Мемлекеттік тіл — менің тілім

Толеушова Куралай Едиловна

Жер жүзінде алуан түрлі ұлт бар. Олардың түрі де, түсі де, тілі де бір-бірін қайталамайды. Өзіне тән ерекшелікке ие. Ол ерекшелікті жасап тұрған —  ең әуелі  туған тілі деп ойлаймын. Өзінің туған тілін қастерлеуге үндемейтін халық жоқ деуге болады. Өйткені, әр ұлт өзінің ана тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялап, халқын сол тілді қастерлеуіне шақырады. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесі қашан да жоғары екендігі даусыз. Ана тілі туралы ойды мемлекеттік тілмен байланыстыруымның себебі де – сол!

Өз тарихында түрлі аумалы-төкпелі кезеңдерден өткен қазақ халқы тартысты кезеңдерді артта қалдырып, түбінде Тәуелсіз мемлекетке айналды. Еліміз еңсесін тіктеп, егемендігіне қол жеткізгеннен кейін барлық күрес соңына жетті деген сөз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әр 14 күнде бір тіл өмір сүруін тоқтатады екен. Демек, еліміз тәуелсіздігін алса да, өз тілін, ділін, ұлттық келбетін сақтауда мәдениетті күресті тоқтатпайтыны белгілі. Оны қазіргі дәуір тілімен  «бәсекеге қабілеттілік» деп атайды. Бүгінде бәсекеге қабілеттілік білімнің тереңдігімен өлшеніп отыр. Адамзаттың жалпы кеңістікте басты қаруына айналған —  сапалы білімді ұрпақ бойына сіңіру үшін ана тілінің, ұлттық құндылықтардың алдыңғы қатарда тұруы жазылмаған заңдылық. Себебі, ана тілін ардақтап, ұлтын сүйіп өскен адамның жалпы адамзатқа деген мейірім сәулесі де бойында қалыптасады. Ал өз ұлтын және тілін сүйе алмаған адамнан одан артық нәрсені күту де әбестік. Осы пайымды үнемі ойда ұстап, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің еліміздегі мәртебесіне алаңдаймын.  «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтын-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына, — деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, біздің ана тіліміз қолдағы теңдессіз қазынамыз. Оны ардақтайтындар қатары өз арамызда азайса алысқа бармаймыз. Міне, мемлекеттік тілге айрықша мән беруімізді осы үшін де үдете түскеніміз жөн.

Шешендіктің шынайы қуаты болмысына боямасыз дарыған қазақ халқы қашан да, қай істе болмасын мәселенің тамырынан басып, келелі ойлар айта білген. Өз ойымның қорытындысында бабаларымыздың ана тілін ардақ тұтуға қатысты қаншама құнды ойлар айтқандығын тілге тиек еткім келеді. Демек, елдігіміздің басты белгісіне айналып, қаншама ғасырлардан бері ештеңеге бергісіз қазынамызға айналған мемлекеттік тіліміз бізге ғана тиесілі. Оны аялау, ардақтау, мақтан тұту тек біздің асыл міндетіміз.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *