«Темірқазық» кітабының тұсаукесері өтті
3-қазан, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кітапхана залында Азамат Жамашев, Ернар Мәжен, Дөрбетхан Жомарт сынды авторлардың қаламынан туған «Темірқазық» кітабының тұсаукесері өтті. Жиынға дін және тарих ғалымдарынан бөлек университет ұстаздары мен студент-магистранттары қатысты.
Алғысөзді бастаған – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі «Философия және саясаттану» факультетінің деканы – Мейрбаев Бекжан Берикбайұлы авторларға ерекше алғыс білдіріп, исламтану секілді гуманитарлық ілімдердің болашағы зор екенін айтты. Кітаптың мазмұнын талдап, қаламгерлердің жыл сайын кітап жазатын мерейтойы болуын тіледі.
Жиынға белгілі себептермен кітап рецензианттары – Ғарифолла Есім мен Болат Көмеков келе алмағаны себепті онлайн пікірлерін білдіріп, жазушыларға табыс тіледі. Ғарифолла Есім кітаптың әрбір кітапханада тұру керектігін айтып, «Темірқазық» еңбегін «атына заты сай кітап» деп сипаттады.
Белгілі тарихшы – Берекет Кәрібаев кітаптың бір жылда жазыла қойған еңбек емес екенін айтып, қазіргі заманда шынымен де жолда адастырмайтын темірқазық болуын тіледі. Тарихи деректердің методологиясы бойынша сын айта отырып, сирек кездесетін кітаптардың қолданылуына оң көзқарасын білдірді. Кітаптың тілі түсінікті екенін алға тартып, келесі бөлімнің жарық шығуы қажет екенін жеткізді.
Қарымды қаламгер – Жұмабай Шаштайұлы кітаптың кіріспесіне көз жүгіртіп, еліміздегі діни ахуал туралы сөз қозғады. Қазақтардың дінді қабылдаудағы психологиясы қандай болғаны туралы ақпараттардың осындай кітаптарда кеңінен жазылуын насихаттады.
Жиынды модератор ретінде басқарып отырған «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының жетекшісі – Айнұр Дүрбелеңқызы конференция барысындакітаптың ерекшеліктерін баяндап отырды.
Кітаптың үшінші рецензианты – Рашид Мұхитдинов кітапқа «тарихи оқиғаларға дінтанулық талдау жүргізген ерекше еңбек» деген баға берді. Сыни пікірлерге: «Бұған дейінгі тарихи еңбектердің көбісі евроцентристік көзқарасқа негізделген қайнаркөздерге жүгінсе, бұл еңбектің авторлары өзге тілдегі кітаптарды қолдана отырып, өздерінің дербес дінтанулық сараптауларын жазған», – деп жауап берді.
Жиынның логикалық межесі ретінде «Философия және саясаттану» факультетінің деканы –Бекжан Мейрбаев және жазушы – Жұмабай Шаштайұлы кітаптың тұсауын ресми түрде кесті.
Қабиденов Жандос Самарұлы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718