Жарқын болашақ – сапалы білімде

Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана ұшпаққа шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде мұғалімдер мен оқушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді. Ел Президентінің жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде де білім саласы назардан тыс қалмайды.
Жақында өткен ҚР Парламент Мә­жілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін айта келе, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесіне тоқталып өтті.
Президент ең алдымен сапалы білімді қолжетімді ету қажеттігін айтты. Өйткені қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті маман екені айқын. Бұл бағытта елдегі білімге құштар, дарынды жастарға қолдау көрсетілмек. Әсіресе ауыл жастарының сапалы білім алуына жағдай жасалып, таланттардың танылуына жол ашылмақ.
Ал сапалы білімді беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейтін – ұлағатты ұстаз. Сананы тұрмыс билеген бүгінгі қоғамда мұғалімнің қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас. Бұл ретте Мемлекет басшысы «мектептерді жақсы мұғалімдермен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» деп ұстаздардың әлеуметтік жағдайының маңызды еке­нін алға тартты. Себебі ол әлеуметтік мәселелерге алаң қылмай, алаңсыз сабақ беруі тиіс. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөзі қайта жаңғырып, ұстаздарға айрықша мән беріліп, мәртебесі жоғарыласа нұр үстіне нұр болары хақ.
Сонымен қатар Президенттің білім алуды қолжетімді етуде халық көп шоғырланған аймақтарға арнап білім гранттарын бөлу туралы тапсырмасы да көптің көңілін көтерді. Себебі грант саны өңірлерге тең бөлінгенде, тестілеуден жинаған балы жоғары бол­ғанымен грант бұйырмай қалатын жағ­дайлар жиі кездесетін. Бұл бастама халық саны көп аймақ жастарының мемлекет қолдауымен, ақысыз, сапалы жоғары білім алуға мүмкіндігін арттырып, болашаққа сеніммен қарауына септігін тигізбек.
Әр мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуының тағы бір көрсеткіші – әлемдік тәжірибеге сүйенген білімді маман даярлаумен тығыз байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысы өз сөзінде шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының, соның ішінде Қазақстан­ға аса қажетті техникалық бағыттағы оқу орындарының филиалдарын ашу туралы айтқан сөзі – жастардың елден тыс кетпей-ақ, сапалы білім алуына жол ашатын елді елең еткізген жаңалықтың бірі болды. Бұл қажетті мамандармен елді қамтамасыз ету мәселесін шешудің тиімді жолы болары сөзсіз.

Орындаған: Сайлау Т.Ж.

Аға оқытушы: Тунгатова Ұ.А.

https://www.kaznu.kz/

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *