Сагындык Айгерим Канатқызы
Қоғамның шынайы келбеті кейде үлкен мінберлерде айтылған сөзден емес, үнсіз жасалған жақсылықтан көрінеді. Бір адамның екіншісіне қол ұшын созуы, қарт кісінің дорбасын көтерісуі, жалғыз қалған балаға жылы сөз айтуы, сенбілікке шығып, қала тазалығына үлес қосуы сырт көзге ұсақ көрінуі мүмкін. Бірақ адамдықтың алтын өзегі дәл осындай қарапайым істерден басталады. Еріктілік дегеніміз тек арнайы форма киіп, іс-шараға қатысу емес. Ол адамның жүрегіндегі мейірімнің әрекетке айналған сәті.
Бүгінде еріктілік туралы көп айтылады. Бірі оны өмірлік тәжірибе сыйлайтын мектеп деп бағаласа, бірі болашақ мансабына сән беретін маңызды қадам ретінде көреді, ал енді бірі бос уақытын мәнді өткізудің мүмкіндігі деп түсінеді. Мұның бәрінде шындық бар. Бірақ еріктіліктің ең терең мағынасы бұлардан биік. Ерікті болу деген, ең алдымен, біреудің мұңын өз жүрегіңнен өткізе білу. Өзіңе тікелей пайда түспесе де, қоғамға қажет істің қасынан табылу. “Маған не береді?” деп емес, “мен не бере аламын?” деп ойлау.
Мен үшін еріктілік жай ғана сырттай қызығатын тақырып емес. Өзім Jas Volunteers атты волонтерлік ұйымда мүше болдым. Сол ортаға алғаш келгенде еріктілік туралы түсінігім қазіргі ойымнан әлдеқайда тар еді. Шыны керек, басында жаңа орта көру, пайдалы тәжірибе жинау, өзімді сынап көру ниеті басым болды. Бірақ уақыт өте келе волонтерлік мен ойлағаннан әлдеқайда терең әлем екенін түсіндім. Ол жерде адам тек жұмыс істемейді, адам өзгереді.
Jas Volunteers құрамында жүріп, түрлі адамдарды көрдім. Бірі сабақтан кейін шаршап келсе де, іс-шараға уақыт табатын. Бірі демалыс күнін ұйқымен емес, қоғамға пайдалы іспен өткізетін. Бірі көп сөйлемейтін, бірақ тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай орындайтын. Осындай жастарды көргенде, еріктілік адамның мінезін тәрбиелейтін мектеп екенін сезіндім. Бұл мектепте баға қойылмайды, бірақ өмірдің өзі сені сынайды. Уақытқа жауапкершілік, адамдармен тіл табысу, сабыр сақтау, ортақ іске адал болу, бастаған жұмысты соңына жеткізу сияқты қасиеттер еріктілік арқылы қалыптасады.
Кейде волонтерлік жұмыс сырттай жеңіл көрінеді. Біреулер “не істейсіңдер, жай ғана көмектесесіңдер ғой” деп ойлауы мүмкін. Бірақ көмектесудің де мәдениеті бар. Адамға жаның ашып тұрып, оның намысына тимеу керек. Қол ұшын созып тұрып, өзіңді жоғары санамау керек. Жақсылық жасап тұрып, оны міндетсінбеу керек. Еріктінің ең үлкен әдебі осы. Қазақ “оң қолың бергенді сол қолың көрмесін” дейді. Бұл сөздің мәні терең. Шын жақсылық даңғаза іздемейді. Жүректен шыққан көмек жарнамаға мұқтаж емес.
Әрине, қазіргі заманда еріктілік те әлеуметтік желімен қатар жүріп келеді. Іс-шарадан фото салынады, есеп беріледі, ұйым жұмысы таныстырылады. Мұның жаман жері жоқ. Қайта жақсы істі көрсету арқылы басқа жастарға ой салуға болады. Бірақ осы тұста нәзік шекара бар. Егер адам еріктілікке тек сурет үшін, мақтау үшін, түйіндемеге жазу үшін барса, ол істің жылуы азаяды. Жақсылық сырт көзге әдемі көріну үшін емес, ішкі ниет таза болғандықтан жасалуы керек. Түйіндемедегі бір жол адамның кәсіби жолына көмектесуі мүмкін, бірақ жүректегі мейірім адамның бүкіл өміріне бағыт береді.
Jas Volunteers ұйымындағы тәжірибем маған осыны анық ұқтырды. Кей сәттерде кішкентай ғана көмектің өзі үлкен қуаныш сыйлайтынын көрдім. Бір адамға дұрыс бағыт көрсету, бір іс-шарада тәртіп сақтауға көмектесу, балалармен жұмыс кезінде олардың көзіндегі қуанышты көру, үлкендердің алғысын есту адамға ерекше әсер етеді. Ол әсерді ақшаға сатып ала алмайсың. Өйткені алғыс алған сәтте адам өзінің қоғамға керек екенін сезінеді. Бұл сезім жас адамның бойындағы сенімді оятады.
Еріктілік адамды жұмсартады. Бүгінгі қоғамда қатыгездік пен немқұрайлықтың тамыры тереңдеп, өз қамын ғана күйттеу дағдыға айналып бара жатқандай көрінеді. Әркім өз шаруасымен әлек. Біреудің мұңын тыңдауға уақыт жоқ, біреудің қиындығына үңілуге сабыр жетпейді. Осындай кезде еріктілер қоғамның жүрек соғысын еске салады. Олар “адам адамға керек” деген қарапайым ақиқатты ісімен дәлелдейді. Қанша технология дамыса да, адам мейірімсіз өмір сүре алмайды. Қанша мүмкіндік көбейсе де, жанашырлық жоғалса, қоғамның іші суиды.
Ерікті болу үшін бай болу шарт емес. Танымал болу да міндет емес. Ең керегі, ниет. Бір сағатыңды бөлуің мүмкін, бір жылы сөзіңді айтуың мүмкін, бір істің басында жүруің мүмкін. Кейде үлкен өзгеріс жасау үшін үлкен мінбер қажет емес. Қоқыс тастамау, көшедегі жануарға су беру, жалғыз отырған адамға назар аудару, қайырымдылық шарасына қатысу, жастар ұйымына мүше болу, ауылдағы балаларға тегін сабақ өткізу сияқты істер де қоғамның тынысын кеңейтеді. Тамшыдан теңіз құралатыны сияқты, кішкентай жақсылықтардан үлкен адамдық мәдениет қалыптасады.
Еріктілік жастар үшін ерекше маңызды. Себебі жас кезде адам өзін іздейді. Қандай ортаға барамын, қандай адам боламын, өмірімнің мәні неде деген сұрақтар мазалайды. Волонтерлік осы сұрақтарға жауап табуға көмектеседі. Өйткені сен адамдармен жұмыс істегенде өзіңді танисың. Біреудің қуанышына себеп болғанда, жүрегіңнің неге бейім екенін түсінесің. Қиындыққа тап келгенде, мінезіңнің қандай екенін көресің. Командада жүргенде, жалғыз өзіңнің ғана емес, ортақ істің де жауапкершілігін сезінесің. Мен Jas Volunteers арқылы еріктіліктің адамға беретін ең үлкен сыйы ішкі өсу екенін түсіндім. Бұрын кей нәрсеге сырттай қарайтын болсам, қазір қоғамдағы әр мәселенің артында нақты адам тағдыры бар екенін көбірек сеземін. Әр көмек сұраған жанның артында бір тарих, бір үміт, бір күдік тұрады. Ерікті адам сол тарихқа бейжай қарамайды. Ол бәрін бір күнде өзгерте алмауы мүмкін, бірақ қолынан келгенін жасайды. Ал кейде қолыңнан келген кішкентай іс біреудің өміріндегі үлкен жарыққа айналады.
Қазақ халқы ежелден асар жасаған, жылу жинаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел. Бұл біздің ұлттық болмысымыздағы еріктіліктің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Бүгінгі волонтерлік сол көне дәстүрдің жаңа замандағы жалғасы іспетті. Бұрын ауыл болып үй көтеріссе, қазір жастар ұйым болып қоғамға көмектеседі. Бұрын көршіге қолғабыс жасау парыз саналса, қазір еріктілер түрлі әлеуметтік жобалар арқылы елге қызмет етеді. Атауы өзгергенімен, өзегі сол қалпында: адамға адам болу. Еріктілік тек жақсылық жасау емес, жауапкершілік алу. Себебі сен бір іске ерікті түрде келсең де, оны жеңіл қабылдауға болмайды. Уәде берсең, орындау керек. Келемін десең, бару керек. Біреулер саған сенім артса, сол сенімді ақтау керек. Осы тұрғыдан еріктілік жастарды тәртіпке, нақтылыққа, шынайылыққа үйретеді. Бұл қасиеттер кейін қай салаға барсаң да қажет. Журналистикада да, білімде де, бизнесте де, мемлекеттік қызметте де адамды алға сүйрейтін нәрсе тек білім емес, мінез бен жауапкершілік.
Сондықтан еріктілікті тек түйіндеменің әдемі бөлігі деп қарау қате. Түйіндеме жұмысқа апарар, ал жүректегі мейірім адамдыққа апарады. Бірі мансапқа көмектеседі, бірі өміріңнің мәнін тереңдетеді. Нағыз ерікті осы екеуінің айырмасын түсінеді. Ол жақсылықты есеппен емес, ниетпен жасайды. Ол алғыс күтпейді, бірақ алғыс алса, одан күш алады. Ол өзін көрсеткісі келмейді, бірақ ісі арқылы өзгеге үлгі болады. Еріктілік мен үшін жүректің тәрбиесі. Ол адамды биік сөздермен емес, қарапайым әрекетпен өсіреді. Біреуге көмектескен сайын өзіңнің де ішкі әлемің кеңейеді. Қоғамға жылу берген сайын өз жүрегің де суымайды. Ерікті болу деген, өмірге сырттай қарап тұрмау. Елдің бір шетінде болып жатқан жақсылыққа өз үлесіңді қосу. Үнсіз қалмай, қолыңнан келгенше әрекет ету.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, түйіндемеге жазылған тәжірибе уақыт өте ескіруі мүмкін. Ал жүрекпен жасалған жақсылық адамның есінде қалады. Еріктіліктің шын бағасы да осында. Ол қағаздағы жол емес, көңілдегі із. Ол мақтан үшін емес, адамдық үшін керек. Қоғамды өзгертетін де дәл осындай жүректен шыққан істер. Өйткені мейірім бар жерде үміт бар, үміт бар жерде елдің ертеңі жарық.
