Кемелдіктің көрінісі

Кемелдіктің көрінісі.
1995 жыл қара орман қазақтың есінде бірнеше айтулы оқиғалармен қалды. Қазақстан халықтары Ассамблеясы (2007 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясы) құрылды, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізіліп, Семей ядролық полигонының ұңғымасында соңғы ядролық заряд жойылып, ҚР Конституциясы қабылданды. Сонымен қатар 1995 жыл «Абай жылы» ретінде тарих бетінде қалды. Ойшылдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп, беделді ұйым сол жылды Абайдың құрметіне атаған болатын.
Ширек ғасыр өтті содан бері. Жиырма бес жылда Абайдың даңқы асқақтамаса, бір мысқал да кемімеді. Бұл бірінші кезекте ақынның ойларының құндылығы екені даусыз, екіншіден сол ойдан нәр алып, бойына сіңіре білген халық перзенттерінің өлшеусіз үлесі.
Ағымдағы жылдың тоғызыншы қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көргені білеміз. Ел ішінде қызу талқыға да түсті. Көптен, көштен қалмай түсінгенім мен түйгенімді сіздермен бөлісейін деп шештім.
Мақаланы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының идеясын негізге ала отырып сабақтастырады. Экономикалық қуатымыз бен саяси беделіміздің артуы рухани дүниемізден алшақтап кетпеуі керектігін аңғартқандай. Рухани жаңғыру ұлттық калоритті сақтай отырып қана жүзеге асары сөзсіз. Президент мақалада «Абай айтқандай» деп сілтеме жасау арқылы жадағай үгіттен арылған.
Ұлтты Абайша сүюге шақырады. «Абайша сүю» дегеніміз не? Ол ұлтқа жан тәніңмен қызмет ету, қате ісін түзеу, түзу ісіне қуану. Тіл үйреніп, ғылым білімге ден қою, жаңғыру мен жаңаруға ұмтылу интеллектуалды ұлт қалыптастырудың алғышарты деп білемін.
«Толық адам» іліміне де тоқталыпты. Адамгершілік, ар-ождан, жауапкершілік һәм ізгі қасиеттерді сөз еткен кісі бұл формуладан аттап кете алмас. Қоғамды құрап отырған әрбір азаматтың әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, ерік-жігері мен ақыл-ойы арқылы құрмет көрсетуге, Абайды «Еңбектің мотиваторы» деп атап, еңбектің қадірін ұғуға үндейді. Өнер үйреніп, ғаламдық өзгерістерге оң көзбен де, сын көзбен де нақты баға беріп, озық отыздыққа кіру жолында аянбай еңбектенуге шақырады.
Және материалдық игіліктің соңына түсіп, салдарынан руханиятымыздың құлдырап кетпеуін көксейді. Балансымыз бұзылмауы керек. Осы орайда Абайды Қазақстанның әлемдік брендіне айналдыру туралы ой қозғады. Ойшылдың жалпыадамзаттық мәдени капиталға қосар үлесі ұшан-теңіз. Абайды әлемге танытпас бұрын алдымен өзіміз таниық. Қара өлеңінен қанып ішіп, қара сөздерінен ғибрат алайық.
Енді мақалада айтылған торқалы тойдың тағылымдарына тағы бір тоқталсам. Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден аса іс-шара жоспарланыпты. Шығармалары әлемнің он тіліне аударылмақ. Бұл дегеніміз бірнеше миллиардтық аудитория. Деректі фильм мен «Абай» телесериалы көгілдір экран арқылы көрерменге жол тартпақ. Өткенімізді ұмытпай, келер ұрпақтың санасына сіңдіруде кино саласының бәсі басым. Бұл әлемдік пракикада кең қолданылады.
Халқымыздың қаншама дарынды ұл-қызының кіндік қаны тамған Семей шаһарына да айрықша көңіл бөлінбек екен. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріліп, тарихи-мәдени орындары жаңа талапқа сай жаңартылмақ. Тағы да басқа игілікті істер жоспарға еніпті.
Дара таланттың мұрасы ғасырлар көшінде қалып қоймай, қазақ халқымен бірге жасай береді. Әлем халқының назарында ұлтымыздың ұлы дарыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын абыроймен атқарайық. Рухани нәр алайық, атсалысайық. Абайды оқып, таңырқайық…

Алибек Талғатұлы Қысатай
«Бозанбай орта мектебі» КММ мұғалімі

Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718  

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *