Өмірлік мақсат

Өмірлік мақсат
Мақсат-қысқа, орта және ұзақ мерзімде болады. Ең бастысы армандамас бұрын адамда мақсат болу қажет. Мақсатсыз адам көлігіне отырып алып, қайда баруды нақтылап жатпай басы ауған жаққа жүре берген жүргізушіге ұқсайды. Уақытты босқа өткізген боласың. Сондықтан адамға ең әуелі шынайы арман, мәнді талап, нақты мақсат, сол мақсатқа жеткізер тыңғылықты жоспар керек.
“Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға”-деп ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, армандауды білмейтін адамда үлкен мақсат болмайды. Сол үшін арманыңыз асқақ болсын. Үлкен мақсатты орындаудан еш қорықпаңыз. Бізге армандау қабілетін берген болса, бізге оны орындауға да мүмкіндік берген. Адам арманына жетпесе де, сол жолда жүрудің өзі бір ғанибет. Ең бақытты адам- ойындағы бар арманына жеткен жан емес, сол жолдан табанды күресе білген адам. Өйткені кемелдікке ұмтылған адамдар нәтижеден бұрын әрекеттің өзінен бақыт тауып, ләззат алады. Мақсатың айқын болу үшін оған нақты жоспар керек. Бұл жоспарды құра отыра, осы жоспар бойынша әрекет етсең, сенің арманыңның көлеңкесі көрінетін болады, ал егер “бүгін не істесем екен?” деп құр босқа қиялданып отырған адамға көлеңке түгілі, қара түнектен басқа ештеңе көрінбейді. Сол себептен “Бүгін” немесе “Ертең” деген сөзді “Қазір” деген сөзге алмастыруымыз қажет.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіге басымен байланып қалған, бар уақытын осы желілерде өткізіп, бар ғұмырын арзан қылжың, қысыр әңгіме тамашалауға жұмсаған адамға ешқандай нәтиже бермейді. Бір орында тұрып қалып тұрақталып қалсаң дәл солай мақсатың тұйықталып, түрлі құмарлық сезімдердің тұтқынына айналып кетесің. Мұндай адамның тұлға ретінде дамуы, жан-жақты жетіліп, рухани кемелденуі мүмкін емес. Мақсаты нақтыланған адам сол бағытқа қарай әрекетке көшіп, білімін,уақытын,ресурсын, энергиясын сол мақсатқа жұмылдырады. Нақтыланған жоспар бойынша әрекет ете біледі, өзіне қойған талаптардан асып кетпейді, міне мақсатты адам, ол өз арманының бір кірпішін қалап жатыр. Әрекет кірпіштерден тұрады, нәтижесін көру үшін біз әрекетіміздің сапасын жоғарылатып арманымыздың бөлшегін көреміз. Өміріңде жоспарлы мақсатың болмаса, ғұмырың өкінішке орай толы берекесіздіктен тұрмақ. Әуелі санаңда, кейін қағаз бетінде көрініс табады, сосын іс жүзінде орындалады.
Осылайша біз өз болашағымыздың кірпішін қалайды екенбіз. Ең бастысы өмірге деген көзқарасымыз өте жақсы болуы қажет, өзің сүріп жатқан өміріңді өзіңнен басқа ешкім өзгерте алмайды. Барлығын бір мезетте қойып, өз-өзіңді қолыңа алатын кез келгенін түсіне білу ең бастапқы әрекет. Сондықтан қазіргі күнмен өмір сүріп, ертеңгі күніңнің қамын жаса. Қазірден баста, ертеңге қалдыру ол жәй ғана демалудың сылтауы, ертең деп жүріп бір орында қалып қоясың. Аз-аздан, бірақ үздіксіз жасай білудің өзі бір өнер. Қандай да бір іс бастасаң да әуелі аз-аздан баста. Қазақтың “тамшы тас теседі” деген сияқты, әр нәрсені үзбей жаса. Аз-аздан болса да сапалы атқарылған іс жиылып, тауға айналады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының: “Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады”- дегеніндей. Абай атамыздың “Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға” дегені секілді үздіксіз жасалған іс түбі нәтижелі болады. Кідіріс жасап, айналаңа қарап,өткенді сараптап, келер күнді бағамда!
Мен мақсатты дұрыс, жүйелі қоя білу жетістікке жетудің жартысына тең екенін түсіндіруге тырыстым. Армандар орындалады, егер мақсатыңыз айқын болса.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *