Еңбек түбі береке

Токбергенова Кулайра Жидебаевна

Cабақтың  тақырыбы:    Еңбек түбі – береке

Сабақтың мақсаты: «Еңбек» адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Сабақтың міндеттері:

 

  • еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру;
  • еңбек етуге қызығушылықтарын дамыту;
  • еңбексүйгіштікке тәрбиелеу;

Көрнекіліктері: Нақыл сөздер, суреттер. т. б.

Сабақтың әдісі:   түсіндіру, топтық жұмыс,сұрақ-жауап,суретпен жұмыс.
Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылармен амандасып назарларын сабаққа аудару.

Шаттық шеңбері.

Балалар, мен сендерді бүгінгі сабақта көргеніме қуаныштымын. Сендердің күлімдеген жүздеріңді көріп сүйсініп тұрмын. Мен барлығыңды жылулық шеңбері – шаттық шеңберіне шақырамын.    

Үлкенге де «Сіз»,

Кішіге де «Сіз».

Бар адамға құрметпен,

Бас иеміз біз.

 

        Негізгі бөлім.

Ой шақыру

Сөзжұмбақ шешу арқылы сабақтың тақырыбын анықтап, мақсатын айқындау.

Сөзжұмбақ шешу

  1. Қасиетті сан (жеті).
  2. Қателігіңді түсінген кезде айтатын сөз (кешіріңіз).
  3. Біз өткен тақырып « …………… мен сауап» (обал).
  4. Үлкенге – ……………….., кішіге – ізет (құрмет).
  5. Аптаның соңғы күні (жексенбі).

 

Жарайсыңдар балалар!  Бүгінгі сабағымыз еңбек туралы болмақ. Яғни, сабағымыздың тақырыбы    «Еңбек – түбі береке» деп аталады.  

  • Еңбек дегеніміз не?
  • Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
  • Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
  • Өздерің қандай еңбекпен айналысқанды ұнатасыңдар?

Тәрбиеші:
– Еңбек адамға білім алуға, маман иесі болуғакерек екен. Еңбек етсең, қарның тоқ болады, киімің болады.

– Адам бойында қандай қасиеттер болғанда жетістіктерге жетуге болады?
Адал, еңбек сүйгіш, жалқау болмағанда, көп оқығанда, үлкенді тыңдағанда.
Еңбектің пайдасы – тәрбиелейді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға баулиды, жігерлендіреді, шынықтырады. Ия, балалар, еңбек етсең, ерінбесең барлық мақсат – мұраттарға жетесіңдер.
Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырмас азап, деген екен Абай атамыз.

Мақал – мәтел.
Енді балалар бәріміз тақтаға назар аударайықшы.

 «Еңбек түбі – зейнет», «Жақсы жұмыс – жанға тыныс», «Еңбексіз өмір – сөнген көмір», «Еленген еңбек өнімді»  деген сөздерді қалай түсінесіңдер?

1. «Еңбек түбі – зейнет». Еңбек әрбір адамды зейнетке жеткізеді. Еңбек етсең еш нәрседен кем болмайсың. Еңбек етсең барлық нәрсеге қол жеткізесің. Балалар сендердің еңбектерің сабақты жақсы оқып, әке – шешелеріңді қуанту. Жалқау, еріншек балалар үнемі 2, 3 бағаларын алып жатады. Өйткені олар еңбектеніп оқымайды.

2. «Жақсы жұмыс – жанға тыныс». Әрбір адам жұмысын бар ынтасымен тыңғылықты етіп жасаса, өзі де оған қасындағы жолдастары да риза болмақ.

3. «Еңбексіз өмір – сөнген көмір». Көмір отын екенін білесіңдер балалар. Ол жылыту үшін қажет. Ол жанбаса жылу болама? Әрине жоқ. Сол сияқты еңбек етпеген әрбір адам жылусыз сөнген көмір сияқты.

4. «Еленген еңбек өнімді». Еңбек еткен адамның еңбегі елеусіз қалған емес. Олардың аттары тарихта қалады. Мысалы, Қаныш Сәтбаев аталарың көп еңбектеніп аты елеулі. Көптеген спортшылар олар тынымсыз еңбегінің арқасында дүние жүзінде аттары әйгілі болмақ.

Иә, балалар, айта берсек еңбек туралы мақал да, тиым сөздер де көп. Еңбек түбі – береке, Еңбек етіп жақсы оқитын балалар үнемі шаттанып бізді де, ата – анасында қуантып жүреді.

Дәйексөз/Дәптермен жұмыс/

Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап

                                                                                      Абай

 Адам, ең бастысы, еңбектенуге, бір іске күш – қуатын, ақыл – ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық, еріншектік адамның өзін және өмірін тоздырады. Ал ерінбей еңбек етсең мақсатыңа, арманыңа жетесің. Арманың орындалса, өзіңді бақытты санайсың.

-Балалар, енді біз шаршаған сияқтымыз, бір сергіп алайық.

Сергіту сәті

Қырға шықсаң,өрлеп. (Қолдарын кезек-кезек жоғары көтереді.)
Мұның аты- Еңбек. (Екі қолын жаяды.)
Кесте тіксең,зерлеп. (Оң қолымен ине ұстап,тіккен қимылды көрсетеді.)
Мұның аты- Еңбек. (Екі қолын жаяды.)
Сабағыңды жөндеп (Жанындағы көршісіне қарап сол қолын жаяды.)
Әзірлесең- Еңбек.
Қиындықтың бәрін (Құшағын ашады.)
Еңбек қана жеңбек. (Екі қолын жаяды.)

 

Суретпен жұмыс.

Суреттерге қарап, еңбектің түрлерін анықтау.

 

Мысал әңгіме   «Қара пышақ»  Б. Әділов.
Қара пышақ дүкеннен шығып, ас үйге келген соң тыным таппады. Нан турады, пияз аршыды, әйтеуір тамақ дайындалып, ас қамдалса, қолдан түспейтін болды. Ол жалқау еді. Бала кезіндегі. «шалқайып жатсам» деген арманы есіне түсіп, жылап та алатын. Бір күні Қара пышақ ауыр еңбектен құтылудың оңай жолын тапты. Иесінің көзін ала беріп, еденнің жырығына қойды да кетті. «Болды,- деді ол қуанып. – Енді еңбекті желкемнің шұқыры көрсін!… Ай өтті, жыл өтті. Қара пышақ орнынан қозғалған жоқ. Оның қайда жатқанын ешкім білмейтін еді. Бір күні:
– Әй, туысқан, – деген дауысқа елең етіп қараса, еденнің жарығынанжылтылдаған көз сығалап қарап тұр екен. Бірден таныды, баяғы өзімен бірге жасалған Сары пышақ. Өзі өте көңілді, жүзі жарқ – жұрқ етеді. Сұлуланып кетіпті.
– Төмен секір, – деді Қара пышақ.- бірге жатайық. Бізді ешкім білмейді.
– Ол жерде не бар?
– Жатамыз, ұйықтаймыз, демаламыз. Ой, қандай рахат!
– Ал жұмысты кім істейді?
– Жұмыс бізсіз де істеледі.
– Рахмет! – деді Сары пышақ.
– Еңбектен қашқанша, тер төгіп өлгенім артық. Еңбексіз өмір – сүреңсіз. Өзің – ақ жата бер, рахатыңа бата бер.
Қара пышақ, орнынан тұрайын деп еді, тұра алмады. Өне бойы тот басқан. Барлық жері сынып бара жатқандай сезінеді.

*Мысал әңгімедегі Қара пышақ қандай адамға ұқсайды?
*Сары пышақтың қандай ісі сендерге ұнады?
* «Еңбексіз өмір – сүреңсіз» дегенді өздерің қалай түсінесіңдер?
– Еңбек еткен адамның өмірі қашанда  – жарық болады  екен ия.

 

Шығармашылық жұмыс

Оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс істейді.

1 – топ. Еңбек туралы мақал – мәтелдер жазып, мағынасын түсіндіреді.

2 – топ. «Еңбек – түбі мереке» әңгіме құрастыру.

Қорытынды:

Еңбек етпеген ішіп – жемейді.
Еңбек етпесең елге өкпелеме,
Егін екпесең жерге өкпелеме.
Сонымен балалар, еңбек етпеген адам еш нәрсеге де қол жеткізе алмайды екен, сондықтан да ерінбей, жалқау болмай еңбек етсек міне сол еңбегіміздің жемісін жейміз. Біздің ең бірінші еңбегіміз ол біліміміз. Міне көп оқып, тәртіпті болып, сабақты жақсы оқысақ болашақта жақсы оқу орындарына түсіп, сол оқудың, білгеннің арқасында еңбегіміздің жемісін жейміз екен. Сондықтан тек білімді болып денсаулығымызды күтіп, алға қойған мақсатымызға жетуге тырысуымыз керек.   Адам өмірінде өзіне ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе, еңбегінің өзіне де, өзгеге де пайдасы мол, жемісті болып, еліне, халқына пайдасы берекелі болады. Осымен «Еңбек түбі – береке» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *