ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ-ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ-ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Біз, ұстаздар қауымы сапалы білім, саналы тәрбие беруді ұлттық тәрбиеден яғни өзіміздің баға жетпес ұлттық құндылықтарымыздан қарастыруды тиімді- деп, есептеуіміз қажет. Өйткені ұлттық тәрбиенің берері мол, әсіресе, ана тілі байлығының алар орыны ерекше болары сөзсіз.
Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат бірнеше ғасырлар бойы қолданылып, шыңдалып қалыптасты. Осы бірнеше мыңдаған ғасырлық тарихы бар ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой-пікірлердің дамуын, халқымыздың шынайы ұлттық тұлғасы болған ақын, жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлерінің үлгі-өнегелерін тәрбие мәселесінде пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Мен, тәрбиенің алтын діңгегі-ұлттық құндылықтар дер едім; Себебі ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие –адамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп өзара байланысады. Бірін-бірі байытып, құнарландырып отырады десем, артық айтпаған болар едім. Ұлттық тәрбиенің тереңінен нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адамның бойына жалпы адамзаттық, мәдени және рухани құндылықтар тез сіңеді, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді. Ұлттық құндылық – тұнған рухани қазына. Халқымыздың тәрбие тәсілдері, тілі мен мәдениеті, наным-сенімі – бұлар халық үшін асыл да, қымбатты, рухани дүниелер.
Кез-келген халық ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры, болашағы десе, ұлтымыздың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның керемет қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі –біздің қазақ халқы. Ұлтымыздың мақтанышына айналған тәрбиенің алтын діңгегі-ұлттық құндылықтарымыз ұлттығымыздың негізі.
Баланың бас ұстазы ата-анасы демекші. Бала тәрбиелеуде, отбасының атқарар рөлі де зор. Адам баласының дүниеге келгенде енетін үйі, ержететін, тәлім-тәрбие алатын қасиетті алтын бесігі-ол өз отбасы. Отбасының адамзат ұрпағына ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Осы орайда: Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген халқымыздың қасиетті сөзінен отбасы тәрбиесінің күшін білуге болады.
Бала тәрбиесінде мектеп пен отбасы тәрбиесі бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыратын домбыраның қос ішегіндей. Бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздар бірлігі өте қажет. Ата-аналар ұстазға көмекші, сенімді тірек болса, мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақта байланыс күші нығайғанда барлық күрделі, сан алуан мәселелер түйіні оңай шешілері хақ.
Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, ұлттық құндылықтар аясында салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, тілді т.б. кеңейту- маңызды мәселелердің бірі. Біздің алдымыздағы үлкен мақсат-Ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі заманның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Ұрпақты тәрбиелеуде үйлесімділік заңы салтанат құруы керек.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды ұрпақ санасына сіңіре білуіміз қажет. Тәрбиенің алтын діңгегі-ата-бабамыздан қалған мұралар мен дана сөздер десек, біз соларды насихаттайтын жүргізушіміз. Қоғам болып қолға алып, мәдениетті, тәрбиелі болып жүруді әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері хақ!
Астана қаласы
«Б.Момышұлы» атындағы
№53 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі:
Орынбаева Лаура Адильбеккызы.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *