Эссе ««Маған ғылым мен шығармашылық әлемін ашқан мұғалім»»

Мектеп дейтін зәулім сарайдың табалдырығын ең алғаш рет имене аттаған сәтте мені қарсы алған нұр жүзді аяулы жан – менің Ұстазым. Әжемнің әлдиін естіп, анашымның аялы алақанын сезініп келген мен тәрізді сарыауыз балапан — балаға алғашында  бәрі таңсық, бәрі таныс емес еді. Күлімсіреген Ұстазымның ұстатқан алғаш кітабы менің кіп — кішкентай санама Ұлы төңкеріс жасаған Әліппе болатын. Атам айтатын «Білім – өмір шырағы» дейтұғын нақыл сөздер бекер айтылмаған ба?! Дәл осы күннен бастап мен қолыма ғылым мен  білімге бастап апарар  өмірдің  шырағын  ұстаппын. Нәп – нәзік саусақтарым дір-дір етіп, дәптердің аппақ бетіне алғашқы әріптерді жазуды үйрендім. Жүрегіме жылы да, жақын сөздер «Ана», «Отан» сөздерінің қасиетін де ұғындырған өзіңсің Ұстазым.

Күннен – күнге қауырсын қанаттарым қатая түсіп, мені қоршаған сұлу әлемнің құпияларын білуге асықтым. «Талап» дейтін тұлпарға мініп  биіктерді бағындыруды армандадым. Өйткені,  мендей әрбір жас түлекті баулитын ұлағатты ұстаз бар!

Біз – тәуелсіз елдің балдырғандарымыз. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Өнер, ғылым, білім сәт сайын қарыштап дамуда. Әрбіріміздің бойымыздағы дарын, таланттылық қабілеттері емін – еркін көрсету үшін, ашу үшін барлық жағдай жасалған. Инженер, ақын, суретші дейсің бе, кім болғың  келеді, тек қана өз бойыңнан еңбекқорлық пен ізденімпаздықты таба білсең болғаны. Міне, мен осындай жарқын заман ұланымын. Ұлағатты Ұстазым қалың тұманда адастырмай жол тауып беретін компас сияқты.  Ел үшін қызмет қылатын ақылды азаматтар сіздердің алдарыңыздан өтеді,  ұстаздар.

«Өзгенің бақытын аялағаны үшін, өз уақытын аямаған» Ұлы жандардың еңбегіне шексіз алғысымды айтамын. Ыстық ұясынан алысқа ұзап шықпаған сарыауыз балапандар еліміздің ертеңі.

Диқаншы жерге сепкен дәнін ұзақ баптап күтеді, күзде жинап алады. Ал мұғалім өз еңбегінің жемісін жылдар бойы сарылып ұзақ күтеді, өткені ол адамның ақыл-ойын тәрбиелейді. Оның еңбегінің жемісі – ақылды, дарынды, талантты, жақсы адамдар.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *