Жасанды интеллекттің адамзат өміріндегі рөлі

Досымова Нұршат

Жасанды Интеллект ұғымы 1956 жылы төрт американдық ғалым Джон Мак-Карти, Марвин Мински, Натаниэл Рочестер және Клод Шеннон ұйымдастырған Дартмут колледжіне (Ганновер, АҚШ) жазғы семинарда өз бастауын алды. Бұны ойластырудағы мақсат көпшіліктің назарын аудару болды. Ал қазіргі мақсаты – роботтарды халықтың көмекшілері деп жариялау.

Жалпы «Жасанды интеллект (ЖИ)» терминін естімеген адам қалмаған шығар. Қазір екінің бірі оны қолданады. Осы тақырыпта ең басты мәселе адам баласының орнын роботтар баса ала ма? Халық роботтардан қорқады және ЖИ туралы қатты алаңдауда. Қазіргі таңда әлемдегі беделді ғалымдар ЖИ-дің дамуына екі түрлі көзқараспен қарайды. Бір тобы ЖИ адам баласына еш қауіп төндірмейді деп сенсе, екінші тобы адамзаттың түбіне жететін ЖИ-ға ие роботтар деп санайды.

Жасанды интеллект жұмысы екі бағытқа бөлінеді. Бірінші бағыт адамның интеллектуалды әрекетінің өнімін қарастырады, оның құрылысын  меңгереді (есептерді шешу, теоремаларды дәлелдеу, ойындар) және бұл өнімдерді қазіргі техника көмегімен жасайды. Екінші бағыты интеллектуалды іс-әрекетінің нейрофизиологиялық және психологиялық механизмі туралы мәліметтерді, дәлірек айтқанда адамның саналы іс-әрекетін қарастырады.

Баршамыз білетін миллиардер және американдық кәсіпкер Илон Рив Маск ұсынған деректі фильм «Do You Trust this computer?» ЖИ-дің қарапайым адам өміріне әсері тақырыбын ашады. Оның пікірінше: «Бір күні барлық диктаторлар өледі, бірақ олардың орнын қашып құтыла алмайтын, өшпейтін диктатор алуы мүмкін»,– деді. Біздің өміріміздің дерлік барлық саласы көптеген ауруларды емдеуді, ірі және шағын компаниялардың жұмыс істеуін және тұрмыстық заттарды өндіруді қамтамасыз ететін әртүрлі автоматтандырылған жүйелердің жұмысымен байланысты болады. Күн сайын технология дамып, ЖИ адамдарға көбірек билік етуде. Жасанды интеллектті енгізудегі ең жиі кездесетін қиындықтар үш жағдайда кездеседі. Мәселен деректерді басқару әдісінде жасанды интеллектті енгізу үшін оның сапасы мен құпиялылықты және қауіпсіздікті басқару қажет. Сіз тұтынушы деректерін сақтауға және олардың құпиялылығын қорғауға жауапты боласыз.

ЖИ машиналық оқытуды, орасан зор ресурстарды қажет етеді. Оның қосымшаларын іске қосу және модельдерді оқыту үшін сенімді есептеуіш инфрақұрылымды пайдалану қажет.

ЖИ жүйелерін бейтарап болуға үйрету үшін деректердің үлкен көлемін енгізу қажет. Оқу материалдарын сақтау және өңдеу үшін сізге жеткілікті жады қажет. Сонымен қатар оқытудағы дәлдікті қамтамасыз ету үшін деректерді тиімді басқару және сапаны бақылау жүзеге асырылады.

ЖИ-дің адамзаттан айырмашылығы көп ақпаратты аз уақыт ішінде есте сақтау және өңдей білу қабілеті. Адамның есінде ауқымды ақпарат сақталуы үшін күніне 3-4 рет қайталап, уақыт өткен сайын жадысын жаңғыртып отыру керек болады. Ал жасанды интеллект бір жаттағанын ешқашан ұмытпайды. Сондай-ақ сандық ақпаратты жылдам өңдеу қабілеті бар. Мысалы, адам екі орынды санды қосып болғанға дейін, ЖИ экономикалық жағдайды талдап, қай валютаны сатып алу тиімді екендігін есептеп үлгереді.

Адамды басқа жандылардан ерекше ететін қасиет ол – сана сезім. Пендені роботтардан жоғары қойып тұрған қасиет те осы. Роботтар қандай да бір ауыртпашылықты, суық тиуді,  ішкі организмнің ауруын және т.б. сезбейді. Түскі асқа немесе ұйықтауға үзіліс жасамайды, ол бір уақытта жүздеген мың қоңырау шалып, әртүрлі тақырыптарда сөйлесе алады. Бұл адамның сөзін танып, мағыналы диалог жүргізуге үйретілген робот, дәлірек айтсақ, жасанды интеллект. Оның болашағы өте алуан түрлі. Біз оның өмірімізде және күнделікті әрекеттерімізде барған сайын маңызды рөл атқаратынын күтуге болады. Дегенмен, оның максималды пайдасын қамтамасыз ету және ықтимал қауіптерді болдырмау үшін моральдық және этикалық ойларды ескере отырып, ЖИ-ді дамыту маңызды болмақ.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *