Өз заманынан озық болып, ой азабын шеккен Роберт пен Александр бейнелері

 

А.Ғ. Батай, Әлкей Марғұлан атындағы ППУ

 Н.Б. Агалиева, Әлкей Марғұлан атындағы ППУ

 

Кейіпкер жан – дүниесіне психологиялық тұрғыда үңілу, образ психикасындағы арпалыстар мен жан толқыныстары, әсіресе, Т.Әбдікұлының шетел тақырыбында жазылған «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармаларында тереңдеп, жан-жақты ашылған.

С.Асылбекұлы «Егер ауыл мен қала, тарих тақырыптарына арналған шығармалар 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінде молынан ұшырасатын болса, бұл жанрдың шетел өміріне арналған үлгілері тек Т.Әбдіковтың шығармашылық өмірбаянынан ғана табылады. Бұның басты себебі осы тақырыпқа қалам тартудың қиындығында жатса керек[1; 22 б.]», – дейді. Ендеше Т. Әбдікұлының бізге таныс елдердің өмірінен жазған повестерінен шығармашылық шабыт көздері мен материалды қайдан алды деген сұраққа: «Біздіңше Т. Әбдіков бұл соқпаққа сол кездері орыс, ішінара қазақ тілдерінде жарық көрген шетелдік беллитристикалық әдебиеттер мен тарихи кітаптарды зерделеп оқу  мен тоқу және сол шығармалардағы қоғамдық-әлеуметтік шындықтарды бойына шым-шымдап сіңіру арқылы келді» дейді.

Белгілі ғалым ф.ғ.д. Б. Майтанов «Т.Әбдікұлының «Ақиқат» повесінде психологиялық талдау принциптері Ә. Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романымен салыстырады. Ғалым:«Жазушы жаңа шығармасында қазіргі дәуірде моральдық-рухани нормаларды аяққа салған капиталистік системадағы жеке адамның трагедиялық халін нанымды сюжет пен ішкі әлеміндегі тартыс сарындарын суреттеу нәтижесінде күрделі тағдыр көріністерін жасау арқылы көрсетеді. Повесть кейіпкері ерекше дарын  – телепаттық қасиетке ие Роберт өз кәсіп-тіршілігінің жеру сезімі адам талантының дұрыс бағыт таппауынан деген ұғымнан бүкіл әлеуметтік өмірдегі қыруар әділетсіздіктерге көз жеткізу дәрежесіне дейін өседі. Қаһарман санасындағы күрт өзгерістің дүние танымдық жаңалыққа ұласуы осы құбылыс ақиқатқа, ал ақиқат ащы трагедияға айналғанын автор нанымды бейнелейді. Роберт өлімі ақиқатты тану үстіндегі белгілі бір сенім, көзқарастың желісі ретінде түсіндіріледі. Шығарманың композициялық жинақылығына сай идеялық айқындық пен қаһарман жан-дүниесін ашудағы негізгі тәсілі – Роберт ойлары мен тебіреністерін оқиғалық желінен ұштастыру болған. Жоғарыдағы Алмас хан сияқты Роберт те … бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істейміз десе де рұқсат. Бүкіл әділетсіздік атаулының  қайнар бұлағы дәл осы күштілердің зорлығы емес пе?» деген тұжырым қояды. Бұл тұста айырмашылық мол. Бірі – билік басындағы әміршіл, бірі – қабілет-дарынына қарамастан қарапайым көптің қатарындағы пенде. Ұяты да, ортасы да, заманы да бөлек қаһармандар уақытпен шектелмей, мезгіл заңына бағынбайтын  әрқашан толық сырын жария қылудан қашатын абсолютті ақиқат туралы толғанатын сияқты [2;  265 б.]» дейді.

Ал Г. Пірәлиева «Ақиқат» повесін Т. Әбдікұлының үздік шығармаларының бірі ретінде атап өтеді. Алайда туындының жанрлық анықтамсына, яғни повестке фантастика деп айдар тағылуы көңілге күдік туратындығын айтады: «Себебі, көріпкелдік қасиеті бар телепат Роберттің кезкелген адамның ішкі сырын, өзге түгілі өзіне де айта алмайтын арамза пиғылдарын және қай жерде, қандай қылмыстың әрекеттер жасалып, олар кімнің қанды қолымен жүзеге асырылып жатқандығын үйде отырып-ақ болжап білуі фантастикаға жата ма?[3; 168 б.]» дей келіп, оның солай аталуы тек жамылғы ғана екенін, ал шын мәнінде өмірдің нақ өзінен ойып алған шындық еді деді.

Характер мәселесінен келетін болсақ. «Шеберлікпен шыңдалған шындықтың шынайы шығармада Роберттің қанша шырылдаса да ешкімнің көзін жеткізе алмауынан, өзінің тоқтаусыз ағытылған ой тасқынынан, кейіпкер санасындағы, оның жан – дүниесіндегі өздіксіз жүріп жатқан ойлау сезімі арқылы енеді.

Қаламгер мұнда кейіпкер бейнесін саналы ойдың тасқынын санасыздық, ессіздік ағынына айналдыру арқылы аша түседі [3; 192 б.]».

Жазушы жүрегін жаралап, жанын ауыртқан ұлттық мәселені айтудың бір амалын осылайша ойлап тапқан. «Ақиқат» повесіндегі көріпкел Роберт тағдыры да күнделікті өмірде кездесетін, ақылдан азап шеккен, өз өмірімізде бар адамдар келбеті. Оны да жазушы қасақана өзге елге көшіріп, өзегін өртеген ащы шындықтың тұмшаланған шымылдығын ашып, ақиқатты айтуға ұмтылған. Қырағы саясатшыларды осылайша айналып өтіп кетіп, қалың оқырманға ой салған. Осыдан отыз шақты жыл бұрын жазылған бұл екі повесть дер кезінде айтылған шындық екендігімен ерекше қымбат.

Романтикалық-субъективті бастау повестің құрылымынан, яғни образ жасау ерекшелігімен қатар, қақтығыс түрінен айқын аңғарылады. Ақылдан азап шегіп жүрген Робертті айналасындағы адамдардың бәрі жындыға, есерсоққа балайды. Классикалық романтизм теориясында романтикалық«жалған» есінен адасу (романтическое «мнимое» безумие) – биік парасат иесінің үлесі, оған мұндай бағаны тек айналасындағы түсінбеген адамдар ғана бере алады. Мұндай «жынды» – қатігез қалың топқа жартыес көрінгенімен, шын мәнінде «рух таңдаулысы», жаны таза адам. Романтиктердің пікірінше, есінен адасу тұлғаны қоғамда қалыптасып қалған догмалық түсініктерден, ережелерден арылтады. Мұны кейде қоршаған ортамен келіспеген «жан айқайы», өз бойындағы жасырын күш пен мүмкіндіктің көзін ашу деп біледі. Мұндай қарсылық драматизмге әкеліп, адамдар тарапынан мүсіркеу туғызады. Өз ортасымен үйлесім таба алмаған адам қоғамды жатсынады. Ішкі шексіз еркіндік сыртқы қажеттілікпен кереғар келіп, жарасымдық таба алмауы олардың қайта-қайта тұйыққа тіреле беруіне әкеліп соқтырады.

Жындыханада жатып, ғылыми тәжірибе жасауға зорлықпен белгіленген Роберт сияқты шетелдік кейіпкерлердің шығарма желісіне арқау болуы бекер ме? Өз ортамыздан лайықта оқиға, сюжет таппаған соң алынған деуге ауыз бармайды. Бұл повесть біздің елде өмір шындығының өңін айналдырып, социалистік реализм қалпына салып қана жазадан қашқақтаудан туған туынды. Жазушының ақиқатты айту үшін тапқан тәсілі. Бұл повестегі оқиға өз елімізде – қазақ жерінде болды десе жарық көруі мүмкін болмайтын. «Капиталитік дүниені әшкерелеуге арналған»  деген желеумен елеусіз шығып кеткен бұл туындылар тура шындықты – өз ортамыздағы шындықты айтуға арналғандығын енді ашық айтуымызға болар. Сондықтан да, туынданың «Ақиқат» аталуы бекерден-бекер емес.

Роберт сынды өз заманының қуларының ойлап тапқан ережелері мен күллі қоғам бағынуға міндетті заңдарына сыймай, өзінің ақылынан азап шеккен кейіпкер образы орыс жазушысы Грибоедовтың «Ақыл азабында» немесе «Горе от ума» комедиясында кездеседі. Александр Чацкий-Александр Грибоедовтың “Горе от ума” комедиясының орталық кейіпкері. Бұл өз заманының қоғам деңгейінен жоғары көтерілетін ойлы, білімді адамның бейнесі. Чацкий-ХІХ ғасырдың басындағы өзгерістер мен ағартушылыққа ұмтылатын прогрессивті жастардың символы.

Чацкий ұзақ жылдар бойы шетелде оқығаннан кейін Мәскеуге оралады және ол өскен қоғамның өзгермегенін анықтайды. Ол айналасындағы екіжүзділікті, бос сөздерді және мансапты көреді. Басты кейіпкер зайырлы қоғамның жамандықтарын тапқыр және қатал сынайды, бірақ оның сөздерін түсінбейді.

Чацкий Фамусовтың қызы Софияға ғашық, бірақ оның сезімдері ортақ емес. София Молчалинді жақсы көреді-ескі ұрпақтың типтік өкілі, бастамасы мен шығармашылық импульсі жоқ, бірақ қоғамға жағымпазданып, бейімделе алатын адам. Чацкий мен Молчалин арасындағы бұл қақтығыс екі дәуірдің — прогрессивті идеялар мен ескірген көзқарастардың қақтығысын білдіреді.Чацкийдің қайғы-қасіреті оның ағартушылығы мен шындыққа деген ұмтылысы оны өз қоғамына жат етеді. Ол айналасындағылармен ортақ тіл таба алмайды, олар оны оғаш, тіпті ақылсыз деп қабылдайды. Ақыр соңында, Чацкий өз идеяларымен жалғыз қалады, таныстарының арасында қолдау таппайды.Чацкий және оның ақылынан шеккен зардабы даралық пен қоғам арасындағы қақтығыстың Мәңгілік мәселесін көрсетеді. Грибоедов бағыну мен сәйкестік бағаланатын әлемде өз пікірі бар адам болу қаншалықты қиын екенін көрсетеді. “Горе от ума” – бұл сол кездегі қоғамды сынау ғана емес, сонымен бірге мәңгілік адами құндылықтар мен мұраттарға қатты көзқарас.

Екі шығарманың негізгі идеясы – зерделі де терең адамның өзі өмір сүріп жатқан қоғамымен қайшылығы. Екі шығарманы өзара байланыстыратын – тамырын тереңге жайып, өркен жайған қоғамдағы келеңсіздіктер. Чацкийдің жаңа көзқарастары мен ойлары ескі ақсүйектер негіздеріне сәйкес келмейді және оны қоршаған қоғам ессіз деп санайды. Адамды ессіз деп қоғамға жаңа өзгерістер енгізуден әлдеқайда оңай, өйткені олар адам өмірінің кез-келген саласын өзгеріссіз қалдырмайды. Екіжүзділік пен бюрократизм, өктемдік пен қызметшілдік, қулық пен сатқындық іспетті маскалар таққан қулар мен өзін-өзі алдап жүрген байғұстардың – осының бәрі Грибоедов пен Әбдіктің шығармаларында ащы сынға алынады. Екі кейіпкерде шығарманың соңында өте қайғылы кетеді, нақтырақ айтқанда Чацкий өз қоғамынан, безіп кетсе, қоғамнан жырақта жүрргеннің өзінде қоғамнан шаршаған Роберттың асылып, дүние салуы. Бәлкім, Роберттың өзі үшін осындай қоғамнан кетіп қалуы ол үшін бақыт шығар.

«Ақиқат» повесі мен «Горе от ума» ерекше ойлау қабілеті бар Роберттің және Чацкийдің жеке бастарының трагедиясы суреттеледі. Жынды атанған кейіпкерлер – қайшылықты бейнелер. Олар адамның өмірі, адамзат санасы оған ғылым мен өркениеттің ықпалы туралы ұзақ ой сарсаңына түседі. Тек қана өзгешеленетін көзқарасы мен ақылының шексіздігінен олар айналасына оғаш көрінеді. Меніңше, Чацкий мен Роберттей тұлғалардан бас тартып, жаңашылдықтан қақшақтаған қоғам бір күні күйреуге келеді.

Пайдаланылдған әдебиеттер тізімі

  1. Асылбекұлы С. Қазіргі қазақ повестеріндегі заман шындығы (1970-1989 жылдар): филол. ғыл. канд. …автореф. – Алматы, 1997. – 30 б.
  2. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. – Алматы: Санат, 1996, – 336 б.
  3. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. – Алматы: М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, 2001. – 267 б.
  4. Әбдіков Т. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1992. – 512 б.
  5. Грибоедов А. С. Горе от ума. — СПб., 1875. — 138 б.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *