Тәуелсіздігім – туыммен тұғырлы, елтаңбаммен еңселі, әнұраныммен айбарлы

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қазақстан Республикасының Әнұранынан
Еңселі еліміз екі ғасырдан астам уақыт Кеңес Одағының құрамында болып, егемендікке 1991 жылы ғана қол жеткізді. Өзінің шекарасын белгілеп, рәміздерін бекітіп, валютасын айналымға енгізіп, әлемдегі өзге елдермен терезесі тең тәуелсіз ел атанды. Біздің осылай арайлап атқан азаттықтың ақ таңымен бірге оянып, бейбіт елде бейқам өмір кешіп жатқанымыз – ата-бабаларымыздың өр рухының, қайтпас қайсар мінезінің, ұрпағын ойлаған жанашырлығының арқасында екенін естен шығармауымыз керек.
«Тарихты білмей – өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын», – деп Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, тарихқа терең бойлап, өткенімізді танымай, келешекке қадам басу мүмкін емес. Сондықтан Тәуелсіздік күнін тойлап, болашаққа сенім артар шақта, қазақ халқының бостандық жолындағы күресін тағы бір еске алып өткенді жөн көремін.
XV ғасырдың екінші жартысында Жетісу жеріне туын тіккен қазақ хандығы құрылымы дала демократиясына негізделген мықты мемлекет болды. Ғасырлар бойы жан-жағынан анталаған сыртқы жаулармен күресіп, шекарасын кеңейтіп, ұшы-қиырсыз ұлан-байтақ жердің иесіне айналды. Жазира жеріміздің көлемі артқан сайын оны басып алып, өзінің территориясына қосқысы келетіндірдің қатары көбейгенде, сан алуан соғыстан аман шығу үшін Кіші Жүз ханы Әбілхайыр Ресеймен жақындасуға мәжбүр болды. Мемлекеттікті сақтау жолында жасалған осындай әрекеттің әсерінен қазақ елі бүтіндігін сақтап қалғанымен, XIX ғасырда толықтай Ресейдің құрамына өтіп, өзінің тәуелсіздігінен айрылып қалды.
Патшалық Ресей жерімізді отарлап алғаннан кейін, қазақ халқы еркіндікке жету жолында ірілі-ұсақты 300-дей ұлт-азаттық көтеріліске шықты. Солардың ішінде ең ауқымдылары – Сырым Датұлының отаршылдыққа қарсы қозғалысы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары Қасымұлының көтерілістері, Маңғыстаудағы шаруалар қозғалысы, 1916 жылғы жалпы халықтық сипат алған ұлт-азаттық көтерілістер – ата-бабаларымыздың нағыз өр рухы мен ер мінезін, еркіндікке талпынысын танытқан шайқастар еді. Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін де қазақ халқының зиялы қауым өкілдері тәуелсіздікке тек қолдағы қарумен емес, бастағы біліммен жетуге әрекеттенді. Патша үкіметінің қазақ халқын жаппай орыстандырып, ұлттық ерекшеліктерінен, бірегейлігінен айырғысы келген озбыр саясатына оқу-біліммен, елді ағарту жұмыстарымен қарсы шығуға тырысты. Бөгде елдің бұғауында ұйықтап жатқан қазақты оятып, білімді болуға, қандай жағдайда да алға ұмтылуға шақырды.
Ғасырларға жалғасқан бостандық үшін күрес елімізге тәуелсіздікті тікелей алып бермесе де, айбынды алаштың рухының сынбай, еркіндікке жету жолындағы айқастарын жалғастыра беруіне себеп болды. Қаншама езгіні бастан кешірсе де, Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүретін ез ел емес екендігімізді 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де айғақтай түсті. Үкімет басына өзге ұлт өкілін қойып, өктемдігін дәлелдегісі келгендер мен «көздерінде от ойнаған» жалынды жастардың күресі қазіргі тәу етер Тәуелсіздігімізге қол жеткізуге негіз болды.
Осылайша қаймана қазақ жылдар бойы зарығып күткен еркіндіктің есігі ашылғанына биыл 29 жыл толып отыр. Тарих үшін тым аз уақыт болса да, еліміз үшін осы жылдар ең маңызды кезең деп айтуға болады. Себебі біз бұл жылдарда елдігімізді қалыптастырып, экономикамызды орнықтырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға аянбай күш жұмсап келеміз. Бодандықта болғанда да ұмытылмаған ұлттық салт-санамызды, дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, болашаққа нық қадам басып келеміз. Менің тәуелсіз Отаным – Қазақстан бізге де, болашақ ұрпаққа да жұмақ мекен болып, мәңгілік жасарына мен кәміл сенемін.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *