Тәрбие – сапалы білімнің діңгегі

Бала тәрбиесі – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Сол себепті, мектептегі біртұтас тәрбие бағдарламасы бала бойына адами құндылықтарды сіңіріп, мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты бекітіп, оқу-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруды көздейтін бағдарлама қарқын алып келеді.

«Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инно­ва­цияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің ал­­дында тұрған маңызды мін­дет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз та­ри­хыңа құрметпен қарауға тәрбие­леп, ұлттық құндылықтарды дәріп­теуі тиіс» — дейді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзін негізге ала отырып, балаға дұрыс тәрбие беріп, оның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, болашақта мемлекетке еңбегі сіңетін азамат етіп жетілдіру ұстаз алдындағы басты міндеттің бірі. Тәрбиенің дұрыс берілуі көп нәрсені шешетінін жақсы білеміз. Әрине бір қорапқа салып, «осындай адам болуың керек» деген қатып қалған қағида жоқ. Жас ұрпаққа ерік беріп, мүмкіндігінше олардың жеке талап-тілектеріне құлақ асып, дұрыс жолға бағыт беру біздің жұмысымыздың негізгі бағыты. Оның қоғам мүшесі ретіндегі позиясына құрметпен қарап, нығайта білсек, еңбегіміздің еш кетпегені. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы, білімі мен тәрбиесі – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» дейді. Тәрбиенің қуатты ағзасы – оқыту екенін ескерсек, оны пайдалана білмеген, керегіне жарата білмеген педагог оқушыға әсер ететін ең маңызды құралынан айырылады деген сөз. Жас ұрпаққа мейрімділік,  инабаттылық, имандылық, қайырымдылық, ибалылық, ізеттілік секілді қасиеттерді сіңіріп, тәрбие беруде ұстаздардың атқарар рөлі зор. Әрбір педагог ертеңгі мемлекеттің белді тұлғаларын тәрбиелеп жатқанын сезіне білуі керек. Бұл тұста бала тәрбиесі тек мектептегі педагогтардың еншісінде деуден аулақпыз. Оған бүкіл қоғам болып атсалысқан жөн. «Ұяда не көрсе, ұшқанда сонда іледі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ата-ана – тәрбиенің алтын діңгегі. Ересектердің әрбір іс-қимылы баланың ертең қайталайтын әрекеті. Сол себепті, бала тәрбиесі ешбірімізді айналып өтпеуі тиіс.

Тәрбиенің негізгі әрі түпкі мақсаты – осы дәуірге икемделген, кез келген қиындықты жеңіп шыға алатын, мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз» деген еді. Бұл қазіргі жас ұрпақтың басты әлсіз тұсы. Оған ата-анадан бастап, бүкіл қоғам болып атсалысса, нәтижелі болатыны анық. Сондықтан, бала тәрбиесіне бей-жай қарамайық!

Қуандық ДАРХАНБАЙ,

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *