«Тәрбиеші-ұлы тәрбиенің тірегі»

Балабақша – бақыт баспалдағы
Эссе
Бегешова Бағдат Рахатқызы.
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы,
Сай Өтес ауылы,
«Жауқазын» бөбекжай -бақшасының тәрбиешісі
«Баланы тәрбиеші дәл өзіндей қылып шығармай,
заманына лайық етіп шығаруы керек»
М. Жұмабаев

Балабақша – бақыт баспалдағы, баланың «жаңа өмірге» деген алғашқы
қадамы. Себебі енді анасы тәулігіне біраз сағат бойы қасында болмайды және мұнда оны күткен өзі шамалас балалардан, бала күтушілер мен тәрбиешілерден тұратын үлкен жаңа ұжым бар. Балабақшаға бейімделу кезеңі әр балада әр алуан сипатта өтеді. Қалай болғанда да, ата-анасынан 6-8 сағатқа ажыраудың өзі балаға ғана қиын емес, оның анасы үшін де күйзелісті жағдай.
Тәрбиешілер қаншалықты қамқор болса да, олардың ешқайсысы ана махаббаты мен оның айрықша ықыласына бөлендіре алмайды, себебі тәрбиешілер «екінші ата-ана» әрі орта есеппен 15-25 балаға ортақ. Кез келген ана мұны жақсы түсінеді, әйтсе де баланы өмір бойы жаныңда ұстау мүмкін емес, өйткені ол өмірдің жаңа сатыларымен танысып, жаңа дағдылар, өмірлік тәжірибе жинақтауы тиіс. Білім беру балабақша табал-дырығынан басталады десек ешқашан қате¬леспейміз. Барлық білім¬нің бастауы – балабақшада. Балабақшаның бас¬ты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдіс¬терін енгізу. Балабақша мекенінде қызмет ету екінің бірінің қолына келе бермейді. Бұл қызмет күннен – күнге күрделенуде. «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға » дейді қазақ. Бұл басқа емес, дәл педагог мамандығына арнап айтылған мақал. Тәрбиеші бейімділігі, дарындылығы көбінесе балалардың тағдырын шешеді.
Мейірім мен сүйіспеншіліктің аймағы — мен еңбек ететін «Жауқазын» балабақшасы. Ең бастысы- балабақша ұжымы да , ата – ана да балабақшаны тек оқу-тәрбие ошағы деп санамай, баланы түсінетін, әрдайым көмек қолын созатын әлем деп сезінеді. Сондай-ақ, ол мәңгілік балалық пен жастықтың ордасы. Балабақша бізге өз мүмкіндігімізді толық көрсетуге, баламен бірге балаша ойнауға, ойлауға, еркелеуге, қиял әлеміне шарықтауға, ертегілер еліне саяхат жасауға мүмкіндік береді. Мен осындай мекенде қызмет ететінімді – мақтанышпен айтамын.
Біздің мамандығымыз — бұл біздің өмір жолымыз. Біздің балабақша – бұл бөлек әлем, гүлденген көгал. Балабақша бізге балада бар ең нәзік – бала жан дүниесін сезінуге, аялауға, бағалауға үйретеді. Балабақша баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында ерекше орын алатын сатысы. Біздің балабақшада балаға қажетті, сетінемейтін махаббат жібі бар. Ұзақ жылдар жасағандығына қарамастан, балабақшаның әр кірпіші, әр бұрышы ешқашан ескірмейтін мейірім мен сүйіспеншіліктен тұрады. Балалардың күлкісі мен мейірімі арқасында біздің балабақша жыл өткен сайын гүлденіп, көркейіп, жасара түсуде.
Ақын Фариза Оңғарсынова өлеңге қосып жырлағандай, «Үй жақсы ма, бақшама?» деген сұраққа біздің балабақшаның әр бүлдіршіні қуана «бақша» деп жауап берер еді. Менің алдымда тәрбиеленіп отырған әр бүлдіршін күнбе – күн бақшаға үлкен ерекше ықыласпен келеді. Олардың кішкентай жүрегі мейірімділікке толы, жүздері бақытты. Себебі олар бақытты мекенде тәрбиеленіп жатыр. Балалар – өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.
Балабақша – бүлдіршін үшін ұжымдық қарым-қатынастың бірінші тәжірибесі. Әр баланың мүмкіншілігі, қабілет-қарымы әртүрлі болуына қарай бейімделуі де түрліше өтеді, сондықтан алдымен баланың жағымды ішкі эмоционалды жағдайын қолпаштау керек. Балаға жайлы және жақсы болғанда ғана ол ортаға тез үйреніседі, үйлесімді дамиды. Бүлдіршін ата-анасы сұрамай-ақ балабақшада жаттаған тақпағын көңілдене айтып берсе, күні бойы болған топ оқиғаларын өзі баяндаса – бұл оның бейімделгенінің бірінші белгісі. Ата-ана мен педагогтар бірлесіп, балаға оң психологиялық ахуал тудыра алса ғана бала тұлғасы қалыптасып, жан-жақты дамиды. Бұл менің еңбек тәжірибемде жинақтаған қағидаларым.
Балабақшаның ел болашағы мақсатындағы маңыздылығы айқын. Әсіресе, қазіргідей күн сайын қарыштап дамыған қоғамда бүлдіршін шақтан заман ағымына ілесе алатындай қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуға бөбектердің балабақшада бейімделетіні анық. Жақсы өмір сүруге талпыныс, ортаға икемділік, салауатты өмір салтына дағдылану, міне, мұның барлығын бала мектепке дейінгі білім ұйымдарының қабырғасында жүріп үйренуі тиіс.
Бойымыздағы бар білімімізді, асыл қасиеттерімізді періште бөбектерге арнай білсек, олардың жүрегіне жол тауып, өзіндік «мені» бар дәрежеге жеткізсек, Отанды, адамзатты сүюге тәрбиелесек – міне, біздің балабақшамыздың нағыз бақыт алаңына айналғаны.
Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар.Мен тәрбиеші мамандығын таңдағанымды мақтан етемін. Бұл менің 16 жыл бойы тәрбиешілік еңбегімде көрген тәжірибем. Олай болса, білім беру, білім бере отырып тәрбие беруді әрбір тәрбиеші ұстаз жадында ұстауы қажет. Үлкен құрмет пен зор беделге жету оңай емес. Ол жылдар бойы жинақталады. Сондықтан ұстаздың бойында төзімділік, сабырлылық, байсалдылық сияқты аса қажетті қасиеттер болуы керек. Осы талаптарды әрбір тәрбиеші ұстаз тұрақты ұстанып, басшылыққа алып отырса, тәрбиешінің күш-қуаты, көңіл-күйі әрдайым жоғары, еңбегі жемісті және балаларына сенімі зор болады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *