характерді өмірдің өзінен көшірдім» деп повесін жазу барысын баяндайды.

          Жақсылық Түменбаев тек бұл әңгімесінің ғана кейіпкерін өмірден алмаған. Шығармаларының біраз кейіпкерлері өз ауылының тұрғындары екен. Бұл жайында жазушының ұлы Мұхтар Түменбай «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында былай деп айтады: «Бала кезімізде ауылған жиі барып тұратынбыз. Сол кезде ауыл адамдары келіп «әкеңнің мына әңгімесіндегі таза менмін ғой, мына әңгімесінде мен туралы жазыпты ғой» деген әңгімелерді жиі еститінбіз».

            Жақсылық Түменбаевтың стилі – өмірдің әрбір қарапайым көрінісін үлкен философиялық ойлармен байланыстыра білуден тұрады. Ол оқырманды шынайылыққа толы қарапайым тілмен баурайды, өмірдің күрделі де қарапайым сәттерін әсерлі тілмен суреттейді. Жазушының шығармалары көркемдік тілдің байлығымен, бейнелілігімен, шынайылығымен ерекшеленеді. Оның әрбір сөйлемінде ұлттық бояу, терең мағына, адам жанына жақын сезімдер байқалады. Қаламгердің жазу шеберлігі жайлы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Шіркін, Жақсылық өте талантты жазушы еді. Шымыр шығармалары шаш етектен. Соған қарамастан ешқашан елдің алдына шығуға ұмтылмайтын. Ұстамды жігіт болатын. Оны бағалауға келгенде басқалар­дың сараңдық танытқанына әлі де ішім ашиды», – деп еске алады.

          Жазушының өмірі шығармашылықпен, өнермен етене жақын болған. Мұхтар Түменбай әкесінің ҚазҰУ-дың оркестірінде ойнағандығын сөз етеді. «Нұрғиса Тілендиев сол кезде әкемнің аспапта ойнауын естіп өзінің оркестіріне шақырған деседі. Нұр-ағаңның айтуымен оркестрге кетіп қалса, жазушы Жақсылық Түменбаев болар ма еді, болмас па еді» деп ескі естеліктермен бөлісті «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында. Түменбаевтың қызы Гүлсая да өзінің бір сұхбатында «Қолы сəл босай қалса бітті, əкем жазуға отыратын. Ойланып кеткенде, сыртынан бақылаған қызық еді. Домбыраны əдемі шертетін. Талай-талай жақсы ойлар да сол домбыра шертіп отырған сəттерінде келді-ау деп ойлаймын. Өйткені, сəл дыңғырлататын да, отыра қалып жазатын. Сосын домбыраны қайта қолға алатын. Кейде тіпті айлап жұмысынан сұранатын. Ол кездерде күні бойы столынан тұрмайтын» деп әңгімесімен бөліскен.

           Жақсылық Түменбаевтың шығармашылық мұрасы – ұлттық рухтың, адамгершілік пен ізгіліктің биік үлгісі. Ол қазақ халқының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, рухани байлығын, ұлттық құндылықтарын терең де көркем түрде бейнелеп, оқырманның жан дүниесін байыта түседі. Жазушының туындылары адамдық қасиеттерді жоғары бағалауға, рухани байлықты іздеуге, ұлттық бірегейлікті сақтауға шақырады. Оның шығармалары – қазақ әдебиетінің алтын қазынасы, ұрпаққа аманат болып қалған рухани мұра.

 

ҚАРАҚАТ ДҮЙСЕН

ҚазҰУ-дың 2-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: доцент,

фил. ғылымдырының кантидаты

Әбдіжәділқызы Жидегүл

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *