Тәрбие тал бесіктен

Домулла Гульчехра Марсжановна
Алматы облысы, Талғар ауданы
«Мурагер» балабақшасы
Тәрбиеші
Тәрбие тал бесіктен
Ұяда не көрсең
Ұшқанда соны ілерсің
Ұлтымыздың ұғымында тал бесік тәрбие құралы болумен қатар, шаңырақтың берекесі аталған. Атақты ойшыл әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі. Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына» деген екен. Ең алдымен бізге білім емес тәртіп керек, яғни білім алу үшін тәрбиелі, инабатты болу қажет.
«Тәрбие басы тал бесік» деп қазақ бекер айтпаған. Баланың білімді не сотқар болуы ата-аналарына байланысты. Себебі олардың әрбір ойлы-ойсыз әрекеттері, жағымды-жағымсыз қылықтары балалар үшін үлгілі үздік ғылым, оны ешқандай оқумен, сабақпен өзгерте алмайсың. Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстаздан,құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын қатты жақсы көрсе содан жұғады» – деген.
Тәрбие отбасынан басталады. Бала өмірінде әке мен ананың рөлі өте маңызды. «Әкеге қарап ұл өседі, анаға қарап қыз өседі». Сондықтан ата-ананың өзі балаға үлгі болатындай тұлға болуы қажет. Бала ата-анасына қарап адалдықты, мейірім мен махаббатты, жақсылықты бойына сіңіріп өседі. Әке ұлағаты мен ана тағылымын көріп өскен ұрпақ елінің болашағын, халықтың қамын ойлайтын ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Ал ұлттың рухты биік бағалайтын ұрпағы бар мемлекет мәдени дағдарыстарға төтеп бере алады.
«Бала туғанда ақ қағаздай туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі. Бала тәрбиесі сол сияқты, оны қалай тәрбиелесең солай өседі» – Жан Жак Руссо. Бала біздің айнамыз. Біреудің бүгінгі көрінісі кешегі үйіндегі тәрбиесінің жемісі. Біз қоғамды өзіміз жасаймыз, сондықтан болашағының баянды болуын қалаған ел ұрпағының ұлағатты болуына мүдделі болуы керек. Ол үшін балаларды жақсы – жаман деп бөлмей, бірлесіп аяғынан нық тұруға көмектесу керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп, суарсаң жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап түзету қоғамның, яғни ең алдымен ата-ананың, балабақша мен мектептің міндеті. Шындығына келсек тәрбие бастауы, оның қайнар көзі ананың ақ сүті мен әкенің жылы алақанында. Не дегенмен де қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – деп бекер айтпаған ғой.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *