«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 қаңтарда № 35670 болып тіркелді.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:
«»Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«12. Балалардың коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын, зерттеушілік, физикалық қабілеттерін дамыту, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру:
1) дене тәрбиесі (ерекше балалар үшін бейімделген дене тәрбиесі);
2) жүзу (жүзу бассейні болған кезде);
3) тіл дамыту;
4) көркем әдебиет;
5) сауат ашу негіздері;
6) қазақ тілі;
7) сенсорика;
8) математика негіздері;
9) құрастыру;
10) қоршаған әлеммен таныстыру;
11) сурет салу;
12) мүсіндеу;
13) жапсыру;
14) музыка бойынша ұйымдастырылған іс-әрекеттерді кіріктіру арқылы жүзеге асырылады.»;
көрсетілген бұйрыққа 2 және 3-қосымшалар осы бұйрыққа 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық осы бұйрықтың 1-тармағының 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1, 5 сыныптар үшін, 2027 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2, 6 сыныптар үшін, 2028 жылғы 1 қыркүйектен бастап 3, 7 сыныптар үшін, 2029 жылғы 1 қыркүйектен бастап 4, 8 сыныптар үшін, 2030 жылғы 1 қыркүйектен бастап 9 сыныптар үшін енгізілетін 21-абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 15.04.2025 № 74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 23 қаңтардағы
№ 12 бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің
2022 жылғы 3 тамыздағы
№ 348 бұйрығына
2-қосымша
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына, «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, білім алушылардың дайындық деңгейіне, оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді, педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұнын әзірлеу, тәрбие жұмысын ұйымдастыру, мектепішілік бақылау, педагогтерді аттестаттау, оқыту нәтижелерін бағалау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау және білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу осы Стандарт талаптарының негізінде жүзеге асырылады.
3. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) академиялық адалдық – оқудағы білім беру жетістіктерінің шынайылығын қамтамасыз ететін, білім алушылардың мінез-құлқын айқындайтын адамгершілік және этикалық қағидаттар жиынтығы;
2) білім алушының дайындық деңгейі – күтілетін нәтижелер түріндегі пәндік, метапәндік және түйінді құзыреттіліктерді көрсететін білім алушының білім мазмұнын меңгеру деңгейі;
3) білім берудің базалық құндылықтары – оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ете отырып, білім беруді жеке тұлғаны дамытуға бағыттайтын ұстанымдар, сенімдер мен идеялар;
4) білім берудің базалық мазмұны – білім беру ұйымдарының түріне және нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, білім алушылардың меңгеруіне міндетті білім мазмұнының құрамы, құрылымы және көлемі;
5) білім беру саласы – сабақтас оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын бастауыш білім берудің базалық мазмұнының құрамдас бөлігі;
6) ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жеке дамыту бағдарламасы – балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде кешенді көмектің негізгі бағыттары мен мазмұнын анықтайтын бағдарлама;
7) ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін оқу бағдарламаларын бейімдеу – Стандартпен белгіленген көлемге және сыныпта оқу қарқынына сәйкес оқу пәндерінің мазмұнын меңгеруде қиналатын балаларға арнап Үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұнына өзгерістер енгізуі;
8) жеке оқу бағдарламасы – зияты бұзылған білім алушыларға арналған Үлгілік оқу бағдарламалары негізінде олардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, жалпы сыныпта оқитын білім алушыларға, зияты бұзылған білім алушыларға арналған оқу пәндерінің мазмұнын айқындау үшін орта білім беру ұйымдарының педагогтері әзірлейтін құжат;
9) көптілді білім беру – ерте жастан бастап кезең-кезеңімен немесе қатарынан бірнеше тілді үйренуді көздейтін білім беру моделі;
10) мазмұндық концептілер – оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін негізгі құндылық бағдарлары;
11) метапәндік құзыреттіліктер – білім алушының нақты өмір жағдаяттарында білімді қолдану қабілетін қамтамасыз ететін әмбебап дағдылары мен қабілеттерінің жиынтығы;
12) оқудан тыс әрекет – үлгілік оқу жоспарында белгіленген оқу жүктемесінен тыс іске асырылатын білім беру процесінің бөлігі;
13) оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктері негізінде білім беру ұйымы айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
14) оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі – үлгілік оқу жоспарының инварианттық және вариативтік компоненттеріндегі оқу пәндерінің мазмұнын меңгеру үшін қажетті және бастауыш білім беру деңгейлері мен оқу жылдары бойынша белгіленген оқу уақытының көлемі;
15) оқу жүктемесінің инварианттық компоненті – білім беру ұйымдарының типіне, түріне және меншік нысанына, оқыту тіліне қарамастан, барлық білім алушылар оқып білуге міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
16) оқу жұмыс жоспары – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктерін ескере отырып, үлгілік оқу жоспары негізінде орта білім беру ұйымы әзірлейтін құжат;
17) оқытудан күтілетін нәтижелер – білім алушылардың білім мазмұнын меңгеру деңгейін, тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуын көрсететін құзыреттіліктер;
18) пәндік құзыреттіліктер – білім алушының оқу пәні бойынша меңгерген білім, білік және дағдыларын қолдана білу қабілеттерінің жиынтығы;
19) түзету-дамыту бағдарламасы – дамуындағы бұзылыстардың түрлері бойынша мүмкіндіктері шектеулі балалармен түзету-дамыту жұмысының мазмұнын, бағыттары мен реттілігін анықтайтын бағдарлама;
20) түзету компоненті – арнайы білім беру жағдайында оқитын мүмкіндіктері шектеулі балалардың бұзылған функцияларын түзетуге және орнын толтыруға бағытталған арнайы оқу сабақтарының жиынтығын қамтитын Үлгілік оқу жоспарының міндетті компоненті;
21) түйінді құзыреттіліктер – білім беру деңгейін аяқтаған түлектің қоғамға табысты бейімделуіне қажетті тұлғалық қасиеттерінің, дағдылар мен қабілеттерінің жиынтығы;
22) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің тізбесін реттейтін және тиісті білім беру деңгейіндегі оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерінің міндетті көлемін айқындайтын құжат.
4. Білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының, оқу пәндері бойынша Үлгілік оқу жоспарларының және Үлгілік оқу бағдарламаларының іске асырылуына үздіксіз мониторинг жүргізіледі.
5. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, оқу пәндері бойынша Үлгілік оқу жоспарлары мен Үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыру мониторингінің, білім алушылардың оқу жетістіктерінің, халықаралық салыстырмалы зерттеулердің, ғылым мен технологиялар жетістіктері мониторингінің нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың басымдықтары Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына, оқу пәндері бойынша Үлгілік оқу жоспарлары мен Үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу үшін негіз болып табылады.
2-тарау. Білім мазмұнына қойылатын талаптар
6. Бастауыш білім берудің мазмұны:
1) қоғамның заманауи талаптарын, ғылым мен техниканың жетістіктерін;
2) сыни және шығармашылық ойлауды дамытуды;
3) оқу пәндерінің мазмұнын кіріктіруді;
4) пәнаралық байланысты, білім беру деңгейлері арасындағы үздіксіздік пен сабақтастықты қамтамасыз етуді;
5) білім мазмұнының академиялық және практикалық бағыттылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауды;
6) оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз етуді;
7) білім берудегі инклюзивті тәсілді ескере отырып айқындалады.
7. Бастауыш білім берудің мақсаты – базалық мазмұнын меңгеруді қамтамасыз ету, құндылықтар негізінде пәндік, метапәндік және түйінді құзыреттіліктерді қалыптастыру.
8. Бастауыш білім берудің міндеттері:
1) сауатты сөйлеу, оқу, жазу және есептеу дағдыларын қалыптастыру;
2) функционалдық сауаттылықты, зерттеу дағдыларын қалыптастыру;
3) құндылық бағдарларын, дүниетанымын, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
4) салауатты өмір салтына баулу, физикалық, көркемдік-эстетикалық, шығармашылық, әлеуметтік-тұлғалық қабілеттерін, еңбекқорлығын дамыту және әлеуметтендіру.
9. Білім беру мазмұны келесі базалық құндылықтарға бағытталған:
1) тәуелсіздік және патриотизм;
2) бірлік пен ынтымақ;
3) әділдік пен жауапкершілік;
4) заң және тәртіп;
5) еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
6) жасампаздық және жаңашылдық.
10. Білім берудің мазмұны бастауыш білім беру бағдарламасын аяқтаған білім алушының бойында тұлғаның өзін-өзі жетілдіру, тілдік және коммуникативтік, мәдени-әлеуметтік, еңбек, оқу-танымдық, зерттеушілік, ақпараттық-технологиялық түйінді құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағдарланады.
11. Құндылықтарға негізделген «Адам», «Ар-ұждан», «Намыс», «Отбасы», «Отан», «Тіл», «Мәдениет», «Білім», «Еңбек», «Табиғат» мазмұндық концептілері оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын, дүниетанымын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
12. Білім беру процесі құндылыққа, тұлғаға бағытталған, құзыреттілік, конструктивистік, белсенділік, коммуникативтік, инклюзивті тәсілдер негізінде іске асырылады.
13. Бастауыш білім берудің мазмұны оқыту нәтижелеріне бағытталады және оқу пәндері бойынша Үлгілік оқу жоспарларымен және Үлгілік оқу бағдарламаларымен айқындалады.
14. Зияты жеңіл және орташа бұзылған білім алушыларға арналған білім беру ұйымдарындағы инварианттық компоненттің білім көлемі мен оқу пәндерінің мазмұны Үлгілік оқу жоспарлары мен Үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
15. Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар үшін Бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұны психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсынымдарына сәйкес олардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып бейімделеді.
16. Көптілді білім беру тілдерді кезең-кезеңімен немесе қатарынан бірнеше тілді оқыту негізінде:
1) қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс және шетел тілдерін деңгейлік меңгеру;
2) қазақ, орыс және шетел тілдерінде сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
17. Бастауыш білім берудің мазмұны «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Технология және өнер», «Дене шынықтыру» білім беру салалары арқылы жүзеге асырылады.
18. «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны:
1) қазақ тілінде оқытатын сыныптарда: «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу», «Орыс тілі», «Шетел тілі»;
2) орыс тілінде оқытатын сыныптарда: «Букварь», «Обучение грамоте», «Қазақ тілі», «Русский язык», «Литературное чтение», «Шетел тілі»;
3) ұйғыр тілінде оқытатын сыныптарда: «Елипбә», «Сауат ашу», «Қазақ тілі», «Ұйғыр тілі», «Әдебиеттік оқу», «Орыс тілі», «Шетел тілі»;
4) өзбек тілінде оқытатын сыныптарда: «Алифбе», «Сауат ашу», «Қазақ тілі», «Өзбек тілі», «Әдебиеттік оқу», «Орыс тілі», «Шетел тілі»;
5) тәжік тілінде оқытатын сыныптарда: «Алифбо», «Сауат ашу», «Қазақ тілі», «Тәжік тілі», «Әдебиеттік оқу», «Орыс тілі», «Шетел тілі» оқу пәндерінде жүзеге асырылады.
19. «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны Қазақстанның ұлттық мәдениетінің бірлігі мен әртүрлілігі, ұлттық сана-сезімнің негізі, белсенді коммуникация құралы ретінде сөйлеу қызметінің төрт түрі бойынша дағдыларды дамыту арқылы мемлекеттік тіл туралы түсініктерін қалыптастырады. Тілдік пәндердің мазмұны ақпарат алмасу үшін бастапқы коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға, тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білуін дамытуға, фразалар мен сөз оралымдарын нақты қарым-қатынас жағдайларында қолдануға бағытталған.
20. «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны «Математика», «Цифрлық сауаттылық» оқу пәндерінде жүзеге асырылады.
21. «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны білім алушылардың қоршаған ортаның алуан түрлі объектілері мен құбылыстарын сипаттау үшін бастапқы математикалық білімін қалыптастыруға; ауызша және жазбаша есептеу алгоритмдерін игеруге; есеп шығарудың жалпы амалдарын, өлшем және есептеу дағдылары негізінде логикалық ойлау машықтарын дамытуға; ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарапайым құралдарын қолдану дағдыларын, ақпаратты іздеу, таңдау, жеткізу, объектілер мен процестерді жобалау, кестелермен, сызбалармен, графикалармен және диаграммалармен жұмыс істеуде ең қарапайым әдістерді қолдану, интерпретациялау және деректерді беру машықтарын қалыптастыруға бағытталады.
22. «Жаратылыстану» білім беру саласының мазмұны «Жаратылыстану» оқу пәнінде жүзеге асырылады.
23. «Жаратылыстану» білім беру саласының мазмұны «Адам – Табиғат» жүйесіндегі ғылыми білімнің қарапайым деңгейін қамтамасыз етеді, білім алушылардың табиғатты тануға деген қызығушылығын, зерттеу дағдыларын дамытуға, қоршаған ортаны ғылыми тұрғыдан түсініп, көре білуді, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жанды және жансыз табиғаттың құбылыстары мен процестерінің өзара байланыстарының себебін ұғыну және түсіну, қоршаған ортаның көптүрлілігі мен күрделілігін саналы аңғару білім алушылардың ой-өрісін кеңейтеді.
24. «Адам және қоғам» білім беру саласының мазмұны «Дүниетану» оқу пәнінде жүзеге асырылады.
25. «Адам және қоғам» білім беру саласының мазмұны білім алушының ар-ұят, намыс, мейірімділік қасиеттерін, Отан үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруға, жергілікті, ұлттық және жаһандық қауымдастықтағы өз орнын білуге; ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды түсінуге, отбасында, қоғамда қарым-қатынас жасауға; әлеуметтенуге, өз халқының және әлем халықтарының мәдениетіне құрмет көрсетуге, өз әрекеті үшін жауапкершілігін ұғынуына, бастапқы құқықтық және қаржылық сауаттылық дағдыларының қалыптасуына, қауіпсіздік негіздерін меңгеруіне бағытталады.
26. «Технология және өнер» білім беру саласының мазмұны «Музыка», «Еңбек», «Бейнелеу өнері» оқу пәндерінде жүзеге асырылады.
27. «Технология және өнер» білім беру саласының мазмұны қоршаған әлемді тұтас қабылдауға, оны визуалды өнер мен музыка құралдары арқылы тануға; бейнелеу өнерінің, қолөнер мен музыканың адам өміріндегі рөлі туралы алғашқы түсініктерді дамытуға, қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы өнеріне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, әлем халықтарының өнеріне құрметпен қарауға; өнердің алуан түріне адамгершілік-эстетикалық көзқарасын тәрбиелеуге, көркем және музыкалық-шығармашылық дамуына бағытталған.
28. «Дене шынықтыру» білім беру саласының мазмұны «Дене шынықтыру» оқу пәнінде жүзеге асырылады.
29. «Дене шынықтыру» білім беру саласының мазмұны дененің физикалық қасиеттерін дамытуға, жалпы дамыту жаттығуларын өз бетімен орындауға; салауатты өмір салты мәдениетін дарытуға; дене шынықтырудың адам өміріндегі рөлі туралы түсініктерді қалыптастыруға; спорт, қазақтың ұлттық спорт түрлері туралы ақпаратты өз бетімен таба білуге және оны өзінің денсаулығын нығайту үшін пайдалана білу дағдыларын қалыптастыруға; оқу, ойын және жарыс әрекеттері кезінде құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
30. 1-4-сыныптарда өмір қауіпсіздігінің негіздерін меңгеру міндетті. Мазмұны «Дүниетану» оқу пәнінің шеңберінде: 1-3-сыныптарда жылдық оқу жүктемесі 6 сағаттан, 4-сыныпта 10 сағаттан бастауыш сынып педагогтері жүзеге асырады.
31. «Жол жүру ережелері» оқу курсының мазмұнын 1-4-сыныптарда сынып сағаттары есебінен әр сыныпта 6 сағаттан және сабақтан тыс уақытта, жылдық жұмыс жоспарында тақырыптары мен мерзімін көрсете отырып, сынып жетекшілері жүзеге асырады.
3-тарау. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
32. Бастауыш білім беру бағдарламасын аяқтаған білім алушының дайындық деңгейі оқу бағдарламаларын меңгеру нәтижесінде білім алушылардың пәндік, метапәндік және түйінді құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейімен айқындалады.
33. Бастауыш білім беру мазмұнын меңгеруден күтілетін нәтижелері түйінді құзыреттіліктер түрінде айқындалады: Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, елдің тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрметтейді; басқалармен жағымды қарым-қатынас орната алады, командада жұмыс істейді және ортақ мақсаттарға жетуге ұмтылады; кез келген өмірлік жағдайларда адалдық танытады, өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінеді; қоғамда жалпы қабылданған нормалар мен ережелерге сәйкес әрекет етеді; өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі бақылау дағдыларын көрсетеді; оқуда және күнделікті іс-әрекетте шығармашылық көзқарас танытады.
34. Бастауыш білім беруде қазақ тіліне ерте бойлату бағдарламасы іске асырылады (білім беру ұйымының таңдауы бойынша).
35. Білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер бастауыш білім берудің базалық мазмұнын айқындау үшін негіз болады.
36. Білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларында оқу мақсаттарында нақтыланады.
37. Оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесі білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың жеке даму траекторияларын қалыптастыруға және олардың оқытудың ұзақ мерзімді мақсаттарына кезең-кезеңмен қол жеткізуге ұмтылуына мүмкіндік жасайды.
38. «Тіл және әдебиет» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.
«Қазақ тілі» (қазақ тілінде оқытатын сыныптарда), «Орыс тілі» (орыс тілінде оқытатын сыныптарда), «Ұйғыр Тәжік тілі» (ұйғыр тілінде оқытатын сыныптарда), «Өзбек тілі» (өзбек тілінде оқытатын сыныптарда), «Тәжік тілі» (тәжік тілінде оқытатын сыныптарда), «Әдебиеттік оқу»:
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) тыңдалым және айтылым: әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; сөйлеушінің көзқарасын жеткізу жолдарын айқындайды, қорытынды шығарады; пікірталастың тақырыбын түсінеді және сөйлеу нормасын сақтай отырып, оны талқылауға қатысады; сөйлеу барысында синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады; әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады; тыңдағандарына және оқығандарына қатысты пайымдайды, өз ойымен және эмоциясымен бөліседі; бөлімше тақырыбына сәйкес өз көзқарасын дәлелдейді, коммуникативтік дағдыларды пайдаланады, логикалық тұрғыдан негізделген өзіндік пікір білдіреді; әңгімелесушіні тыңдай алады; тыңдалған ақпарат негізінде деректерді талдайды және түсіндіреді; сөйлеу дағдыларын жетілдіру үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланады.
2) оқылым: халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті туындыларын, тарихи-мәдени мұралар туралы оқиды, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын талдайды және іс-әрекеттеріне баға бере алады; көркем мәтіндерді ажыратады; көркем шығармалардың негізгі идеялары мен композициясын айқындайды; көркем туындының жанрын айқындайды, өзінің жауабын/таңдауын анық, жасқанбай жеткізе біледі; автордың бейнені сомдау үшін қолданған әдеби көркемдеуіш құралдарын айқындайды; жазушының өз кейіпкерлеріне қатынасы туралы қорытынды жасайды және жақсы мен жаманды ажырата алады; мәтіндерді белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын қолдана отырып оқиды; шығармалардағы оқиғалар барысын болжайды; мәтін түрлерін (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) айқындайды; әңгімелерді/өлеңдерді мәнерлеп оқиды; өлеңді мәнерлеп жатқа оқиды; көркем әдебиет туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын түсінеді;
3) жазылым: сәйкес сөздерді таңдай отырып, әр түрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндерді жазады; грамматикалық, пунктуациялық және орфографиялық нормаларға сай жазады; мәтіндер құру үшін жазылымның түрлі формаларын (суреттер, сызбалар, кескіндер, кестелер) қолданады; жазудың гигиеналық және каллиграфиялық талаптарын сақтайды; Қазақстан халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты тақырыптарға өзінің жеке көзқарасын білдіреді; академиялық жазу дағдыларын жетілдіру үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. «Қазақ тілі» (оқыту орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын сыныптарда)/ «Орыс тілі» (оқыту қазақ, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын сыныптарда):
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) тыңдалым: қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени салалары үшін өзекті аудиовизуалды материалдардың мазмұнын түсінеді; мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, мәтіндегі басты және қосалқы ақпараттың мағынасын барынша толыққанды, терең және дәл түсіне алады; қарым-қатынас жасау жағдаяттарына, орнына және қарым-қатынасқа (коммуникацияға) қатысушыларға қарай сөйлеу стильдерінің қалай өзгеретінін түсінеді; түрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның/әңгіменің мазмұнын болжайды;
2) айтылым: алдын ала дайындалған жазбалар мен жоспарды пайдалана отырып, әңгіменің, оқиғаның мазмұнын жеткізеді; оқығаны, естігені бойынша сұрақ қояды және көзқарасын білдіреді; ұсынылған тақырып пен белгіленген коммуникативтік тапсырма бойынша өзара байланысқан, логикалық жүйеге құрылған хабарламаны құрастырады; әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынаста түрлі тілдік жағдаяттарға сай өзінің коммуникативтік ниетін білдіре отырып, диалогқа қатысады;
3) оқылым: оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды; таныс емес сөздері бар мәтіннен негізгі ақпаратты, автордың көзқарасын түсінеді; көркем мәтіндерді ажыратады; түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты табады; идеяны, оқиғаларды және кейіпкерлер іс-әрекеттерінің себептерін түсінетінін көрсетеді; сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, таныс емес сөздер мен фразалардың мағынасын анықтайды; қазақ және әлем әдебиетінің көркем туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын түсінеді;
4) жазылым: тыңдалған мәтіннің, оқылған ақпараттың және көрген оқиғаның (тақырыптар, жекелеген деректер, пікірлер) қысқаша жазбаларын жасайды; орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық нормаларды ескере отырып, баяндау (баяндаусыз) сипатындағы мәтіндерді құрастыру үшін тиісті лексикалық бірліктерді пайдаланады.
«Шетел тілі»:
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) тыңдалым: таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелесудің негізгі мазмұны мен нақты ақпаратын, нұсқаулардың кең ауқымын және қарапайым сұрақтарды түсінеді, таныс сөздер мен фразалардың айтылуын ажырата алады; түстер мен сандар туралы қысқа сұрақтарды түсінеді; таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелердің мазмұны мен мағынасын болжау үшін мәнмәтіндік тірек сөздерді пайдаланады; баяу және айқын дыбысталып айтылған шағын әңгімелердің жалпы мағынасын түсінеді;
2) айтылым: өзі туралы пікір айтады, сұрақтар құрастырады; этикалық норманы сақтай отырып сұрақтарға жауап береді; адамдар, заттар, оқиғалар, іс-әрекеттері мен сезімдерін сипаттағанда негізгі сөздер мен фразаларды дұрыс интонациямен және екпінмен айтады; өзінің көзқарасын ашық білдіреді (ұнайды/ ұнамайды); таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелерді мазмұндайды;
3) оқылым: иллюстрацияланған сөздікті, оның ішінде цифрлық құралдар мен платформаларды пайдаланады; әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы көлемі шағын көркем және көркем емес мәтіндерді түсінеді; қысқа мәтіндердің негізгі ойын айқындайды; әртүрлі типтегі (веб-сайттар, әлеуметтік желілер, электронды пошталар, жарнамалық хабарламалар, арнайы іс-шаралар бағдарламалары, парақшалар мен брошюралар) қысқа тұтас және тұтас емес мәтіндердегі жалпы, негізгі және нақты ақпаратты анықтайды;
4) жазылым: жиі қолданылатын сөздердің жазылуы мен айтылуы арасындағы айырмашылықты білетіндігін көрсете отырып, дұрыс жазады; сөздердің ретін сақтай отырып және тыныс белгілерін дұрыс орналастыра отырып, таныс тақырыптарға сөйлемдер жазады; мәтіннің әртүрлі формаларын (суреттер, сызбалар, графиктер мен кестелер) қолдана отырып, қысқа мәтіндер (ашық хаттар, хаттар немесе жарнамалар) жазады және қажет болған жағдайда, жасанды интеллект мүмкіндіктеріне жүгінеді.
39. «Математика және информатика» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) «цифр», «сан», «өлшем», «өлшем бірліктері», «санның үлесі», «жай бөлшек», «аралас сан», «санды өрнек», «әріпті өрнек», «теңдеу», «теңдік», «теңсіздік», «пайыз», «жиын», «ақпарат», «объект», «файл», «бума», «таңбаша (ярлык)», «модель», «компьютер желісі», «Интернет» ұғымдарының мәнін; ондық санау жүйесіндегі разряд бірліктерінің мәндерін; жазық және кеңістіктік геометриялық фигуралар мен олардың элементтерін; шаршы және тік төртбұрыштың периметрі мен ауданын, текше және тіктөртбұрышты параллелепипедтің көлемін табу формулаларын; операциялық жүйе объектілерінің қызметін; ақпаратты ұсыну түрлері мен өлшем бірліктерін; компьютердің негізгі құрылғыларын; енгізу мен шығару құрылғыларын; қолданбалы, сервистік бағдарламалардың және операциялық жүйенің мақсатын, компьютерде жұмыс істеген кезде қауіпсіздік техникасы ережелерін біледі;
2) натурал сандарға, шамаларға және олардың арасындағы байланысқа қатысты арифметикалық амалдардың мәні мен ретін; арифметикалық әрекеттердің қасиеттерін; шамалар арасындағы қарапайым өзара тәуелділікті; пайызды бөлшек санмен өрнектеуді, бөлшек сандарды пайызбен өрнектеуді; тұрақты және айнымалы шамалар арасындағы айырмашылықтарды; компьютердің негізгі бөліктерінің қолданылуы, құрылымдарының, операциялық жүйе интерфейсі элементтерінің кіру және шығу құрылғысы; компьютерлік техниканың адам денсаулығына тигізетін әсері; ақпаратты және құрылымдарды зиян келтіретін бағдарламалардан қорғаудың маңыздылығы; ақпаратты қолдануда авторларға сілтеме жасау қажеттілігін түсінеді;
3) өрнектер жазу үшін, санды өрнектерді түрлендіру үшін, есептер шығару үшін математикалық символдарды, арифметикалық амалдар мен қасиеттерді; натурал сандарды бөлгіштері бірдей бөлшектерді қосу және азайту ережелерін; ауызша және жазбаша есептеу амалдарын; шамалардың стандартты және стандартты емес өлшем бірліктерін (ұзындық, периметр, аудан, көлем, масса, уақыт); шамаларды өлшеу құралдарын, геометриялық фигуралардың кескінін; есеп шарттарын жазудың математикалық тілі мен графикалық модельдерін; теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; периметр мен ауданды есептеу формулаларын (шаршының, тік төртбұрыштың, тікбұрышты үшбұрыштың); санның бөлігін және оның бөлігі бойынша санды табу білігін қолданады; жиынның бірігуін, қиылысуын анықтайды; симметриялы фигураларды бейнелейді; ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге және жеткізуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды; ақпараттың алуан түрлерімен жұмыс істеуге, модельдер құруға арналған қолданбалы бағдарламаларды пайдаланады;
4) ауызша және жазбаша санаудың рационалды тәсілдерін; есептерді шешудің түрлі тәсілдері мен рационалды тәсілдерін таңдайды; геометриялық фигуралардың ерекшеліктерін; санды өрнектер мен айнымалысы бар өрнектердің мәндерін салыстыру нәтижесін; әртүрлі шамалар арасындағы тәуелділіктерді (сан, баға, құн, жылдамдық, уақыт, арақашықтық, еңбек (жұмыс) өнімділігі, жұмыс ұзақтығы, жұмыс көлемі); заңдылықтарды және тізбектің жетіспейтін элементтерін табуды; күрделі емес комбинаторикалық және логикалық есептерді; есеп шартының сызба, кесте, график, диаграмма түрлеріндегі жазбасын; санаумен, өлшеумен байланысты деректер мен нәтижелерді, заттарды олардың белгілері мен сұрыптау үшін кеңістікте орналасуын; қолданбалы бағдарламалардың мүмкіндіктерін; желіде этикалық және құқықтық нормалардың бұзылу салдарын; түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты талдайды;
5) есептер шығару үшін шамалар арасындағы байланыстың математикалық моделін; шынайы әлемнің нақты нысандары мен процестерінің бейнелер мен сызбалар түріндегі ең қарапайым модельдерін; ұсынылған мәліметтер немесе математикалық модельдер бойынша есеп және оған кері есеп; берілген заңдылықтар бойынша тізбек құрастырады, оқу материалын меңгеру деңгейіне сәйкес оқу үшін жасына байланысты жасанды интеллект құралдары мен платформаларын қолдану; практикалық міндеттерді шешу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, объектілер мен жағдаяттардың модельдерін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің мүмкіндіктері туралы білімдерін түрлі міндеттерді шешу үшін жинақтайды;
6) есептеулер мен есептерді шешу нәтижелерін; өлшем нәтижелерін; сандар, шамалар, геометриялық фигуралар туралы қарапайым тұжырымдардың ақиқаттылығын немесе жалғандығын; графика, кесте, диаграмма түрінде берілген деректерді; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің түрлі міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін бағалайды; өз міндеттерін жауапты орындай отырып, тиісті жобалар мен міндеттеді орындау кезінде командада табыстыжұмыс істеу құралы ретінде жасанды интнллекті және ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдаланады.
40. «Жаратылыстану» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) Күн жүйесінің ғаламшарларын; Жер мен оның табиғаты туралы, Ғалам туралы негізгі жаратылыстану ғылыми түсініктерін; ғылыми таным әдістерін: бақылау, эксперимент, тәжірибе; зерттеуді жоспарлау мен жүргізу барысындағы қауіпсіздік техникасы негіздерін біледі және сақтайды; апатты табиғи құбылыстар кезінде әрекет ету қағидаларын; адамның, тірі ағзалардың өмірлік циклдерін; адамның, тірі ағзалардың негізгі органдарының құрылымы мен орналасу ерекшеліктерін және олардың функцияларын; тірі ағзалардың жіктелуін; жарықтың, дыбыстың кейбір қасиеттерін; қозғалыс, жылдамдық, физикалық күштерді және олардың пайда болу себептерін; электр мен жылудың түрлерін; Жер бетінде кеңінен таралған заттардың құрамы мен қасиеттерін; түрлі денелердің қасиеттерін және олар қолданатын кейбір салаларды; пайдалы қазбалардың негізгі түрлерін және олардың маңызын, Қазақстан Республикасындағы пайдалы қазбалардың негізгі кен орындарын біледі;
2) физикалық қасиеттерді; қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың және Жердегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңыздылығын; табиғат компоненттерінің тірі ағзалар үшін маңызын; қоршаған ортаға енудің құралы ретіндегі ағзалар ерекшеліктерін; омыртқалы және омыртқасыз жан-жануарлардың қарапайым айырмашылықтарын; ағзаның қорғану функцияларын; жеке бас гигиенасын сақтаудың қажеттілігін; табиғат ресурстарын тиімді пайдаланудың қажеттілігін түсінеді;
3) табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды зерделеу үшін жекелеген зерттеу әдістерін; табиғи объектілерді, құбылыстар мен процестерді өлшеудің стандартты және стандартты емес бірліктерін; табиғи объектілердің, процестер мен құбылыстардың кейбір сипатын өлшеудің қарапайым құралдарын; жүргізген зерттеулерді түсіндіру үшін тиісті ғылыми терминологияны; өзі тұрып жатқан жердегі өсімдіктер мен жан-жануарларды жіктеу үшін олардың қарапайым белгілері туралы білімді қолданады;
4) табиғат компоненттері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды; материалдарды қолдану мүмкіндіктерін айқындау үшін олардың қасиеттерін; белгілі бір аумақтың жануарлар мен өсімдіктер әлемін; алуан түрлі өмір сүру орталарының ұқсастығы мен айырмашылығын; өз зерттеулеріндегі және түрлі дереккөздерден алынған материалдарды талдауда әдеп және мінез-құлық нормаларын сақтайды; адамдардың еңбегін құрметтеп бағалайды;
5) жанды және жансыз табиғаттың объектілері мен құбылыстарына зерттеу жүргізуді жоспарлау және өткізу үшін алынған білімі мен дағдыларын; сурет, сызба, графиктер, диаграммалар, кестелер түріндегі ақпараттық материалдарды; қоршаған ортаны қорғау, микро және макро әлемнің объектілері, құбылыстары мен процестерінің қарапайым үлгілері туралы түрлі мәліметтер жинақтайды;
6) табиғи объектілердің, құбылыстар мен процестердің даму факторлары мен жағдайын; адамның әрекеті мен қоршаған ортаның жағдайына ғылыми-техникалық прогрестің ықпалын; ғылыми-техникалық прогрестің адамның тіршілік әрекетіне әсерін; жасалған болжамға өз зерттеулерінен алынған нәтижелердің сәйкестігін бағалайды.
41. «Адам және қоғам» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) отбасының, мектеп қоғамдастығының құрылымы мен рөлін; адамның ең негізгі әлеуметтік рөлдерін; «адам – қоғам» өзара байланысы туралы бастапқы мәліметтерді; «қауіпсіздік», «киберқауіпсіздік», «денсаулық», «тазалық», «әдеп», «қоғам» ұғымдарын және олардың басты белгілерін; жеке тұлғаның, отбасының, қауымдастықтардың және тұтас қоғамның ерекшеліктері мен рөлін; тұтыну тауарларының негізгі түрлерін және олардың құрамын; елінің тарихы, географиясы туралы жалпы мәліметті; қазақ халқының дәстүрлері мен фольклорын; Қазақстан Республикасының әлемдегі орны мен рөлін; Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін; жалпыадамзаттық құндылықтарды; отбасындағы қарым-қатынас принциптерін; достық қарым-қатынас жасау негіздерін; әдеп және цифрлық әдеп нормаларының негіздерін; салауатты өмір салтының негіздерін; білім алушының құқықтары мен міндеттерін, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындау жолдарын біледі;
2) Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі өзінің азаматтық болмысын және белгілі бір ұлтқа қатыстылығын; отбасының, туған жері мен Атамекенінің құндылығын; көпұлтты қазақстандық қоғамның құндылығын; Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің маңызын; қоғамдағы, интернет және әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік мінез-құлық нормаларын; өз өмірінің мектеп, ауыл, қала, ел өмірімен тығыз байланыста екендігін; қоғамға қызмет етудің және еңбек етудің маңыздылығын; мамандықтар әлемінің ерекшеліктерін; әртүрлі елді мекен түрлерінің функционалдық және құрылымдық ерекшеліктерін; өз ойы мен сөзінің, іс-әрекетінің бір жерден шығуының маңыздылығын, олар үшін жауапкершілігін; ұлттық салт-дәстүрлердің мәнін; адам өміріндегі және қоғам дамуындағы саяхаттардың рөлін; адамның өзін-өзі тануы мен өзін дамытудың маңыздылығын; еңбек, өзара түсіністік, өмірге қуанышпен қарау, қиындыққа мойымау, мейірімділік, жомарттық, кеңпейілділік, патриоттық, намысшылдық, шығармашылық, жауапкершілік, адалдық, ар-ұят ұғымдарының мәнін және маңыздылығын; салауатты өмір салтын ұстануы керектігін; табиғаттың өмірлік қуат көзі ретіндегі мәнін; табиғатқа қамқорлық көрсетудің маңызын және ұқыптылықпен қарау керек екенін түсінеді;
3) қоғамдық процестер мен құбылыстарды зерттеу үшін, оқу тапсырмалары мен шығармашылық, танымдық, зерттеу, жобалау сипатындағы жұмыстарды орындау үшін жасанды интеллект және ақпараттық–коммуникациялық технологияларды жас ерекшелігіне қарай пайдаланады және өз міндеттерін жауапкершілікпен орындайды; қарапайым қаржылық қарым-қатынастарда өз тәжірибесінде есеп жүргізеді, үнемдейді; салауатты өмір салты, жеке бас гигиенасы, тамақтану және күн тәртібі туралы білімін; дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету туралы бастапқы білімін; қоршаған ортаға бейімделудегі өзінің жеке және қоғам тәжірибесін; қоршаған орта қауіпсіздіктері жайлы (табиғи апаттардан) сақтану; отбасында және ұжымда, интернет және әлеуметтік желілерде достық қарым-қатынас, әдеп, мінез-құлық нормаларын қолданады;
4) Қазақстан Республикасының әлемдегі орнын; қазақ халқының және елде тұрып жатқан этностар өкілдерінің мәдени және салт-дәстүрлік ортақ және ерекше белгілерін; жеке тұлғаның, отбасының, мектеп қауымдастығының даму жағдайларын; адам өміріндегі негізгі ресурстардың мәнін; денсаулық пен қауіпсіздік, киберқауіпсіздік шараларын; шынайы немесе жалған ақпараттың айырмашылығын; адамның көңіл-күйі мен эмоция көрінісін, іс-әрекеттерінің және олардың себеп-салдарын; өзіндік эмоционалдық күйін; өз қиялын белсенді түрде модельдеу және жүзеге асыру жолдарын талдайды;
5) қоғамдық құбылыстар мен процестерді жүйелеу және топтастыру үшін білімі мен дағдыларын; қоғамның кейбір өзекті проблемаларын айқындау үшін білімі мен дағдыларын; кеңістікте (орын), уақытта (хронологияда), әлеуметтік ортада (қоғамда) бағдарлануы үшін жеке шешімдерін; отбасылық, тұлғааралық және қоғамдық салаларда коммуникация модельдерін; өмір қауіпсіздігі, саяхатты ұйымдастыру бойынша өз жобаларын, елінің кең даласын, табиғи байлығын бағалауды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды; пәндік, жобалық, зерттеу міндеттерін шешу үшін жасанды интеллект және ақпараттық–коммуникациялық технологиядарды жас ерекшелігіне қарай қолдану мен өз міндеттерін жауапкершілікпен орындау жөнінде ойларын жинақтайды;
6) әдептілік нормасы тұрғысынан өзінің мінез-құлқы мен айналадағы адамдардың істерін; отбасының, қоғамның, мемлекеттің әрбір адам өміріндегі маңыздылығын; заманауи өмірдегі дәстүр мен фольклордың рөлін; тұтыну заттарының маңыздылығы мен құндылығын; сабақта өз жұмысына қанағаттану дәрежесін; тұлғааралық, қоғамдық және қаржы-экономикалық қарым-қатынас саласында өзінің ілгерілеу деңгейін, өзінің эмоциялық және физикалық қалпын; адамдардың тәртібін әдептілік нормалары тұрғысынан; өз ойын анық, жасқанбай жеткізу жолдарын, тыңдай білу, достықты құрметтей білу қасиеттерін; медиадағы ақпараттардың өз өміріне деген ықпалын бағалайды.
42. «Технология және өнер» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) өнердің негізгі түрлері мен жанрларын; сызықтардың және формалардың негізгі түрлерін; негізгі және қосымша түстерді; сурет салуға және сәндік-көркем жұмыстарға керекті негізгі материалдар мен құралдарды; өнердің әр алуан түрлерінде жұмыс істеудің негізгі техникалары мен әдістерін; әлемдік және отандық өнер қайраткерлері туындыларының үздік үлгілерін; шығармашылық идеяларды берудің көркем әдіс-тәсілдерін; негізгі музыкалық ұғымдарды; ән орындау мен аспапта ойнауды; музыка тыңдау ережелерін; қазақтың дәстүрлі музыкасының негізгі түрлерін, жанрларын және стильдерін; әртүрлі оркестрлердің музыкалық аспаптарының атауларын; хор мен оркестр түрлерін; Қазақстан композиторларының музыкасын және әлем халықтарының музыкасын; музыка арқылы қызығушылығы мен қабілетін дамыту; жаңалықтарға (смарт аспаптар) ашық болу жолдарын біледі;
2) өнердің өмірмен байланысын; орындау техникасының өнердің түрімен, стилімен, жанрымен байланысын; Қазақстан Республикасының сәндік-көркем өнеріндегі ұлттық салт-дәстүрлердің ерекшеліктері мен маңызын; қазақ халқының және әлем халықтарының мәдениетіндегі өнер туындыларының маңызын; музыканың өнер түрлерімен байланысын; қазақ халқы мен әлем халықтарының мәдениетін көрсететін дәстүрлі музыканы; халық музыкасының музыка әлеміндегі негіз қалаушы рөлін түсінеді;
3) заттарды бейнелеудегі композицияны; өнердің мәнерлілік құралдарын; идеяларды дамыту үшін әртүрлі ақпарат көздерін және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды; шығармашылық жұмыс жасау үшін әртүрлі көркем материалдарды, құралдарды және техникаларды; шығармашылық жұмысты жасау үшін өнердің түрлері, стилдері мен жанрлары туралы білімді; қауіпсіздік техникасының ережелерін; жеке және ансамбльде, хорда/оркестрде ән айтуда, музыкалық аспаптарда ойнауда сезімді, көңіл-күйді жеткізу үшін, қоршаған өмірдің құбылыстарын дыбыс тілі арқылы түсіндіргенде музыканың түрлері, стилдері және жанрлары туралы білімді; жасанды интеллект және ақпараттық – коммуникациялық технологияларды орынды қолданады;
4) өзінің қызметін жоспарлау үшін әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты; қазақ халқының және әлем халықтары өнерінің стильдері мен жанрларын; өнер туындыларын жасау үшін қолданылған материалдар мен техникаларды; эксперименталдық, зерттеу жұмыстарын жүргізуде көркем материалдар мен аспаптардың қасиеті мен сапасын; өзінің шығармашылық жұмысының нәтижесін; адам өміріндегі музыканың рөлі мен мәнін; дәстүрлі қазақ музыкасы мен әлем халықтары музыкасының ұқсастығы мен айырмашылығын, сондай-ақ мазмұнын; жеке музыкалық шығармашылық жұмыстарды жасау және импровизациялау үшін әртүрлі дыбыстар мен дыбыс әсерлерін талдайды;
5) шығармашылық жұмыстарды жасау үшін тәсілдер мен техникаларды, материалдың қасиеті мен мүмкіндіктерін; идеяны дамыту үшін түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып алынған ақпаратты; шығармашылық жобаларды орындау және идеяларды іске асыру , оның ішінде музыкалық компьютерлік бағдарламаларды пайдалана отырып іске асыру үшін білім, дағды, ақпаратты, өз қиялын жүзеге асыру жолдарын жинақтайды; өз ойын анық, жасқанбай жеткізу тәсілдерін ұсынады және тыңдай біледі;
6) көркем және музыкалық туындылардың негізгі мақсатын, образдары мен идеяларын; шығармашылық жұмыстарды жасау үшін мәнерлілік құралдары мен материалдың қасиетін; жеке/ұжымдық орындалған жұмыстарды орындауда жасанды интеллектіні саналы және жауапкершілікпен пайдаланады; үйренетін музыканың адамгершілік-эстетикалық жағын, алынған шығармашылық қызмет нәтижесін, музыка мен көркем шығармашылықтың өмірдегі рөлін құрметтеп бағалайды.
43. «Дене шынықтыру» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.
Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы:
1) ағзаның дамуына ықпал ететін негізгі дене шынықтыру жаттығуларын, оларды орындаудың принциптері мен техникасын; дене шынықтыру жаттығуларын орындау барысындағы техникалық қауіпсіздік ережелерін; сергіту жаттығулары мен ширатып шынықтыру жаттығуларын орындау тәртібін; дене жаттығуларын орындау кезіндегі ағзадағы өзгерістерді бақылау тәсілдерін; дене даярлығын жақсарту үшін дене бөліктері мен бұлшық еттерді дамыту әдістерін біледі;
2) дене шынықтырудың денсаулықты нығайтудағы маңызын; дене шынықтыру мен спорттың елдің дамуындағы және сол үшін мақтаныш сезімін қалыптастырудағы рөлін; орындалатын жаттығулардың күрделілік деңгейін; түрлі физикалық жүктемелердің талап етілетін қарқындылығына қол жеткізу қажеттілігін; дене, психикалық және эмоциялық салауаттылықты сақтау мен қолдаудың маңызын; түрлі дене жаттығуларын орындау кезінде туындайтын тәуекелдерді түсінеді;
3) келісілген мақсаттарға қол жеткізу үшін өзіндік/бірлескен жұмысты орындау дағдыларын; кешенді дене жаттығуларын орындау кезінде қолданылатын композициялық амалдар мен ережелер туралы білімін; уақытты, кеңістікті, дағды мен қозғалыс координацияларын түсінетінін көрсете отырып, дене жаттығуларын орындаудың дұрыс бірізділігін; дене дамуындағы кемістіктерді және денсаулық үшін ықтимал тәуекелдерді жоятын арнайы жаттығуларды; мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген балама жаттығулар мен ойындарды; дұрыс тамақтану мен қозғалу режимінің негізгі тәртібін қолданады;
4) топта дене шынықтыру жаттығуларын орындаудағы өзінің жетістіктері мен тәжірибесін; дене шынықтырудың әр түріндегі жеке қабілеттерін және сенімділігін жақсарту; ортақ мақсатқа қол жеткізудегі ынтымақтастық және әділ жарыс жағдаяттарын талдайды;
5) қозғалыс түрлерінен тұратын белгілі бір қозғалыстар комбинацияларын, сондай-ақ түрлі спорт тактикаларын пайдалана отырып стратегияларды; дене шынықтырудың алуан түрлі жағдаяттарына бейімделу үшін білім мен дағдыларды жинақтайды;
6) әртүрлі физикалық жүктемелерді орындау кезінде туындайтын қиындықтар мен тәуекелдерді; өзінің және өзгелердің физикалық мүмкіндіктерін; мектепішілік және мектептен тыс спорттық іс-шараларға қатысу үшін өзінің мүмкіндіктерін бағалайды.
44. Білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау кезінде критериалды бағалау жүйесін қолданылады.
45. Бастауыш білім беру деңгейінде бағалау 2-сыныптан бастап формативті және жиынтық бағалауды қолдану арқылы жүзеге асырылады.
46. Бағалау инварианттық және вариативтік компоненттердің пәндері мен курстары бойынша жүргізіледі.
47. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін олардың білім алуына, дамуындағы бұзушылықтарды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалады.
48. Бастауыш білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
49. Білім алушылардың жауапты мінез-құлқын қалыптастыру, ашықтық пен адалдықты қамтамасыз ету, әділ білім беру ортасын құру және білім беру сапасын арттыру мақсатында академиялық адалдық қағидалары енгізіледі.
4-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
50. Инварианттық және вариативтік компоненттерді ескере отырып, апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелген) бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларға сәйкес белгіленеді.
51. Білім алушылардың инварианттық және вариативтік компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі Үлгілік оқу жоспарында белгіленеді. Арнайы білім беру ұйымдарының оқу жоспарларында дамудың бұзылу түрлері ескерілген, міндетті түзету компоненті көзделген. Арнайы білім беру ұйымдарының оқу жоспарларындағы инварианттық, түзету және вариативтік компоненттер білім алушылардың ерекше білім беруге қажеттіліктерін ескере отырып белгіленеді.
52. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы білім беретін ұйымдардағы сыныптарда білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде 20 және одан артық болған жағдайда:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда — қазақ тілі;
2) шетел тілі;
3) цифрлық сауаттылық (1-сыныптан басқа) бойынша жүзеге асырылады.
Қалалық жалпы білім беретін ұйымдардағы сыныптарда білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық білім беру ұйымдарында 20 және одан артық болған жағдайда, оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда орыс тілі пәні бойынша сыныпты екі топқа бөлуге болады.
Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын енгізгенде, карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындағанда бір сыныпты 15 білім алушыға дейін толықтыра отырып, барлық оқу пәндері бойынша сыныпты топтарға бөлу жүргізіледі.
53. Инклюзивті білім беру шеңберінде осы Стандарттың 52-тармағында көрсетілген пәндер бойынша сыныпты топтарға бөлу әрбір ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға сынып толымдылығындағы білім алушылардың жалпы санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.
5-тарау. Оқу мерзіміне қойылатын талаптар
54. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі – төрт жыл.
55. Арнайы мектептерде және арнайы сыныптарда оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі бес жылды құрайды (0, 1-4 сыныптар).
56. Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда кемінде 33 оқу аптасын, 2-4 сыныптарда кемінде 34 оқу аптасын құрайды.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК



