Ұлттық мұраны сақтау – болашаққа сый.

     Серік Дінмұхаммед

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі

ғылыми қызметкері

 

Тәуелсіз ел болып, іргемізді бүтіндеп, тарихымыздың тамыры кеңге жайылып, бабалар рухын қайта көтеріп, тарихымызды түгендеп, біраз жылға созылған отаршылдық санамыз өзгеріп  еркіндік алып, тіліміз бен дінімізді, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді және де ұлттық санамызды қайта жандандырып, әлі де дамыту үстінде келеміз. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары тарих, өнер мен мәдениет салаларына көбірек көңіл бөлініп, еліміздің әр аймағынан әдеби-мемориалдық музейлер, тарихи-өлкетану музейлері, көне қалаларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізліп ашық аспан астындағы музейлер ашылып жатыр. Қазіргі таңда ұлттық сана, ұлттық идеологиялық үлкен серпілістер, келешек ұрпақ алдында үлкен жауапкершілікті қажет етіп отырған үлкен мәселелердің бірі.
          Еліміздің жастары бүгінгі таңда жаңадан ашылып жатқан айти және тағы да басқа технологиялық салаларды ғана игермей, барлық мамандықты игеруі тиіс. Сондықтан, заман талабына сай мамандарды қалыптастыру, және де ұрпақ тәрбиелеу тәуелсіз еліміздің алдына қойған мақсаты ғана емес, сонымен қатар міндеті де болып табылады. Әрбір адам өзінің ұлтының жанашыры болуы, азаматтық борышы. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында, жоғарғы оқу орындарында дәріс алып жатқан студенттер ертеңгі еліміздің болашағы.
         Осы орайда студенттермен білім ордасында жүрген оқушыларға мектеп кезінен бастап отансүйгіштікті, патриотизм мен эстетикалық тәрбие беруде музей қызметінің атқарар міндеті мен мақсаты зор болмақ. Әсіресе әдеби-мемориалдық музейлер мен әскери-тарихи және де тарихи-өлкетану музейлері әрбір адамға үлкен мақтаныш сезімін ұялатады, сонымен қатар, еліне деген, қоғамға деген қызығушылығын арттырады. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде музейлердің рөлі өте үлкен болады.
        Қазақ халқы дүние жүзіндегі ең рухани мәдениеті дамыған ақынжанды халықтардың бірі, байтақ даламызда ән-күй, өлең-өнер күн сайын туындап, көктемнің гүліндей шешек атып жайнап тұрады деген пікірді дүние жүзі халықтары баяғы заманнан бері  аңыз ғылып айтып келеді. Елімізде кез келген үйден, көшпенді халықымыздың ажырамас серігі болған домбыраны кезіктіруге болады. Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деп ата-бабамыз айтқандай, қос ішектен шыққан дыбыспен адамның қуанышын, ашу-ызасын, қайғы қасіретін ән мен күймен жеткізуге болады.
        Осы орайда музей дегеніміз не, оның қандай түрлері бар, мемориалдық музей дегеніміз не, жалпы музейлер қай заманда  пайда   болды   деген    сұрақ   туындау мүмкін.
       Олай болса ең алдымен музейлердің пайда болуы мен музейлердің қызметіне тоқталып көрейік.
        Адамзат тарихында алғашқы музейлердің пайда болғанынан бері  екі жарым мың жылдай өтті. Ежелгі Грекияда «мусейон» деген сөзді музалардың қасиетті орны, ғылым мен әдебиетпен айналысатын орын деген түсінік берген. Ортағасырларда «мусейон» ежелгі жәдігер ұғымын нақтылады да, ренессанс  яғни  қайта өрлеу кезеңімен бірге «музей» деген жаңа ұғым пайда болды.
         ХІХ ғасырда музейдің әлеуметтік-мәдени институт  ретінде қалыптасу процесі аяқталды. ХХ ғасырдың басына келетін болсақ, онда бәрі онша айқын емес:  музей институт болғанымен,  негізінен ғалымдарға арналған мекен болды, дегенмен, болашақта оның мәні кеңейіп, қоғамдық ордаға айналып, халықтың барлық сегменттеріне бағытталып жұмыс жасай  бастады. .
       ХХ ғасыр музей мамандарына қосымша қиыншылықтар әкелді. Музейлердің жаңа типтерінің пайда болуына байланысты (ашық аспан астындағы музейлер, ботаникалық және зоологиялық бақтар, планетарийлер және т.б.), «музей» анықтамасын кеңейту, зердемелеу қажеттіліктері туды. Мәселен, 1974 жылы Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) жасаған анықтамасында 1995 жылғы өзгерістерге орай былай деп жазылған: «музей – қоғамға қызмет етудегі тұрақты коммерциялық емес, адамдар үшін әрдайым ашық, заттай дәлелдемелерге ие болатын, оларды сақтап, зерттейтін, көрмеге қоятын және оқу, тәрбие жұмыстарын жүргізу мақсаттарында қолданатын мекеме».
         Т.Ю. Юреневаның пікірінше, бұл анықтама  дұрыс емес, және нақты анықтама берудің орнына одан  көп сұрақтар туғызады. Белгілеуі бойынша: “Мысалы, Ботаникалық бақтар мен хайуанаттар бағын музей деп санауға бола ма? Оларда жануарлар мен өсімдіктердің коллекциялары бар, олардың қауіпсіздігі туралы шаралар қолданылады, оларға қамқорлық көрсетеді, көрмеге қойылады, оларды танымал етеді, сол арқылы білім беру мақстарында қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырады. Алайда, бұл коллекциялар табиғаттың өлі үлгілерінен емес,  керісінше табиғаттың тірі тіршілік иелерінен тұрады” дейді.
       Айта кетсем, «музей» ұғымының анықтамасы төңірегіндегі қарама-қайшылық оның күрделілігін атап көрсетеді. Жалпы музей саласында музей экспозициясының ғылыми концепциясын құрастыру үшін осы тұжырымдаманы анықтау өте маңызды болып табылады. Сол үшін біз «Ресей музей энциклопедиясында» берілген анықтамаларды қолданамыз. Ол жерде «музей – бұл тарихи анықталған, көп функционалды әлеуметтік мекеме, таңдау арқылы әлеуметтік қажеттілік жүзеге асырылады, қоғамда құндылық ретінде қарастырылатын табиғи және мәдени объектілердің белгілі бір тобын сақтауды және ұсынуды қамтиды. Күнделікті қоршаған ортадан шығарылып, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тарихи құны бар заттар – музей заттары деп есептелінеді».
      Музей дегеніміз жалпы адамзат баласының өміріндегі материалдық және рухани мәдениетті танытуда, зерттеу мен насихаттауда үлкен рөл атқарады. Әсіресе ұлттық мәдени, әскери және әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білуге, үйретуге оның көмегі зор.
     Музей – табиғат пен адам қолынан жасалаған өнер туындыларын немесе жеке заттарын, көне заман ескерткіштерін, үлгі нұсқаларын жинақтап, сақтаушы мекеме. Оларды насихаттау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші рөлін атқарады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *