21 ғасырдағы мектеп қандай болуы қажет?

Қазіргі таңда мектеп — бала жанының дамуына үлкен үлес қосатын алтын ұя. Онда өткен әрбір күн —  балаға рухани азық беріп, кемел келешекке жетелейді. Алайда мектеп өзінің осы қасиеттерін сақтау үшін міндетті түрде заман талабына сай болуы қажет. Ендеше, 21 ғасырдағы заманауи мектеп қандай?

Қазақта «Білім- инемен құдық қазғандай» деген керемет нақыл сөз бар. Білімнің шыңын табу қиын. Алайда, мектеп сол шыңға бағыттаушы орта болуы қажет деп ойлаймын. Сол себептен де, біріншіден Қазақстандағы әрбір заманауи білім ордасы балалардың жазу-оқу үйренуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Себебі білім бар жерде — саналы ұрпақ бар. Ал саналы ұрпақ – келешектің кепілі.

Әлемдік аренада үздік елдердің барлығы дерлік білім саласына жіті назар аударады. Біздің де, дамыған отыз елдің қатарына кіріп, «Мәңгілік ел» атануды қаласақ, ең алдымен мектептерді заман талабына сай етуіміз керек. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы оқу ордаларында 405 мың компьютер бар, оның 162 мыңы яғни 40 % ғана жарамды. Бұл дегеніміз оқушылардың көп бөлігі цифрлық дамудан мақұрым қалып жатыр. Ал қазіргі заманда компьютер тілін білмеу біз үшін ауыр сын. Сол себептен де, оқушыларды қажетті техникамен қамтамасыз еткен жөн.

Менің қарастырғым келетін үшінші мәселе – мектепте демалыс орындарының, яғни  коворкинг зоналарының болуы.  Демалыс орындары арқылы баланы күйзеліс күйінен, сонымен қатар ауыр күннен кейінгі шаршаудан сақтай аламыз. Бұл оқушыларға қызық сәттерді ғана қалыптастырып қоймай, мектеп имиджін көтеруге көмектеседі.

Мектеп түлегі ретінде, оқушылардың комфорт жағдайда білім алуы олардың зейінін ашатынына сенімім мол. Сол себептен де білім ордасының балаға ыңғайлы болуы білімді ұрпақты қалыптастыратыны анық.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *