ЭКСКЛЮЗИВ: Отбасым үшін журналистиканы тастадым.

    Қара шаңырақтағы отбасы бақытын сақтау үшін ежелден қолданылатын отбасылық құндылықтар бар. Бұл құндылықтардың басы мансап немесе отбасы алдындағы таңдаудан басталады. 

    Шаңқай түстің мезгілі еді. Факультеттен жатақханаға барар жолда дүкенге соқтым. Кіріп барсам, ұзын-сонар кезек екен. Қажет заттарды алдым да, кезеккке тұрдым. Сөйтіп жүзі жайдары келген жеміс-жидек сататын апаймен танысып, біраз сөйлестік. Әңгіме барысында өзінің Журналистика факультетінің түлегі екендігін, баспада қызмет еткендігін айтқанда, қатты таңдандым. Жеміс-жидек сатып тұрған қарапайым жанның журналистикадағы еңбек жолын көпшілік біле бермейді. Роза Есжанова сол замандағы С.М.Киров атындағы, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін, кейін 6-разряд бойынша 1 жылдық баспа курсын тәмамдаған. 1985 жылдан 2010 жылға дейін «Qazaq universiteti» газетінің басылымында қызмет атқарған. 

    Роза Есжанова армандап түскен мамандығын да, журналистік мансап жолын да отбасылық және тұрмыстық жағдайларға байланысты тастаған. Бала шақтан серігіне айналған ақындық өнері де жолда қалған. Бүгінгі таңда ҚазҰУ қалашығындағы дүкендердің бірінде жеміс-жидек сатады. Роза Есжанованың журналистика жолынан кетуі, бір жағынан, өмірлік мақсатын құрбан етуге мәжбүр болған шарасыз адамның әрекеті болса, енді бір жағынан, отбасы берекесі мен шаңырақ ұйытқысын бәрінен жоғары санаған аяулы ана екендігін танытты.    

 

                                                                                                      Дана САДЫРҚАН,    Журналистика факультетінің  2-курс студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *