Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жаратылыстану пәнін оқытудың маңыздылығы

ШҚО, Аягөз қаласы

«№10 қазақ мектеп-гимназиясы»КММ

Бастауыш сынып мұғалімі

Карыбаева Шынар Федровна

Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жаратылыстану пәнін оқытудың маңыздылығы

Қазіргі кезде оқушылардан білім алу үшін  өздерінің оқу үдерісіне белсене қатысуын талап етеді. Ал ол үдеріске белсене қатысу үшін балалар қалай оқу керектігін білу керек. Яғни ұстаздар қауымы «нені үйретемін?» деген сұраққа емес, «қалай оқу керектігін  үйретемін?» деген сұраққа жауап іздеу қажет.Елімізде жаңартылған білім мазмұнына көшу осы талаптарға бастайтын қадам болып табылады .

Жаңартылған бағдарламаның мәні — баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқыту әдістерінің барлық аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді (Hattie, 2011). Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың оқуды алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуын көздейтін тұжырымдамаға негізделген. Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ. Яғни, оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек.Осы орайда бастауыш сыныптарда жаңартылған білім мазмұнымен  бірге енгізілген жаратылыстану пәнінің алатын орны ерекше.

Жаратылыстану пәні бағдарламасыныңнегізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.   Пән  бойынша берілетін білімдер жүйесі оқушылардың қоршаған әлем туралы, атап айтқанда, әртүрлі денелер мен құбылыстар туралы алғашқы білімін қалыптастырады. Пән оқушының ғылыми-зерттеу дағдысын, сұрақ қою және сол сұраққа жауап табу, зерттеу жоспарын дайындау және болжам жасау, зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтерді жинақтау, өңдеу және түсіндіру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бастауыш сыныпта оқушылар пәнді меңгеру барысында дәстүрлі емес ойлау формаларына үйренеді. Ақиқатпен байланысты іс-әрекеттердің жауабын табуға, сұрақтар қоюға , ғылыми-зерттеу тәсілдерін түсініп, ойлауға және бақылауғадағдыланады. Жаратылыстану  пәнінің мақсатыбастауыш сынып оқушыларын әрі қарай жаратылыстану ғылымы пәндерін (биология, химия, физика) меңгеруге дайындау, күнделікті өмірде (үйде, мектепте, табиғатта) көрген, бақылаған құбылыстары мен үдерістерді түсіндіру, сипаттау үшін алған білімдерін пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру болып табылады. «Жаратылыстану» пәні оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Бұл пәннің артықшылығы баланың тапсырманы өздігінен ізденіп орындауы және дұрыс тұжырым жасауына бағытталуы , сондай-ақ баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын арттыру.

Баланы бастауыш сыныптан бастап мамандыққа бейімдеу — осы жаратылыстану пәнін дұрыс жүргізуден басталады.  Мектептегі  жоғарғы сыныптарда мамандыққа бейімдеу бойынша жаратылыстану – математика бағытында математика физика, география,  биология,  химия,  информатика  және  технология  пәндері оқытылады. Ал бастауыш сыныпта оқытылатын жаратылыстану пәні осы пәндерге баланы бағыттау, бейімдеу болып табылады  Енді осы жаратылыстану пәнін оқытуға тоқтала кетейік.  Жаратылыстану пәнінің  құзіреттілігін  арттыруда  қандай  әдіс-тәсілдерді  қолдану тиімді деген сұрақ туындайды. Бастауыш сыныпта «Жаратылыстану» пәнін оқытуда әр түрлі жаңа  технология  элементтерін  сабақтың   мазмұнына  байланысты жоспарлап қолдану өз нәтижесін жақсы береді. Баланың қабылдау ерекшелігі де ескерілу керек. Бұл факторларды  еске  алмай білім берілсе  ол  нәтижесіз болады. Бұл жерде мұғалім шеберлігі басты роль атқарады.  Негізі тірек сызба нұсқалары балаға берілетін білімді жеңілдетеді. Есте сақтау  қабілеті төмен баланың ойында өткен тақырып тез  сақталады Сызба арқылы білім шашыранқы түрде емеснақты беріледі.Үйренген нәрсесін сызба арқылы беруге дағдыланады. Кестелер сабақты ғылыми тұрғыдан түсіндіруге мүмкіндік береді. Баланың шығармашылық қабілеті артып өз бетінше  сызбалар құрастыруға талпынады.   Жаратылыстану пәнінде қолданылатын зерттеудің негізгі принциптері мен әдістерін меңгеру жас ұрпақтың дүниетанымын, ойлаудың ғылыми тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаратылыстану  пәнінің маңыздылығы жаратылыстану ғылымы бойынша білім беру бастауыш мектеп жасындағы білім алушылардың табиғи білімқұмарлығының дамуына, әлем туралы ой-өрісінің кеңеюіне, ғылымды түсінудің және қоршаған ортаны тұтастай қабылдауының дамуына, қоршаған ортаны қорғау және бағалай білу біліктерінің дамуына ықпал етуімен анықталады.

Бастауыш мектепте «Жаратылыстану» пәнін оқу және меңгеру қоршаған әлемнің күрделілігі мен көпқырлылығын, сондай-ақ табиғи құбылыстар мен процестердің өзара байланысын; жанды және жансыз табиғатта болып жатқан кейбір табиғи құбылыстар мен процестердің себептерін; жаратылыстану-ғылымдық білімнің адамның көптеген іс-әрекет түрлері үшін маңыздылығын; алуан түрлі практикалық және зерттеу әрекеттері арқылы алынған білімнің күнделікті өмірмен байланысын түсінуге бағытталған
Оқулық «Мен-зерттеушімін», «Өсімдіктер», «Жануарлар», «Адам», «Күш пен қозғалыс», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы», «Жарық» және «Дыбыс» сияқты оқу бөлімдерін қамтиды.Осы бөлімдер бастауыш оқу кезеңінің әрбір сыныбында « жеңілден күрделіге» қағидатына негізделеді. Әр жаңа тақырыпты толық меңгеру үшін оқулықтың бас кейіпкерлеріНегеш пен Эврика көмектеседі. Негеш пен Эврика оқушыларды ғылым әлеміне бағыттап, болжам жасауға, тәжірибе немесе зерттеу жүргізуге, табиғи құбылыстарды ашуға ынталандырады. Жаратылыстану сабақтарын келесі түрлерге бөледі: жаңа материалды үйрену сабағы; білімді тәжірибеде қолдану сабағы; оқу материалын бекіту және қайталау сабағы; білімді бақылау және есепке алу сабағы; құрамдастырылған сабақ. Сабақтың түрін таңдау сабақтың дидактикалық мақсатына байланысты жүзеге асырылады. Жеке, жұптық, топтық және ұжымдық жұмыс сабақтың барлық түрлеріне ортақ нысан болып табылады.

«Әрбір бала- болашақ данышпан» деген ойлы қағидаға мән берсек, яғни табиғи таланттарды ашу, жас талапкерлердің жарқырап көрінуіне жаратылыстану пәнінің білім мазмұны мен оны оқытудағы  мұғалімнің тиімді  әдіс- тәсілдері  негіз болары сөзсіз.

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *