Қарағайға қарсы біткен бұтақ      

 

 

Тарих қойнауында қанша қазынаның жатқаны белгісіз, бірақ, оның тереңіне мәңгілік жарқырауға қауқарлы қазақ асылдары тым көп жұтылды. «Қазақ» дегенде денесінен ет кесіп беруге даяр Отансүйгіш ер- азаматтарымыз есепсіз еді. Көкжиегі шексіз кең дүниеге аласармас бейнесін қалдырып кеткен, өз еліне өлшеусіз еңбек сіңіріп, бар ғұмырын туған жұртына арнаған ол алыптардың есімі күні бүгінге дейін ұлт жадында көмескіленбей сақталып келеді. Сондай саңлақтардың бірі деп қазақ маңдайына жарық жұлдыз боп біткен қайталанбас өр тұлға, қарымды қаламгер Қабдеш Жұмаділовты атай аламыз. 

     Халық жазушысы 1936жылы сәуір айының 24-ші жұлдызында Тарбағатай баурайындағы Малдыбай ауылында өмірге келген. Ел тағдырына қатысты, егде тартқан қарияның кейбірі қозғай бермейтін ауқымды тақырыптарға ерте жастан ой толғауынан мойнына ауыр жүкті ес біле арқалағанын аңғаруға болады.

     1965жылдан бастау алған әдеби ғұмырының 2жылын «Қазақ әдебиетіне», 10жылын «Жазушы баспасына», 5жылын мемлекеттік баспалар комитетіне сарп етіп, 1981жылы толықтай өз шығармашылығын қолға алады. 1954 жылы 18жасар бозбаланың басылым беттерінде алғаш өлеңдер жинағы, 20жасында «Жамал» атты тырнақалды туындысы жарыққа шығады. Жазушының шығармашылықтан қол үзбегеніне жылара шығып тұрған еңбектері дәлел. 1967жылы «Жас дәурен» атты жыр жинағы жарияланса, 1968жылы «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағы, 1969жылы «Көкейкесті» романы, 1974-1981жылдары «Соңғы көш», 1985жылы «Атамекен», 1988жылы «Тағдыр» атты елеулі еңбектері жарық көреді. 

      Қабдеш шығармашылығының алыптығы ондағы ұлтқа деген сүйіспеншіліктің қуатынан деп бағаласақ болады. Ата жұртының саф ауасымен еркін тыныстап, құмдақ топырағында құмары қанғанша асыр салмағаннан кейін де өз өлкесіне деген сағыныш-сезімі өзегіне сыймайтын болса керек. Себебі, қаламгердің қай туындысына көз жүгіртсек те, қазақ халқына деген өткір сезім ұшқыны анық байқалады. Алайда, жазушының жұртына деген сол бір қайратты махаббатының куәсі тек қолындағы қалам-қағазы болғандай. Халқының өзіне төнген кесапаттан сақтануына, аяғын тұсаулаған кесірлі дертінен арылуына тоқтаусыз үндеу айтқан жазушының жан айқайын жалпы жұрт бірдей түсіне бермеді.

     Десек те, халқының риясыз ықыласы мен шынайы қолдауына ие болған туындыларын да жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, адуынды алыптың «Академиктің көз жасы» атты баға жетпес туындысы бар. Қалың оқырманның көзін қанды жасқа толтырған ол шығармада қазақ халқының мұң-шері мен кеудесін тұншықтырған өксігі армансыз бір ақтарылды. 

    Аталмыш туынды қазақтың тұңғыш тау-кен инженері, біртуар азаматы Қаныш Сәтбаев жайлы болғанмен, хикаят желісінде халықтың сол бір сұм дәуірдегі қасіретті тұрмысы айқын көрініс тапқан. Әңгіменің арқауы болған мына бір жолдардың өзі оқырман қауымның жанын езгіге салады: «Жер емшегін ембей, егін екпей, елдің қолындағы бар байлығын сыпырып алып, ішер асқа, мінер атқа зар қып қойсаң, тірлікпен қоштасудан басқа амалы қалмайды екен. Ол үшін бір ғана шарт: билік басында осы елге титтей де жаны ашымайтын, осы өлкеге тобырлар үстемдігін орнатудан басқа ойы жоқ, мына дала өз иелерінен тезірек арылып, өзге жұртқа неғұрлым тез орын босатса, соған қуанатын адам отыруы керек». Расында, қазақ халқының тағдырын түрлі тауқіметпен толтырған Кеңес үкіметінің құйтырқы іс-әрекеті жас бүлдіршіннің қуыршақ ойнауындай бейберекет болды.   

    Алайда, жазушыны күйзелткені билік басындағылардың саясатынан көрі, озбырлықтың, қасіреттің апанына өзі барып түскен қазақтың аңқаулығы. Жауыздықтың патшасы Голощекиннің зәрлі құрсауына тұтас халықтың қол қусырып қамалып қалғанын автор: «егер ол берекесі берік, ұжымы тұтас, айрандай ұйып отырған тату-тәтті елге келсе бір өзі не істей алар еді? Қанша қатігез, қанша қагы сұйық болса да, болашағын болжайтын саналы жұртқа түк те істей алмас еді. Сол қужаққа ерік берген, сыр алдырып басындырған- тағы өзіміз», — деп ауыр сынға алады. Айтылған әр пікір зілді ақиқатқа толы. 

    Шын мәнінде, қазақтың түбіне жеткен қазақтың өзі. Бұл пікірді автор бір сәттік ашу-ызаның буымен жазған жоқ, тарих сахнасындағы сан түрлі қандыбалақ қырғынды зерттей келе, өз аяғын өзі кесіп, өз бауырын жау қолына өзі тапсырған түрлі безбүйрек, сатқындарды көріп, зарығып, таусылғаннан жазды. «Тура биде туған жоқ» деген емес пе?! Ол дәуірдің зобалаңын дөп басып сипаттап, 20-шы ғасырдың қазаққа тек қасіретті нәубетпен келгенін халыққа лажсыз мойындатты. 

     Қалай десек те, бір тұстан сүйектеріне терілері жабысқан аш халықтың аянышты халі, екінші тұстан қарабайыр халыққа өз өктемдігін өлшеусіз жүргізіп кеткен Сталиннің түрлі сұмдықтары, халықтың кеудесін зарға көмген сұм саясат және сол аласапыранда бір- біріне қорған бола алмаған өзінің надан қандастары мен олардың іс-әрекетін бейнелеу, талдау автордың да жүрегін қанжылатады. 

     Осындай қиындықтармен қоса, басты кейіпкердің тұлғалық образын ашу, еңбек жолы мен жастық ғұмырын көркем суреттеу, қазақ еліне қосқан үлесіне лайықты баға беру — көп жазушының қолынан келмес ерлік іс. 

    Туындыгердің барлық шығармаларынан, өткір шындық пен тиянақты ізденісті, тынымсыз еңбек пен теңдессіз талантты байқауға болады. Ел жоғын жоқтап, кей кеселдерін ашына жазған «Шекараның да шырғалаңы аз емес», «Қаламдастар лебізі», «Бір ғана ғұмыр», «Ынсап жоқ жерде ұят та болмайды», «Қызыл сызық», «Қаламымды қозғайтын күш — шындықты айтуға құштарлық» атты сыр- сұхбаттары мен ой-толғауларынан қоғам дертін жазбай танитын кемеңгер- парасаттылығына куә боламыз.  

    Бүгінде қазақ елі жазушының заңғар болмысы мен таңдаулы туындыларына құрметпен бас иіп, тағзым етеді. «Ер есімі ел есінде» дегендей, Қабдеш атамыздың кемелді тұлғасын, қайраткерлігін насихаттауды мақсат қылып, өзі түлеп ұшқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ауқымды ғылыми додалар ұйымдастыруды қолға алды. Бәлкім, халықтың осы бір ыстық ықыласы- шыбын жанын шүберекке түйіп, алып күшке қарсы күресіп, елі үшін шырылдайтын ұлтжандылығы мен Отанына арнаған махаббатының орнын толтырған болар..

 

Сейдигалымова Жалын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика мамандығының 1курс студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *