Әлеуметтік желі және біз: Фейк пен шындықтың арасы

Сұлтанқызы Айғаным


Қазіргі оқушының күнделікті өмірін интернетсіз елестету қиын. Әлеуметтік желілер ақпарат алуға, достармен байланысуға және жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік береді. Алайда телефонды шамадан тыс пайдалану біздің уақытымызға, денсаулығымызға және оқу үлгерімімізге әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар желідегі жалған ақпарат пен тәрбие мәселесі бүгінгі күні ерекше маңызды болып отыр. Біз телефонды басқарамыз ба, әлде телефон біздің уақытымыз бен санамызды басқарып жүр ме? Бұл қазіргі қоғамдағы шешілмеген басты мәселе.

Әлеуметтік желілердің бізге беретін мүмкіндіктері өте көп: жаңа достар табамыз, қызықты видеолар көреміз, сабаққа қажетті мәліметтерді іздейміз. Біріншіден, бұл құралдар біздің дүниетанымымызды кеңейтуге көмектеседі. Оның себебі — кез келген ақпараттың қолжетімді болуында. Мысалы, TikTok немесе Instagram арқылы тіл үйренетін парақшаларды бақылап, білімімізді арттыра аламыз. Алайда, оның екінші, көлеңкелі жағы да бар. Желідегі трендтер мен блогерлердің өмірі біздің мінез-құлқымызға, сөйлеу мәнерімізге және құндылықтарымызға қатты әсер етеді. Сәнді киімдер, «мінсіз» өмір суреттері кейде бізде өзімізге деген сенімсіздікті тудыруы мүмкін. Сондықтан виртуалды әлем мен шынайы өмірдің шекарасын ажырата білу — үлкен тәрбие мектебі.

Екіншіден, бүгінде желідегі ең үлкен мәселенің бірі — фейк, яғни жалған ақпараттардың тез тарауы. «Пәленше осындай іс жасапты», «ертең мектепте емтихан болмайды екен» деген сияқты өтірік хабарламалар чаттарда бір секундта тарап кетеді. Бұл жағдай қоғамда үрей туғызып, адамдарды адастырады. Қазіргі таңда психологияда «doomscrolling» деген арнайы ағылшын термині пайда болды. Бұл — интернеттегі жағымсыз, үрейлі хабарлар мен өтірік жаңалықтарды тоқтаусыз, шексіз парақтап оқу әдеті. Телефонды ұзақ пайдалану мен кез келген сенсациялық жаңалыққа бірден сеніп, оны басқаларға бөлісе салу немесе репост жасау өте қауіпті. Түнде әлеуметтік желіде ұзақ отыру ұйқы режимінің бұзылуына және келесі күні сабақта зейіннің төмендеуіне әкелетіні сияқты, фейк ақпараттар да санамызды улайды.

Сонымен қатар, осындай ақпарат тасқынында адасып кетпеу үшін бізге ең бастысы — медиасауаттылық қажет. Медиасауатты болу дегеніміз — интернеттегі кез келген мәліметті сүзгіден өткізіп, талдай білу. Ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін біз дереккөзді қарауымыз керек. Бұл жаңалықты кім жазды, ресми ақпарат құралы ма, әлде белгісіз біреудің парақшасы ма? Егер тақырып тым айқайлап тұрса, бұл үлкен ықтималдықпен фейк немесе байт екенін түсінуіміз қажет.

Өз ойымды қорыта айтқанда, әлеуметтік желі дұрыс пайдаланылған жағдайда оқушыға пайдалы ақпарат алуға және білімін дамытуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, желі — бұл жақсы немесе жаман құрал емес, бәрі оны қалай пайдаланатынымызға байланысты. Егер әр адам интернетті тек уақыт өткізу үшін емес, өз дамуына пайдалы құрал ретінде қолданып, медиасауаттылығын арттырса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Көрген нәрсенің бәріне сене бермей, сыни тұрғыдан ойлануды үйренейік!

Оставьте комментарий

Прокрутить вверх