Мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарымен жұмыс

Мектепке дейінгі ұйым (бұдан әрі – МДҰ) мен отбасының өзара әрекеттесу мәселесі өзекті болып табылады.

МДҰ-да және әрбір жекелеген топта тәрбиеленушілердің ата-аналарымен бірлескен қызметтің жоспары әзірленеді. Іс-шара МДҰ-ның міндеттеріне, ата-аналардың мүддесі мен қажеттіліктеріне және педагогтардың мүмкіндіктеріне жауап беретіндей болып құрылады.

Мақсаты: «Балабақша – отбасы» бірыңғай білім беру кеңістігін жасау.

Міндеттері:

·         ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру;

·         отбасы тәрбиесінің үздік тәжірибесін оқып-үйрену және жинақтау;

·         ата-аналардың балабақша өміріне қатысуға араласуы.

Қойылған міндеттерді шешу үшін әр оқу жылының басында ата-аналармен жұмыстың перспективалық жоспары жасалады, онда жұмыс мынадай бағыттарда жазылады:

·         баланы балабақшада тәрбиелеу және оқыту;

·         балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту.

Оқу жылының басында әр жас тобында топтық жиналыстар өтеді, онда ата-аналарды сол оқу жылындағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту міндеттерімен таныстырады.

Педагогикалық білімді насихаттау көрнекі үгіт-насихат жүйесі арқылы жүргізіледі. Топтарда «Ата-аналар бұрышы» безендіріледі, онда балаларды сауықтыру мен тәрбиелеу мәселелері жөнінде консультациялар орналастырылады. Арнайы папкаларда педагогтар мен психологтар құрастырған ата-аналарға арналған әдістемелік ұсыныстардың топтамасы болады.

Медбике және дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес «Денсаулық бұрышында» санитариялық бюллетеньдер шығарады, онда ата-аналар балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту мәселелері бойынша өздерін қызықтыратын барлық ақпаратты ала алады.

Жыл бойы меңгеруші, медицина қызметкері, логопед, психолог, дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушы ата-аналармен жеке консультациялар жүргізеді.

Тәрбиешілер әр айдың басында күнтізбелік жоспар жасаған кезде ата-аналармен жұмысты жазып отырады, онда жеке және топтық консультациялардың тақырыптары, көрнекі ақпараттың тақырыбы, ата-аналар комитетімен жұмыс көрсетіледі.

Ата-аналармен неғұрлым тиімді жұмысты қамтамасыз ету үшін оқу жылының басында ата-аналар әлеуметімен жұмыстың неғұрлым тиімді әрі қолайлы нысандарын анықтау мақсатында сауалнама жүргізіледі.

Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс әдістері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бірдей міндетті шешуге бағытталған:

·         балаларды тәрбиелеу мен дамытудың өзекті проблемаларын талқылау;

·         жағдайды құбылту – ата-аналарды психологиялық ұғымдардың қарапайым элементтеріне оқыту;

·         ата-аналармен бірге балалар ойындары.

Ата-аналармен жұмыстың мазмұны сан алуан нысандар арқылы жүзеге асырылады. Педагогтың мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарымен қарым-қатынасының дәстүрлі және дәстүрлі емес нысандары бар, олардың мәні – ата-аналардың педагогикалық білімдерін байыту.

Ата-аналармен жұмыстың дәстүрлі нысандары

·         Ата-аналар жиналысы, конференция, дөңгелек үстел және т. б. енетін ұжымдық нысандары. Топтық ата-аналар жиналыстары – тәрбиешілердің ата-аналар ұжымымен пәрменді жұмысының нысаны, оларды балабақша мен отбасы жағдайында белгілі бір жастағы балаларды тәрбиелеудің міндеттерімен, мазмұнымен және әдістерімен таныстыруды ұйымдастыру нысаны. Ата-аналар жиналыстарында сөйлеуге балабақша мамандары (дәрігер, логопед, психолог және т. б.) тартылады.

·         Жеке нысанға ата-аналармен жүргізілетін педагогикалық әңгімелер жатады, бұл – отбасымен байланыс орнатудың ең қолжетімді нысандарының бірі. Әңгіме дербес нысанда жүргізілуі немесе басқалармен бірге қолданылуы мүмкін, мәселен, ол жиналысқа енгізіледі, отбасына бару түрінде болады.

Мақсаты: жоспарланған немесе басқа мәселе бойынша пікір алмасу.

Ерекшелігі – тәрбиеші мен ата-аналардың белсенді қатысуы. Әңгіме ата-аналардың да, педагогтың да бастамасымен стихиялық түрде туындауы мүмкін. Әңгіме нәтижесінде ата-аналар мектеп жасына дейінгі баланы оқыту мен тәрбиелеу мәселелері бойынша жаңа білім алуға тиіс.

·         Көрнекі-ақпараттық әдіс ата-аналарды балалар тәрбиесінің талаптарымен, міндеттерімен, мазмұны және әдістерімен таныстырады, балабақшаның рөлі туралы атүсті пікірді жеңуге ықпал етеді, отбасына практикалық көмек көрсетеді. Бұл – фотосуреттер, балалар жұмысының көрмелері, стендтер, перделер, буклеттер және т. б.

Ата-аналармен жұмыстың дәстүрлі емес нысандары

Ата-аналармен қарым-қатынастың дәстүрлі емес нысандары кең қолданылады. Олар ойын-сауық бағдарламаларының түрі, ойын түрінде құрылған және ата-аналармен формалды емес байланыс орнатуға, олардың назарын балабақшаға аударуға бағытталған. Ата-аналар өз балаларын жақсырақ біле бастайды, өйткені оны басқа, өздері үшін жаңа жағдайда көреді, педагогтармен жақындаса түседі. Ата-аналар мен балалардың бірлескен жұмысының көрмесін ұйымдастыруға болады.

«Ата-аналармен өзара әрекеттің тәсілдері» жаднамасы

·         Педагогтардың ата-аналармен тілектестік стиліндегі қарым-қатынасы. Қарым-қатынастағы позитивтік жүріс-тұрыс педагогтардың ата-аналармен бүкіл жұмысының ең берік іргетасы болып табылады. Тәрбиешінің ата-аналармен қарым-қатынас жасағанда үзілді-кесілді пікірге сүйенуі, талап ету екпінімен сөйлеуі орынсыз. Егер тәрбиеші өзі үшін ата-аналармен түзу қатынастың нақты формаларын қалыптастыра алмаса, балабақша әкімшілігінің отбасымен өзара әрекетінің тамаша ойластырылған кез келген үлгісі «қағаздағы үлгі» түрінде қалады. Педагог ата-аналармен күн сайын қарым-қатынас жасайды, тұтас алғанда отбасының балабақшаға деген қарым-қатынасының қандай болатыны тәрбиешіге байланысты. Күн сайын педагогтардың ата-аналармен тілектестік ниеттегі өзара әрекеті жеке түрде жақсы өткізілген іс-шараға қарағанда неғұрлым маңызды.

·         Жеке тәсілдеме. Балалармен жұмыста ғана емес, ата-аналармен жұмыста да керек тәсіл. Тәрбиеші ата-аналармен қарым-қатынас жасай отырып, жағдайды, олардың көңіл күйін сезінуге тиіс. Мұнда тәрбиешінің ата-аналардың алаңдаушылығын басуға, жанашырлық танытуға және сол немесе басқа жағдайда балаға қандай көмек беруді бірге ойлауға қатысты адами және педагогикалық қабілеті іске асады.

·         Ақыл беру емес, ынтымақтастық. Қазіргі ата-аналар негізінен сауатты, бәрінен хабардар және, әрине, балаларын қалай тәрбиелеуді жақсы біледі. Сондықтан педагогикалық білімді насихаттау мен ақыл беру бүгінде оң нәтижеге жеткізе бермейді. Күрделі педагогикалық жағдайларда отбасының өзара көмегі мен қолдау ахуалын жасау, отбасы проблемаларын шешуде балабақша ұжымының мүддесін көрсету мен шынайы көмектесуге деген ниет неғұрлым тиімді болмақ.

·         Байыппен дайындаламыз. Ата-аналармен жұмыстағы кез келген, тіпті ең шағын іс-шараның өзін мұқият және байыппен дайындау керек. Бұл жұмыста ең бастысы – жекелеген, өзара байланыссыз іс-шаралардың саны емес, сапасы. Нашар дайындалған ата-аналар жиналысы немесе семинар тұтас алғанда мекеменің оң беделіне жағымсыз әсер етуі мүмкін.

·         Динамикалық. Балабақша бүгінде жұмыс істеу емес, даму режимінде болуға тиіс, мобильді жүйеге икемделіп, ата-аналардың әлеуметтік құрамының өзгерісіне, олардың білім берудегі қажеттіліктеріне және тәрбиелеуге қатысты сұраныстарына тез үн қатуы керек. Осыған байланысты балабақшаның отбасымен жұмысының түрлері мен бағыттары өзгереді.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *