2026 жылғы 1 қыркүйекте Білім күнін және Бірыңғай сынып сағатын өткізу жөніндегі ұсынымдар 

Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында 2026 жылғы 1 қыркүйекте Білім күнін және Бірыңғай сынып сағатын өткізу жөніндегі ұсынымдар

2026–2027 оқу жылын ұйымдасқан түрде бастау, білім беру және тәрбие саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, білім алушылардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттік рәміздерге, заңға, еңбекке, экологиялық мәдениетке және азаматтық жауапкершілікке құрметін қалыптастыру, сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі осы ұсынымдарды әзірледі.

Жаңа оқу жылындағы тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарына негізделеді және адал, жауапты, еңбекқор әрі білімді, заңды, қоршаған ортаны, еңбек адамы мен Отанын құрметтейтін азаматты қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы, «Заң және тәртіп» және «Адал еңбек» қағидаттары арқылы іске асырылады.

Осы ұсынымдар меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының барлық білім беру ұйымдарында Білім күні мен Бірыңғай сынып сағатын ұйымдастыру мен өткізудің бірыңғай тәсілдерін айқындайды.

Білім күнін өткізу туралы

2026–2027 оқу жылында Білім күні 1 қыркүйекте салтанатты іс-шара форматында өткізіледі. Іс-шараның ұзақтығы – 45 минутқа дейін.

Білім күніне арналған салтанатты іс-шараға сыныптардың немесе топтардың қатысуын білім алушылардың мектептегі немесе колледждегі санына қарай білім беру ұйымының басшысы айқындайды.

Білім күні білім алушылардың іскерлік киім үлгісіне және білім берудің зайырлы сипаты қағидатына сәйкес келетін мектеп формасына қойылатын талаптарды, сондай-ақ білім алушылардың сыртқы келбетінің ұқыптылығы мен жинақылығына қойылатын талаптарды сақтай отырып өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау міндетті түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Білім басқару органдары мен білім беру ұйымдарының басшылары Білім күніне арналған іс-шараларды білім алушылардың, педагогтердің, ата-аналардың (заңды өкілдердің) және іс-шаралардың өзге де қатысушыларының қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып өткізуді қамтамасыз етуі қажет.

Іс-шараларды ұйымдастыру кезінде ата-аналардың білім беру процесінің тең құқылы қатысушылары ретінде қатысуын қамтамасыз етіп, балаларды тәрбиелеу мәселелерінде отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету қажет.

Мектеп ұжымында құрмет, өзара көмек, ізгі ниет пен бірлік ахуалын қалыптастыруға, өз мектебіне, өңіріне және Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет.

Салтанатты іс-шараларды өткізу кезінде ауа райы жағдайларын ескеріп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларды өткізу орнын білім беру ұйымының ғимаратында немесе оның аумағында айқындау ұсынылады.

Білім күнін салтанатты, мазмұнды және тәрбиелік бағытқа негізделген атмосферада өткізу ұсынылады.

Бұл ретте:

  • көрсетілім үшін жасалатын сән-салтанат элементтеріне;
  • ата-аналардың (заңды өкілдерінің) негізсіз қаржылық шығындарына;
  • ақша жинауға;
  • әлеуметтік әділеттілік, теңдік пен баланың құқықтарын құрметтеу қағидаттарына қайшы келетін өзге де әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.

Оның ішінде білім беру ұйымдарында қымбат гүл шоқтарын және басқа да қымбат сыйлықтарды сыйлау тәжірибесіне жол берілмейді.

Осы ұсынымдарды іске асыру барлық білім алушылар үшін тең жағдай жасауға, ата-аналардың (заңды өкілдердің) негізсіз қаржылық шығындарының алдын алуға, құрмет пен өзара түсіністік ахуалын нығайтуға, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.

Бірыңғай сынып (кураторлық) сағатын өткізу туралы

Бірыңғай сынып сағатының тақырыбы

«Қазақстан Республикасының Конституциясы – Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі»

Бірыңғай сынып сағатының негізгі мақсаты – білім алушылардың білім, адал еңбек, заңға бағыну, заңды бұлжытпай орындау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және белсенді азаматтық ұстаным Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен әрбір азаматтың әл-ауқатының негізі болып табылатынын түсінуін қалыптастыру.

Сынып сағаты барысында Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларды ілгерілетуге, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев айқындаған:

  • «Адал азамат»;
  • «Таза Қазақстан»;
  • «Заң және тәртіп»;
  • «Толық адам»;
  • және басқа да идеологемаларға

баса назар аудару қажет.

Сонымен қатар оқу мәдениетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының негізгі міндеттерін атап өту маңызды.

Бұл күні өңірлер мен аудандардың бірінші басшыларының педагогтер мен білім алушыларды құттықтауын ұйымдастыру, сондай-ақ олардың білім беру ұйымдарына баруын қарастыру ұсынылады.

Сынып сағатына шақыру ұсынылады:

  • білім беру саласының еңбек ардагерлерін;
  • жергілікті атқарушы органдардың және білім басқару органдарының өкілдерін;
  • қамқоршылық кеңес мүшелерін;
  • білім алушылардың ата-аналарын (заңды өкілдерін).

Бірыңғай сынып сағатын өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарының әрбір адамның күнделікті өмірімен өзара байланысын ашып көрсету ұсынылады.

Адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің азаматтық міндеттерді орындаумен, заңдарды сақтаумен, мемлекеттік рәміздерді, қоғамдық тәртіпті, табиғатты және еңбекті құрметтеумен ажырамас байланысын атап өту қажет.

Сынып сағатын өткізудің интерактивті формалары

Бірыңғай сынып сағатын өткізу кезінде жұмыстың заманауи интерактивті нысандарын пайдалану ұсынылады:

  • ашық диалог;
  • пікірталастар;
  • өмірлік жағдайларды талдау;
  • топтық жобалар;
  • тақырыптық бейнематериалдар;
  • шығармашылық тапсырмалар;
  • мектепті, елді мекенді және Қазақстан Республикасын дамытуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды талқылау.

Білім алушылардың:

  • мектеп аумағының тазалығын сақтауға;
  • мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарауға;
  • білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелерін сақтауға;
  • қоғамдық орындардағы мінез-құлық нормаларын ұстануға;
  • цифрлық этиканы сақтауға

қатысты жеке жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аудару ұсынылады.

Біртұтас тәрбие кеңістігін қалыптастыру мақсатында сынып сағатының мазмұнына «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын, сондай-ақ қауіпсіз және әділетті қоғамның негізі ретінде «Заң және тәртіп» қағидатының маңызын талқылауды енгізу ұсынылады.

Кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін және Білім күніне арналған іс-шараларды өткізу алдында жергілікті атқарушы органдардың, білім басқару органдарының және білім беру ұйымдарының басшылары білім беру объектілерінің кешенді дайындығын қамтамасыз етуі қажет.

Бұл ретте:

  • білім алушыларды қауіпсіз тасымалдауға;
  • балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
  • білім беру объектілерінің құрылысын және жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауға;
  • объектілерді пайдалануға беруге

ерекше назар аудару қажет.

Білім алушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша

  • Балаларды білім беру ұйымдарына дейін және кері қарай үздіксіз әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету.
  • Білім алушылардың тізімдерін, мектеп автобустарының бағыттары мен қозғалыс кестелерін, отырғызу және түсіру орындарын өзектендіру.
  • Мектеп автобустарының техникалық жарамдылығын, қажетті құжаттарының болуын және міндетті техникалық қарап-тексеруден өтуін қамтамасыз ету.
  • Аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп, тасымалдау бағыттарында және білім беру ұйымдарына жақын аумақта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша

  • Ғимараттардың, аумақтардың, инженерлік желілердің, эвакуациялық шығу жолдары мен эвакуациялау жолдарының жай-күйін қоса алғанда, білім беру ұйымдарының дайындығына кешенді тексеру жүргізу.
  • Бейнебақылау жүйелерінің, дабыл түймелерінің, хабарлау және қолжетімділікті бақылау жүйелерінің жарамдылығын қамтамасыз ету.
  • Өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
  • Төтенше және штаттан тыс жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар бойынша қызметкерлерге нұсқама өткізу.
  • Полиция органдарымен бірлесіп, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша, әсіресе Білім күніне арналған іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша шаралар қабылдау.

Білім беру объектілерін салу, жөндеу және ашу бойынша

  • 2026–2027 оқу жылының басында ашылуы жоспарланған объектілердің құрылысын, реконструкциясын және күрделі жөндеуін белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету.
  • Құрылыс дайындығы төмен және жұмыстарды уақытында аяқтамау тәуекелі бар объектілерді ерекше бақылауға алу.
  • Құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтауды қамтамасыз ету.
  • Инженерлік коммуникацияларға қосуды қамтамасыз ету.
  • Аумақтарды абаттандыруды қамтамасыз ету.
  • Жиһазбен, оқу жабдықтарымен және қауіпсіздік құралдарымен жарақтандыруды қамтамасыз ету.
  • Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдерінің қатысуымен жаңа білім беру ұйымдарының салтанатты ашылуын және тиісті ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету.

Балалардың тамақтануын ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 4 желтоқсандағы № 236-VIII ҚРЗ «Мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 2026 жылдан бастап білім беру ұйымдарының оқу жылына дайындығын, оның ішінде тамақтану орындарының тамақтануды ұйымдастыруға әзірлігін проактивті бағалауға мүмкіндік беретін объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізу енгізілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 51-2-бабына сәйкес білім беру ұйымдарына қатысты бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі белгіленіп, субъектіні бақылау іс-шарасының басталғаны туралы алдын ала хабардар ету алынып тасталды.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп:

  • оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарының дайындығын бағалау;
  • тамақтану орындарының жай-күйін бағалау;
  • санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бағалау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу;
  • анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау

қажет.

Оқулықтармен қамтамасыз ету туралы

Жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабына сәйкес және Оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларында (ҚР БҒМ-нің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығы) білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуі белгіленген.

2026–2027 оқу жылында жергілікті атқарушы органдар 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтарды сатып алады.

3-сыныптар үшін:

  • «Қазақ тілі» (Т1/Т2);
  • «Русский язык» (Я1);
  • «Әдебиеттік оқу/Литературное чтение»;
  • «Дүниетану/Познание мира»;
  • «Математика» (қазақ/орыс);
  • «Музыка» (қазақ/орыс).

7-сыныптар үшін:

  • «Дүниежүзі тарихы/Всемирная история».

Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктеріне

1. Іс-шараларды ұйымдастыру

Іс-шаралардың сапалы өткізілуін және олардың осы ұсынымдарға сәйкес тәрбиелік-құндылық бағыттылығын қамтамасыз ету.

2. «Мектепке жол» акциясы

Ағымдағы жылғы 10 тамыздан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындауға бағытталған «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру.

3. Бақылауда ұстауды қажет ететін мәселелер

  • Жалпыға бірдей міндетті білім беру аясында білім алушылардың жекелеген санаттарын материалдық және қаржылай қолдауды қамтамасыз ету.
  • Оқулықтарды сатып алу және тасымалдау.
  • Білім беру ұйымдарын педагог кадрлармен қамтамасыз ету.
  • Білім беру ұйымдарында білім алушылар мен олардың ата-аналары арасында мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру.

4. Жаңа білім беру ұйымдарын ашу

Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдерінің жаңа білім беру ұйымдарын, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынған объектілерді ашуға арналған салтанатты іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету.

5. Оқу жылына дайындықты бақылау

Білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға дайындығына, балаларды тасымалдау және олардың болу қауіпсіздігіне, сондай-ақ объектілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауға дербес бақылауды қамтамасыз ету.

6. Санитариялық талаптар мен балалардың қауіпсіздігі

Білім беру ұйымдарының дайындығын, тамақтану блоктарының жай-күйін және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізу.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мақсатында анықталған бұзушылықтарды дереу жою жөнінде шаралар қабылдау.

7. Оқулықтармен қамтамасыз ету

Ағымдағы жылғы 30 тамызға дейін білім беру ұйымдарын:

  • 3 және 7-сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтармен;
  • қосымша сатып алу есебінен білім алушылар контингентіне сәйкес қажетті мөлшердегі оқулықтармен

қамтамасыз ету.

8. Ақпарат жолдау

Ағымдағы жылғы 3 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне өңірде Білім күнін атап өту туралы мәтіндік ақпарат жолдау қажет.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне

  1. Білім күніне арналған іс-шаралар өткізілетін орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту.
  2. Іс-шаралар өткізілетін орындарда және оларға іргелес аумақтарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Оставьте комментарий

Прокрутить вверх