Ғаламтордың пайдасы көп пе, зияны көп пе?

 

     Интернет – бүгінгі қоғамда жастың да, кәрінің де, тіпті бүлдіршіннің де көзайымына айналғаны ақиқат. Кейбір жандарға пайдасын берсе, енді біреуіне зиянын тигізіп жатқанын да білеміз. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы 4,1 миллиард адам ғаламторды пайданса, қазір олардың саны 25%-ға артса керек. Ғаламтордың керек тұстары өте көп, дегенмен мүлде пайдасы жоқ тұсы да жетерлік.

     Естеріңізде болса, бір жылдары “Синий кит” атауымен танылған жеткіншектерді өлімге дейін жеткізген ойын түрлері көптеп тарап кетті. 15-тен астам жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, 50-ге жуығы ауыр жарақат алған еді. Өкінішке орай, әлеуметтік желінің кесірінен осындай қайғылы жағдайлар орын алып жатқаны, барлық халықты уайымсыз қалдырған жоқ. Дегенмен, көптеген семинарлар жүргізіліп, әр мектепте осы бойынша қатаң ескерту жасалғанының арқасында, қазір бұл дерттің алдын-ала алдық. Осыған байланысты, ұстаздар мен елеулі органдардың да алған жауапкершіліктері аз емес.

     Менің ойымша, әр нәрсені қалай өз пайдасына жаратуы, ол адамның өзіне байланысты. Мысалы, қазіргі таңда идеялары жер жарып тұрған, еңбектері ауыз аштырарлық неше түрлі өнертапқыштар да аз емес. Солардың бірі – Семей қаласындағы жас өнертапқыш Виктор Хегай. Ол зағиптарға арналған робот жасап шығарды, зағиптардың қозғалысына айтарлықтай көмек береді деседі, зерттегендер. Сөйтіп, әлеуметтік желі арқылы біраз атаққа ие бола алды. Мінекей, бұл да жоғарыда айтылғандардың бір дәлелі екені сөзсіз.

    Сонымен қатар, ғаламтор арқылы ақпаратты жедел түрде табуға, алыстағы  жақындарыңмен байланыста болуға, өзіңді жетілдіруге көмек беретін құрал болып табылады. Әйтсе де, кітап оқығанды,қызықты сәттерді виртуалды түрде емес, шынайы өмірден алуды естен шығармауымыз қажет. Барлығы смартфонға байланған заманда, көңіліңді шынайы өмірге бұруға да кейде шамаң жетпей қалуы мүмкін. Сол себепті тәуелділіктен арылып, бой жазу ешкімге зиянын тигізе қоймасы анық.

    Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әр нәрсенің өзінің шегі және пайдаға асыруға болатын немесе болмайтын тұстары болады. Жас ұпақ, сіздерге айтқым келетіні, бос уақыттарыңызды текке құртпай, спортпен, бимен не болмаса өздеріңіздің сүйікті істеріңізбен шұғылдануға арнаңыздар. Әйтпесе, қамшының сабындай ғана өмірлеріңіздің ғаламторға байланумен өткенін түсініп, бармақ тістеп отыруларыңыз әбден мүмкін. Келешек ісіңе сәттілік, оқырман!

                                                            

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *