Көпірме адамгершілік көп зиян

Көпірме адамгершілік ілімдердің зияны көп-ақ
Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болуда. Педагогиканың іркіліс, кешеуілдеуі адамдардың даму дағдарысына алып келеді, яғни ғылыми- техникалық прогрестің баяулауына соқтырады. Сондықтан да педагогика қалаған дерек көздерінен педагогикалық жаңа білімдерді теріп, жинақтап,зерделеп бір арнаға тоғыстыруы қажет. Педагогиканың дамуына себепші көздер-адамдардың өмір салтында, дәстүрлерінде, халықтық тәлім-тәрбиеде бекіген көп ғасырлық тәрбие тәжірибесі, іс-қызметтері; философиялық, қоғамтану, педагогикалық және психологиялық еңбектер; әлемде және елімізде жүріп жатқан тәрбие тәжірибесі; арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеулер деректері; жаңа идеялар, жаңарған бағдар-бағыттар, жылдам өзгерістерге ұшыраған бүгінгі дүниедегі тәрбиенің тиімді соңғы технологиялары.Педагогика баланы оқыту, тәрбиелеу тәжірибе-лерін қорытып, тәрбие және даму үшін қажетті жағдайларды анықтайды.әдістері қарастырылады.Бұл — кешегі күнгі түсінігіміз еді. Бірақ соңғы кезеңдерде өмір (заман, қоғам) талабына сай тұлға ретінде қалыптасып жетілу үшін тек балалар ғана емес сонымен қатар ересектер де білікті педагогикалық басшылықты қажет ететіндігі мойындалуда. Сондықтан, қазіргі кезеңдегі педагогика –тек балалар тәрбиесі туралы ғылым ғана емес, ол сонымен қатар жалпы адамзат баласының тәрбиесі туралы ғылым.
Жалпы өткен ғасырда педагогикалық-психологиялық ой-сананың дамуында әлемде,іргелі зерттеулер мен зерделеудің нәтижесінде таңғаларлық тамаша тұжырымдар мен теориялық педагогикалық пайымдаулар өмірге келгені белгілі.Ал,осы ғасыр психологияны төрге шығарып барады.Екінші жағынан,осы уақытқа дейін тəрбиелік қызмет дәл кәзіргідей мұншама қиын, күрделі жəне жауапкершілігі жоғары болып көрген емес. Дүние басқаша кейіпте болған, онда бүгінгі жасұрпаққа төніп тұрған қауіп-қатерлердің кейбір түрлері тіпті болмаған. Отбасында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектепте болашақ азаматқа қандай негіз қаланса,оның болашақ өмірі мен бақыты, бүкіл қоғамның берекесі соған тəуелді болып тұр.Сіз,Жаңа Қазақстанның жаңа ғасырлық даму алғашқы ширегінде қоғамға қосылған жастардың бір бөлігінің дүниетаным көзқар-асына,сенім-нанымына шамалы ғана көз жүгіртіп көріңіз… Бүғінгі мектеп партасында отырған жас ұрпақ-осы ғасырдың басындағы әріптестерінен дүниетанымы,ой өрісі,өресі де тіптен бөлек.Олар материалистік дүниетанымға сүйеніп жасалған,ашылған ғылми жаңалықтарды оқып-үйреніп жатыр. Сондай-ақ,интернет арқылы,кейбірі шет елге шығып (саяхатта болу,халықаралық жарыс сайыс,олимпиада,конференцияларға т.б. қатысып) ғылымның сан түрлі мәліметтері мен ақпараттарына қанығуда.Осы шақта,екі-үш шет тілін үйреніп,білімге қол жеткізіп жүрген жеткіншектер де бар.Бұл тұжырымды тек мектеп оқушыларына ғана тән заманауи болмыс бітім ғана емес барша жұртқа бағыттап айтсақ та артық айтқандық болмайды.Адамдар күнделікті тұрмыста , өмірде, діни, ресми және халықаралық мейрам-мереке,айтулы даталарға қатысып,салт-санасында көпқырлы наным-сенім орнығуда.Міне рухани жаңаруға іліккен қазақ халқының бүгінгі азаматын бір ғана педагогикалық теориялық ұстаным, қағидамен тәрбиелеймін деп құлшыну нағыз бейшоралық болар еді.Заманның өзі,өмірдің өзі тәрбиелеудің ғылыми негіздерін бір арнаға тоғыстыруды талап етеді.Екінші жағынан,өмірімізге,салт-санамызға сан түрлі « көпірме адамгершілік ілімдер,рухани азықтар» шелектеп құйылып,шеміршектен тойғызып отыр.
Осы «тоқтықтың» әсерінен кейбіріміз кекіріп,кейбіріміз ықылық атып құсып жүрміз. Ал,естиярлар:«Жастар тәрбиесі уысымыздан шығып кетті»-деп,айқайласа,естілер:
«жастардың,ұрпақтың келешегін уайымдап» алаңдаулы. Бұл мәселені,қолға алып,ел аумағында , мәселе көтеріп,оның жүзеге асырылуына мұрындық болып, іс тындырып жатқандар әзірге көрінбейді.Үйреншікті әдетімізге басып, «жыл жариялап,отырыс өткізіп,комиссия тағайындап,бағдармалар жасап» қағаз толтырумен келеміз. Осы жерде «көпірме адамгершілік атты коммунистік тәрбие безінің» табиғатына қысқаша тоқталған жөн болар. Адамгершілік –адамның рухани арқауы. Ал адам пейілінің кіршіксіз таза болуы- адамгершіліктің асқар шыңы.Адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерінің арқасында ардақты болады.Рухани-адамгершіліктің негізі-имандылық пен ізеттілік.Осы екеуінен ажыраған адамгершілік туралы ілімдер көпірме адамгершілік аталады. Ғасырлар бойына небір ойшылдар адамшылық жайында ұлы сөздер айтып, соны негізге алған небір жарқын ілімдер ойлап тапты. Бірақ, олар сөз жүзінде ғана өрбіген адамгершіліктің небір асқақ көріністерін жасағанмен іс жүзінде, қарапайым өмірде ол ілімдерге сұраныс болмай, тірлік қисыны өз дегенін істеп, пендешіліктің тасы жоғары өрлеумен болды.Оның басты себебі, күйкі тірлікте тұрмыс қамын, бас қызығын ойлап, одан әріге көп бойлай қоймайтын көпшілік үшін «адал бол, ар-ұятыңды сақта, адамгершілік парыздарыңды ұмытпа» деген құрғақ уағыз «бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып кететін», тіпті кекесін тудыратын жалтыр сөздер ғана болып қабылданады.Мұндай әсем де асқақ сөздерге елігіп, өздерін осы адамгершілік тағлымға лайық ұстамақ болған жандар болса өмірде қосымша қиындықтарға душар болып, өздерінің лайықты істеріне қайтарым көрмей, әділдіктен түңіліп сағы сынумен болады. Олай болса, адамгершілікті құрғақ насихаттайтын мұндай ілімдер, шын мәнінде, адамдарды ізгілікке тәрбиелейтін ілімдерден көрі оларды әділдіктен түңілдіріп, адамгершіліктен жеріндіретін ілімдер болып табылады. Мысалы, «Коммунизм құрылысшыларының моралдық кодексі» есіңізде шығар. Ол,совет адамын жан сарайын айқындайтын алтын ережесі еді ғой!Комунистер оны қайдан алып еді?Жалпыадамзаттық рухани құндылықтардан екшеп,теріп алған-ды.Негізгі мақсатты: аршыған жұмыртқадай,бір тілді,бір ділді совет адамын қалыптастыру болды.Оны интернацонализм рухында жүзеге асыруға талпынды.Ұлы орыс халқы аға,ұсақ ,бұратана ұлттар іні аталып туысып кеттік.Оның соңы тілімізден,дінімізден,ділімізден,ел жерімізден айрылған құлақкесті құл болып,мәңгүртенген тобыр болып шыға келдік.Көпірме адамгершілік бүгіндері біздің қоғамда әлі де ғұмыр кешуде.Айталық, «Өзін-өзі тану ілімі!» Осы аттас пән де жасап алдық.Мектептерде оқытып жатырмыз.Оны үйрететін мұғалімді де дайындап қойдық.Жалғастырып оқыта беретініміз айқын.Жалпы,өзін-өзі тану жөнінде, қазақтың адамтану ілімінде ,мол мағлұмат,терең білім,нақты ұстаным бар. Мысалы, А.Яссауи,Ы,Алтынсарин,Қ.Абай,Қ.Шәкерім,А.Жүнісбек,Ж.Мағжанның өз-өзіндік ұстан-ымдары мен жолдары бар.Ал,адамтану қазақ ілімінде,балатану,тектану,кісітанулық айқын ережелер мен жол-жоралар көп-ақ.Шет ел ғалымдары Э.Эриксон, К.Дьюбайс, У.Майшел, З.Фрейд,М. Монтессори, К. Роджерс ,А.Маслоу,Р. Штайнердің еңбектерінде адам ғұмыр-ының әр кезеңдерінде өзін-өзі тану жолы,амал-айласы,әдіс-тәсілдері тамаша сараланған. Ал,мектептерімізде оқытылып жатқан «Өзін-өзі» тану пәнінің оқулықтарында осы әдіс амалдың қай-қайсысы да жоқ.Ал,дайындаған мұғалімдеріміздің өзі олар туралы толық мағлұмат алып,өзін-өзі тану әдіс –тетіктерін игермеген екен. І-ІҮ сыныпа арналған «Өзін-өзі тану» пәнінің жаңа оқулығына танысып көрсеңіз,осы жастағы оқушылар өзін-өзі тану үшін не біліп,не істей алатындығы айқын емес, табылмайды.Мұндағы мәтіндер,ана тілі,әдебиеттік әңгімелер,ән-музыка пәндерінде бұрын болған мәтіндерді рухани-адамрершілік тәрбие мазмұнына сай іріктеген болып,теріп енгізген екен.Осы сыныптарда «Дүниетану» деген тағы бір пән оқытылады екен.І сыныпқа арналған «Дүниетану» пәнінің оқулығы ,алдыңғы оқулыққа салыстырсаңыз нақтылы өзін-өзі тану пәні оқулығына жақынырақ болып шыққан.Бұдан шығатын қорытынды: пәндердің стандарты анық емес,өзін-өзі тану пәніне қандай ұғымлар мен тұсініктер,білім мен біліктер қай сыныпта қалай болатындығы бағдарламаларда нақтыланбағаны көрініп тұр.І-ІҮ-сыныпқа арналып жазылған жалпы жаңа оқулықтарға зер слсаңыз оқулыққа қойылатын заманауи талаптан алшақ жатыр.Әлем педагогикасында: «Оқулық дегеніміз мұғалім жоқ жерде оқушыны жетелейтін құрал.Ол-тек оқушыға арналады.» Ал,біздің оқулықтарымыз «мұғалім жоқ жерде, оқушыларды адастыратын құрал» болып кетуі мүмкін. Өмірді тану — ғылым, Өзіңді тану – өнер екенін ұмытпаған жөн.

Көпірме адамгершіліктің тағы бір түріне- дәл осы кездегі дін жолындағы бауырлардың, қазалы отбасында,аза үстінде, діни уағыз ,насихатта заманақыр,қияметқайым,ахирет туралы көп айтып,иманды жұрт қалыптастыру ниеті жатады. Діндар,дінді насихаттаушы бауырлар!Қазақ үшін,имандылыққа баулу дегеніміз діни уағыз да,насихат та емес, имандылық адами асыл қасиет.Осы асыл қасиетті барша қазақтың бойына сіңіруді мұрат тұтуымыз қажет.Имандылыққа баулу қазақ ілімі бар,баршаны имандылыққа баулып келген тәжірибеміз бар-текті ұлтпыз.Сенің кәзіргі жасап жүрген көлгір насихатың,жалаң сөзің жұртты жалықтыруы әбден мүмкін. Қазақтың үлттық психологиясына тән имандылық қасиеттің ерекше бір көрінісі -бауырмалдық.Мұнда жиналған жамағат-азалы топ-осы бауырмалдық қасиеттің жетегінде келген, маркұмға,оның артта қалған отбасына,ұрпақ жұрағатына көңіл айтып,сабырлаққа шақырып, бет көріп,бір уыс топырақ салып,бата жасап,қоштасуға, рухани және ырысты көмек беруге ниеттегі жандар.Оны қазақи дәстүрмен,үлгілі жол-жосынымен атқарып жатқаны да бар,ол жайында еш хабары жоқтар да бар.Қазалы отбасының ағайын-туыстары марқұмды соңғы сапарға аттандыруға тиісті іс-әрекет,рәсім-тәмсілге шорқақ болуы да ықтимал.Міне,осы тұрғыдан келіп,оларға көмек көрсетіп, жетелеп кетуді мақсат етіп,уағыз-насихатың осы іспен астарласып жатқаны абзал. Адам күйзеліске ұшыраған жағдайда уайымдау, кінә тағу, ашыну арқылы емес, мәселені байсалды ақыл–парасатымен шешіп, өмірге шыдамдылықпен қарап,бар қиындыққа төтеп беруге дайын болуға, оның тағдырын ұлы күш анықтайды деген сеніммен алға жылжып, өмірге, ортасына, тағдырына деген бойында сенімділігі ұялап, қанағат тұтушылықпен өмірді сол қалпында қабыл алуы керектігін жиналған жұрт біліп қайтса қандай жақсы!Сондай-ақ,марқұмның соңында қалғандарға дұрыстап,көңіл айта алмайтын,оның жол-жоралғысын білмейтін жастар бүгіндері көп болып барады,соны жөнге салуға,ұқтырып үйретуге көңіл бөлу керек.Ал,имани үгіт-насихат марқұмды еске алу,аза тұту шақтарында ,әрине ұлғайып ұласуы шарт.

Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы) 27,05,2019

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *