Табиғаттың жан айқайын ести аламыз ба?

Смағұл Гаухар Асанқызы


Таңертең таза ауамен тыныстап, құстардың сайрағанын естіген кезде табиғаттың адам өміріндегі орны ерекше екенін білеміз. Алайда соңғы кездері табиғаттың тынысы тарылып бара жатқандай. Ауаның ластануы, ормандардың азаюы, өзен – көлдердің ластануы, климаттың өзгеруі, су тапшылығы мен пластик қалдықтарының көбеюі – бүгінде тек бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесіне айналды. Сондықтан экологияны қорғау – болашаққа деген жауапкершіліктің ең маңызды көрінісі.

Қазіргі таңда осы экологиялық мәселелердің барлығына адам әрекеті себеп болып отыр. Өндіріс орындары мен автокөліктерден бөлінетін зиянды газдар ауаны ластаса, өзен — көлдерге төгілетін қалдықтар су ресурстарына зиян келтіруде. Сонымен қатар табиғатта жүздеген жыл бойы ыдырамайтын пластик қалдықтары жануарлар мен өсімдіктерге орасан зор зиян келтіруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын 430 миллион тоннадан астам пластик өндіріледі және де жыл сайын 19-23 миллион тонна пластик қалдығы өзендерге көлдерге түседі. Пластиктің кейбір түрлері табиғатта 100-500 жылға дейін ыдырамайды. Нәтижесінде, ол экожүйенің тепе – теңдігін бұзып залал келтіреді. Климаттың өзгеруі әсерінен орташа температура бұзылып, құрғақшылық орын алса, кейбір өңірлерде жауын – шашын көбейіп, топан су басу қауіпі бар. Полюстегі мәңгі мұздықтар еріп, аралдар мен жағалауларды мұхиттар мен теңіз сулары басып кетеді.

Қазақстанда да экологиялық мәселелер аз емес. Арал теңізінің тартылуы – Қазақстандағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі. Оның салдарынан теңіздің орны тұзды шөлге айналып, тұз бен шаң жел арқылы алыс аймақтарға таралады. Бұл табиғатқа ғана емес, адамдардың денсаулығына, ауыл шаруашылығына және аймақтың экономикасына да зор зиян келтірді. Семей полигонының зардаптары да өте ауыр. Сынақтың әсерінен жер қатты радиация алып, мутацияға ұшыраған балалар туылып, адамдар түрлі ауруларға шалдықты. Сонымен қатар, ірі қалалардағы ауа сапасының нашарлауы, су тапшылығы назар аударатын маңызды мәселелердің бірі. Осы мәселелерді шешу аясында елімізде “Таза Қазақстан” атты жалпыұлттық экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба арқылы еліміздің түкпір – түкпірінде сенбіліктер, тазарту жұмыстары мен көшеттер отырғызу өткізіліп тұрады. Акцияға мемлекеттік мекемелермен қатар жастар, оқушылар, қарапайым тұрғындар да белсенді қатысып өз үлестерін қосуда. Бұл жоба еліміздің әр өңірінде үлкен маңызға ие болып, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруда. Дегенмен экологиялық проблемаларды шешу тек мемлекетке ғана байланысты емес. Әрбір адам табиғатты қорғауға өз үлесін қоса алады. Оның барлығы күнделікті қарапайым әрекеттер жасаудан басталады. Мысалы, қоқысты сұрыптау, пластикті азайту, су мен электр энергиясын үнемдеу және де ағаш отырғызу. Бұл істердің барлығы қарапайым болғанымен, қоршаған ортаға үлкен әсерін тигізеді. Осындай игі істерді күнделікті өмір салтымызға айналдырсақ, табиғатты сақтауға елеулі үлес қосамыз.

Қорытындылай келе, экология — баршамызға ортақ мәселе. Табиғатты қорғау үлкен істерден емес, әр адамның күнделікті жауапты әрекетінен бастау алады. Жасыл желекті көбейтіп, табиғатты аялап, қоршаған ортаға жанашырлық таныту арқылы біз болашақ ұрпаққа таза ауа, мөлдір су және де көркем табиғат сыйлай аламыз. Әр отырғызылған ағаш – болашаққа қалдырған үміт, әр таза өзен — ұрпаққа қалдырған аманат. Сондықтан табиғатты қорғау – бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеттердің бірі әрі әр азаматтың борышы.

Дереккөздер: Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP).

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми материалдары.

Оставьте комментарий

Прокрутить вверх