Темірқазық кітабы

3 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кітапханасында Азамат Жамашев, Ернар Мажен, Дорбетхан Жомарт сынды авторлардың қаламынан туған «Темірқазық. Қазақ жеріндегі ислам дінінің өткені мен бүгіні» монографиясының тұсаукесері өтті. Келелі жиынға дінтану және тарих мамандарынан бөлек әртүрлі университеттердің ұстаздары мен студент-магистранттары қатысты.

Алғысөзді бастаған – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Философия және саясаттану» факультетінің деканы – Мейрбаев Бекжан Берикбайұлы авторларға ерекше алғыс білдіріп, исламтану секілді гуманитарлық ілімдердің болашағы зор екенін атап өтті. Кітаптың мазмұнын талдап, қаламгерлердің жыл сайын кітап жазатын мерейтойы болуын тіледі.

Жиынға белгілі бір себептермен кітап рецензенттері – ҚР ҰҒА академиктері Ғарифолла Есім мен Болат Көмеков келе алмағаны себепті онлайн пікірлерін білдіріп, жазушыларға табыс тіледі. Ғарифолла Есім кітаптың әрбір кітапханада тұру керектігін айтып, «Темірқазық» еңбегін «атына заты сай кітап» деп сипаттады.

Осы орайда кітаптың мақсатына тоқталсақ, еңбек ислам дінінің таралу кезеңінен бастап ХХ ғасырға дейінгі қазақ даласының жағдайын кеңінен қарастыра баяндайды. Әр бөлімнен кейін көрнекілік ретінде берілген карталар сол кезеңдегі мемлекеттердің діни, әлеуметтік, саяси жағдайын түсінуге көмектеседі.

Одан кейін тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор Берекет Кәрібаев кітаптың бір жылда жазыла қояған жеңіл еңбек емес екенін айтып, шынымен де жолдан адастырмайтын темірқазық болуын тіледі. Тарихи деректердің методологиясы бойынша сын айта отырып, сирек кездесетін кітаптардың қолданылуына оң көзқарасын білдірді. Кітаптың тілі түсінікті екенін алға тартып, келесі бөлімнің жарыққа шығуы қажеттігін жеткізді.

Қарымды қаламгер – Жұмабай Шаштайұлы кітаптың кіріспесіне көз жүгіртіп, еліміздегі діни ахуал туралы сөз қозғады. Қазақтардың дінді қабылдаудағы психологиясы қандай болғаны туралы ақпараттардың осындай кітаптарда кеңінен жазылуын насихаттады.

Жиынның модераторы «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Дүрбелеңқызы конференция барысында кітаптың ерекшеліктеріне тоқталды. Соның ішінде деректердің мұрағаттардан, әлі ғылыми айналымға түспеген материалдардан алынғанын атап өтті. Себебі, еңбек ірі зерттеу жұмыстарымен, танымал тарихшы, зерттеуші ғалымдардың еңбектерімен және шетел әдебиеттерін аудару арқылы ұсынылған.

Монографияның үшінші рецензенті, филология ғылымдарының кандидаты Рашид Мұхитдинов оған «тарихи оқиғаларға дінтанулық талдау жүргізілген ерен еңбек» деген баға берді. Білдірілген сын-пікірлерге қатысты: «Бұған дейінгі тарихи еңбектердің көбісі европоцентристік көзқарасқа негізделген қайнаркөздерге жүгінсе, бұл еңбектің авторлары көптеген тілде жазылған еңбектерді қолдана отырып, өздерінің дербес дінтанулық сараптамаларын берген», — деп жауап берді. Шынында, монографияны жазу барысында, негізінен, қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб тілдерінде 562 әдебиет қолданылды.

Жиынның логикалық межесі ретінде «Философия және саясаттану» факультетінің деканы – Бекжан Мейрбаев және жазушы – Жұмабай Шаштайұлы салтанатты түрде кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.

Қорыта айтқанда, түркілердің исламды қабылдауы, алғашқы түркітекті сахаба, Қарахан, Алтын Орда кезіндегі ислам және басқа да өзекті тақырыптарды қамтыған «Темірқазық» кітабы кез келген зерттеуші мен оқырманды бейжай қалдырмасы анық.

Романұлы Нұртөре

https://www.kaznu.kz

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *