Зияттың қырларына сай бағыттау

Дуйсенбина Жанна Елеусизкызы

Бастауыш сынып мұғалімі

ШҚО Глубокое ауданы

Глубокое кенті

О.Бөкей орта мектеп КММ

                              Зияттың қырларына сай бағыттау

Әрине, білім беру саласының маманы болғандықтан, әңгіме білім беру жайында болмақ және де ұстаз, әсіресе бастауыш сыныптардың ұстаздарына жеткізгім келетін ойларыммен бөліссем.

Өзімде пікір жоқтықтан емес, өз пікірімді соңына қалдырғым келгендіктен, психолог Говард  Гарднердің «Зияттың 8 типі немесе өз балаңды уысыңнан шығарып алмау» еңбегінен алынған пайымдауларынан бастағым келеді. Себеп: қазіргі заманның білім беру жүйесі жаңару үдерісінде деп ойлаймын, сонымен қатар, Қазақстандағы  жаңартылған білім беру жүйесі жалаң сөз емес істі талап ететіндіктен, істі алдымызға келген-келетін балалардың қабілеттері мен мүмкіншіліктерін ескере отырып, оқуға, білім алуға ішкі уәждерін ояту әдістерін мейлінше жақсы меңгергенде тұщымды нәтижеге қол жеткіземіз бе деген кәсіби көзқарастан туындап отыр.

  1. Лингвистикалық зият.

Сөзге қызығушылық-жазбаша немесе ауызша. Мұндай балалар ертегілерді, кез-келген әңгімені рахаттана тыңдайды және жылдам сөйлеу, жазу, оқуды үйреніп алады. Олар шет тілдерді жылдам меңгереді. Жеткіншек кезінде ондай балалар оқу мен жазуды жақсы көріп, қабырға газеттерін жасайды, мектеп газетіне алған интервьюлерін жариялайды, сөздік жұмбақтар шешу мен қызықты әңгімелер айтады. Маңыздысы- ондай балаларға сабақтың әңгіме-дисскусия, бірлесе кітап оқу түрінде өткізілуі. Қазіргі мектеп осы зият иелеріне басымырақ мән береді, себебі сабақтар: оқылым, тыңдалым, айтылым және мазмұндау дағдыларын дамытуға бағытталған.

Бұл балалардан: жазушы, сценарий жазушы, драматург, журналист, саясаткер, корректор, аудармашы шығуы мүмкін.

  1. Логика-математикалық зият.

Мұндай балалар сандар мен цифрларға деген қызығушылық танытады. Әдетте бұл балалар даталарды, телефон номерлерін  жылдам жаттай алады,  оларға есептерді шешу, есептеу, талдау мен жинақтау, себеп-салдарларды анықтай алу, жүйелілік пен тәртіп орнатуға бейімділік, абстакциялармен жеңіл жұмыс жасай алу тән.

Мұндай балалардан: математик, есепші (бухгалтер), программист, талдаушы (аналитик), ғалым, детектив, логист және дәрігер шығады.

  1. Визуалды-кеңістікті зият.

Бұл балалардың басқалардан ерекшелігі олар сағаттап ағаштан жасалған ойыншықтармен, сұрықсыз қуыршақтармен ұзақ ойнай алады, пазлдарды  рахаттана жинайды, лабиринт ойындарын құмарлана ойнайды. Олардың қиялдары жақсы дамыған және көп қиялдайды, сурет салғанды жанындай жақсы көреді. Түстердің үйлесімін сезінеді, киімдегі түстердің үйлесім-үйлеспеушілігін түйсінеді. Геометрия, Сызу, Көркем еңбек сабақтарында, ғылыми-жаратылыстану бағытындағы (физика, химия) бейімділік танытады. Мұндай балаларда кеңістікті бағдарлау жақсы дамығандықтан, қоршаған ортаның әрбір бөлшегін есінде сақтай алуымен қатар таблицалар мен диаграммаларды жылдам түсіне алады. Алдымен кеңістікті ойша бағдарлап, сосын жиһаздардың орнын ауыстыра алады. Олар әлемді басқа бұрышынан көре алады және көрудің әлденеше нұсқаларын ұсына алады.

Бұл зиятқа ие балалар болашақта: әр саладағы дизайнер, архитектор, суретші, мультипликатор, инженер, мүсінші, құрастырушы шығуы мүмкін.

  1. Дене-кинестетикалық зият.

Бұл типтегі балалар үшін денесі-өзін көрсетудің басты құралы. Қимыл-қозғалыс пен билеу арқылы өз сезімдері мен эмоцияларын жақсырақ түсіндіре алады. Спортқа бейім, мықты, дендері сау және жақсы тамақтанады. Кіші моторикалары жақсы дамыған және саусақтарымен жақсы қимылдайды. Сахнаны ұнатады. Жеткіншек кезінде мұндай балаларға жетістіктерге жетуі үшін  жаттықтырушы-тәлімгердің көмегі маңызды. Бұл  балалардың  қабілеті бәсекелестікте шыңдалатындықтан, жеңілісті ауыр қабылдайды және қолдау мен қошеметті ұнатады.

Дене-кинестетик балалардан: актер, биші, спортшы, цирк әртісі, клоун, хирург, механик, мүсінші, қолөнер шебері, фотомодель шығуы ықтимал.

  1. Музыкалық зият.

Бұл балалар ырғақты сезінеді және есту қабілеті дамыған болады. Музыкалық  аспаптарға құмар болады. Жеткіншек шақтарында музыканы қатты дыбыста тыңдайды, музыканттардың шығармашылығына қызығушылық танытады, хорға қызыға қатысады немесе музыка мектептеріне ынтамен барады,  әуендерді бірден есте сақтайды және келтіре алады, іштей немесе сырттай әуендетіп жүреді. Олар өз музыкаларын шығара алады және сырт көзді ырғақты сезінген кезде тоқылдата немесе аяғымен тарсылдата беруімен ығыр етуі мүмкін.

Осындай балалардан: музыкант-орындаушы (пианист, барабаншы), композитор, дирижер, опера әншісі, диджей, дыбыс операторы, музыка сыншысы, радиожүргізуші, музыкалық редактор шығуы мүмкін.

  1. Натуралистік зият.

Бұл балалар барлық тірі жан иелеріне құмар және табиғат пен жануарлар-олардың құмары. Оларға дәннен өсіп шығару  жайында сарамандық жұмыстарымен қатар құрт-құмырсқалар, шөптер мен гүлдер, жануарларды баптау мен табиғат құбылыстарын бақылау қатты ұнайды. Өсе келе олар химия, биология пәндерінен озат бола отырып, әртүрлі экологиялық жорықтар мен акцияларға қызығушылық танытады.

Бұндай балалар: эколог, мал дәрігері, геолог, теңіз түбін зерттеуші, сейсмолог, археолог, генетик, орманшы, фермер болуы дұрыс.

  1. Экзистенционалдық зият.

Мұндай балалар кішкентайынан ақылды-ойшылдылығымен, өз сезімдерін басқара алуымен ерекшеленеді. Олар дұрыс ойланып, ой қорыта алады. Сонымен қатар, бұндай балалар эмоцияналды-ұстамды, ұяң болып келеді. Өскен кезде ондай балалар өмір мен өлім жайында, басқа да тылсым құбылыстар жайында ойлануға бейім келеді. Әлеммнің және ұлттардың пайда болуы жайында өз теориялары мен гипотезаларын ұсына алады. Рухани оқуларға және философиялық еңбектерге қызығушылығы басым болады. Аяқтарында нық тұрумен қатар, алдын ала болжам жасай алады, ұзақ мерзімге жоспар құра алады, сезімдерін тежей алады, нұсқаулықтарды басшылыққа алады.

Осындай балалар: психолог, психиатр, профессор мен философия пәні мұғалімі, үгіттеуші, имам немесе саясаткер болуы әбден мүмкін.

  1. Тұлғааралық зият.

Мұндай балалар жан-жақты қарым –қатынас орнату шеберлері және озінің айналасындағылармен жылдам тіл табысады, қалай ұнауды біледі және өз басымдылығын пайдалана алады. Адамдарды, олардың көңіл-күлерін жақсы сезінеді, жылдам жағдайға сай өзгере біледі, жастайынан келіссөз жүргізудің майталманы. Жеткіншек шағында айналасына адамдары топтастыра алады, ортаның «гүлі»  болып, көшбасшылық танытады, ақылды болғандықтан достары көп болады, көпшіл, әзілқой, тартымды болады. Мақсатына жету үшін аянбайды: сөзбен, іс-қимылмен, дене қимылымен және суреттеумен. Басқаларды сезіне алуы есебінен адамдарға көмек пен қолдау көрсете алады.

Бұл зият иелері: саясаткер, педагог, оратор, келіссөз жүргізуші, дипломат, менеджер, директор, бизнес-тренер бола алады.

 

Ғалымның тұжырымдарымен келісу-келіспеу өз еріктеріңіз, дей тұрғанмен, көпшілік жағдайда әрқайсыларыңыз жоғарыда аталған қандай да бір зиятқа ие екендіктеріңіз сөзсіз бе деп ойлаймын. Бұл жерде дарындылық, яғни көпқырлы зият иелері қамтылмағанымен (ол -сирек кездесетін феномен), кез-келген жеке тұлғаның қабілеттері мен бейімділігі нақты көрініс тапқаны рас. Ата-аналар өз балаларының қандай қабілеті басым екендігін тани білгенімен, бұл бейімділіктерін мұғалім танып-біліп шыңдауы-шарт, өйткені бала жанының бағбаны-ұстаз. Амбициялары басымырақ көптеген жас ата-аналар қазіргі заманда өз баласынан «гений» көргісі келетіндігі, түсінікті, олардың ойлары- менің баламда жоғарыда аталған зияттардың толығымен көрініс табуы ықтимал деу, алайда, кәсіби педагог алдына келген шәкірттерінен белгілі бір қабілеттерінің бар болуын саралай алатындығына сенім артуы дұрыс. Сондықтан да мұғалімдер қандай да бір басымырақ көрініс тапқан зият иелерін дұрыс бағыттай алып, сол қабілеттерін дамыту жолдарына еңбектенсе, нәтиже уақыт күттірмей көрініс табатыны айқын. Қабілеттерін дамыту жолында еңбектену дегенім, мысалы лингвистикалық зиятқа ие оқушы, керісінше мүлдем логика-математикалық қабілеті төмен болуы, натуралистік зият иесі музықаға құлықсыз болып жатуы т.с.с көптеген мысалдар  түсінікті жағдай болғандықтан, балада қай қабілет басымырақтығын байқап қана қоймай, дамытуға күш жұмылдырып, лингвист баланы болашақ қаламгерлікке, логик-математикті цифрлық сауаттылыққа, натуралисті әртүрлі тәжірибелер мен сарамандық жұмыстарға, музықант баланы өзін көрсете білуге, кинестетик баланы қолөнерге, визуалист балаларды бейнелеу өнеріне баулу-ұстаздың өзінен үлкен шеберлікті талап етеді, бірақ ұстазы бағыттамаса кім? Кейбір балаларда зият қырлары бірден байқалып тұрғанымен, көпшілігінде әртүрлі әлеуметтік, психоэмоцияналдық жағдайлардың әсерінен көмескі тартып көрінбей қалатыны кездесетін жағдай, дөп басып айту қиын болса да, өз тәжірибемнен ұққаным, 2-3 сыныптарда әр оқушы өзін сол қырынан байқата бастайды, сол мезетті өткізіп алмаған абзал. Мақсат- әрбір баланың қабілетін көре білу, тани білу, аша білу, жетілдіре білу. Ізденімпаздық қажет, 40 минуттық сабақты әр балаға бала түсінетін тілмен, қызығушылықтарын ескере отырып, сезіне отырып, ортақ және жеке іске жұмылдыра отырып, баланың әрбір сабақтан тұжырым жасай алуына ықпал ете отырып өткізілуіне тер төгу, рефлексия арқылы өз басымдылықтарыңмен қатар кемшін тұстарыңды бағамдау арқылы келесі сабағыңды жоспарлау. Әріп танытып, есеп үйрету маңызды болса да, сабақты баланың қабылдауын сол баланың көзімен көре білу-нағыз кәсібилікті негіздейді. Бұдан шығатын салдар ұшан –теңіз десе болады, елестетіп көріңізші, лингвист оқушыларыңыз мықты филолог немесе журналист, логик-математик оқушыңыз мықты ғалым немесе программист, визуалист шәкіртіңіз танымал суретші, кинестетик балаңыз инженер не хирург, музыкант балаңыз эстрада «жұлдызы», натуралист балаңыз микробиолог немесе археолог, экзистенционал оқушы мықты саясаткер, тұлғааралық зияты бар бала ел басқарып не педагог болып, мамандық таңдауда мүдірмей өз орнын тауып, елі үшін еңбек етуіне себепкер болғандығыңыз-ғанибеттің үлкені ғой, солай емес пе?! Жақсы, мықты , өз кәсібін сүйетін, өмірден өз орнын тапқан мамандар-өз елін өркендететіні сөзсіз ақиқат.

Жаңартылған білім мазмұнына көшу-білім беруде өткізіліп  жатқан  өзекті реформа, дәстүрлі-таптаурын әдіс-тәсілдердің шекарасынан жаңа ұстанымдар мен көзқарастарға ауысу бірден болмаса да біртіндеп іске асып жатуы қуанарлық жай. Мұнда оқу мен оқытуда жаңа әдіс-тәсілдер, сын тұрғысынан ойлауға үйрету, талантты  және дарынды балаларды оқыту, критериалды бағалау, жас ерекшеліктеріне сай оқытумен қатар АКТ сауаттылық пен көшбасшылық сынды жаңартулар мұғалімдер қауымына қолжетімді. Заманауи балаларды оқытуға арналаған ресурстардың молдығы мен қолжетімділігі қазіргі заманның ұстазынан тек ізденімпаздық пен аянбай еңбектенуді, өз мамандығын риясыз ұнатуды талап етеді. Кездейсоқтық, ұстаз мамандығын таңдауда кездеспегені дұрыс, себебі балалармен жұмыс істеу-кездейсоқ мұғалімдікте жүрген адамның ісі емес. Қатып қалған қағида болмаса да бағыттау тұрғысынан берері мол мәліметпен : ата-аналар да, педагогтер де бір уақыт ғалымның еңбегін ескерсе, оқып танысса, керегін қолдана білсе деген кеңес және тілек.

 

Көптеген  ата-ана өз баласын алғаш мектепке әкелерде психологиялық толғану үстінде болатыны анық, бұған көп себептер бар: әрбір отбасы «жеке әлем» болғандықтан, ондағы ережелер мен заңдылықтар әрқилы болатындығы, әлеуметтік жағдай, психоэмоцияналды ахуал, қоғамдық көзқарас, отбасы құндылықтары тағы да көптеген «қамалдардан» тұратын жанұяның баласы мектеп табалдырығын аттайды. Әрине, балабақша өмірімен таныс бүлдіршінге құрбыларымен тіл табысу аса қиынға түсе қоймас, дегенмен апасы мен атасы тәрбиелеген, өзінен үлкен аға-әпкелерімен өскен т.с.с балалар қаншама. Оның үстіне 1-сыныпқа баратын балаларға «үлкен үміт» артылатыны және бар.  Баланың ата-анасы баласының мінез-құлық ерекшелігін, қажеттіліктерін, қызығушылықтарын толығымен біледі және ескереді, дегенмен ұстаз мүлдем бейтаныс бүлдіршінмен кезігеді. Мұғалімнің өз ұстанымы, көзқарасы, шешімдерімен сай белгілі-іс-әрекеттері бар, соларға сүйенеді, басшылыққа алады. Бағдарламаға, стандарттарға сәйкес білім беру, дағдылары мен машықтарын қалыптастыру, оқыту мен оқуда тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану тағы да толып жатқан жұмыстар. Сонымен қатар, өз сыныбының балаларын саралай оқытуына жоғарыдағы зияттың  типтік ерекшеліктерін басшылыққа алуы елеулі көмек болатындығына назар аударғым келеді.

Бұған дәлел ретінде айтарым: егер кез-келген бала белгілі бір зиятқа ие болғанымен, келесі біріне мүлдем құлықсыз болуы әбден мүмкін. Немесе бала ерекше музыка әлде спорттан  талант иесі болғанымен, математикаға қабілеті төменірек болуы ықтимал. Керісінше математикаға қызығушылығы басым баланың , лингвистикалық яғни тілдік қабілеттері төмен болуы кездеседі т.с.с. Говард Гарднердің саралауы қағида болмауы мүмкін, дегенмен келісуге болатын тұстары көп.

Мысал ретінде көп жағдайларды келтіруге болады. Бұл жәрде кез-келген адамның өмір жолы мысал бола алады деп ойлаймын. Атақты, ұлы тұлғалардың өмірін мысал етуге болады, алайда, көз алдымда өскен қарапайым механикпен сұхбаттасып көрдім. Өзінің мамандық таңдауынан қателеспегенін айта келе, бала кезінен әртүрлі материалдарды қолымен ұстап көру арқылы, қолынан түрлі ойыншықтар жасау, жетілдіріп жасау, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану арқылы жетілгендігін айта келе, қазіргі уақытта техниканы жақсы меңгергені соншалықты, «Камаз» құрастыру, жөндеу, тіпті гүрілдеген моторының дыбысынан қай жерінде ақау бар екендігін біле алатын кәсіби механик болғандығын жеткізді. Кинестетикалық зият иесі, сөзсіз.

Сөзімді қорытындылай келе, әріптестерге  айтарым,

мейлі алдымызға қандай бала келсе де, баланы тану, бағыттау, жетілдіру үшін еңбектенсек, түпкі мақсатымыз-еліміздің өркендеуіне үлес қосатын өз ісінің кәсіби майталманын тәрбиелеу болсын. Себебі, әр бала- болашақ азамат. Мейлі, балада ешбір зияттың белгісі байқалмасын, соның өзінде ештемеге қырсыз бала болмайтындығын ескерсек, шыдамдылық пен табандылық танытсақ еңбегіміз еш кетпесіне сенімдімін.

 

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *