Тарихи тұлға- Ораз Жандосов

Тарих қойнауында қанша қазынаның жатқаны белгісіз, бірақ, оның ішіне мәңгілік жарқырауға қауқарлы қазақ асылдары тым көп жұтылды. Көкжиегі шексіз кең дүниеге симай кетсе де, ол алыптардың есімдері күні бүгінгі дейін ел жадында сөнусіз жарқырап тұр. Қазақтың қай батырын, қай ұлтанын алсақ та бәрі-бәрі ұлт тағдыры жолында әділетсіздіктің құрбаны болып өтті. Сұм саясаттың талай сұмдығы жігерін сындыра алмаған қазақта қайсар ұл-қыз көп. Сондай саңлақтың бірі деп- әділеттілік пен зорлық тайталасының, төңкеріс заманының басты кейіпкері Ораз Жандосовты атауға болады.

Ораз ғұмырының өзге тұлғаларға ұқсамас күрделілігі, оның дара болмысына үлкен сеп болғандай. Соңғы деміне дейін тағдырдың түрлі тосынына куә болған, қуанышты да, нәубетті де басынан кешірген Ораз ағамыздың өмірбаяны көпшілікке мәлім. Оған қысқаша тоқталып өтелік.

1889жылы қазақтың маңдайына біткен Ораз есімді ірі қайраткер, дарынды тұлға дүниеге есігін ашқан еді. Ораз Қиқымұлы Жандосов ақпан айының 20-сыншы жұлдызында Верный уезінің Шамалған болысындағы 7-інші ауылында, қазіргі Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында өмірге келген. Ата тегі- ұлы жүздің Шапырашты руынан тараған. Әкесі орыс шаруаларында жалшылық қызмет атқарып, күнелткен.

Ес білгеннен жоқшылық азабын тартқан бала Ораз оқуға тым құштар, зерек болып өседі. Әкесінің орыс байларына қызмет еткені де бала Оразға көбірек пайдалы болғанға ұқсайды. Әкесі Қиқымның қасында жүріп ол орыс тілін оңай меңгереді. Кедейліктің тауқіметін көп тартқан қайсар әке Оразды Верный қаласындағы ер балаларға арналған орыс гимназиясына береді.Оқу орнында алғырлығымен көпшілік көзіне бірден түскенін, жолдастарының оны «ғалым бала» деп атап кеткенінен аңғаруға болады. 1918 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдап, О.Жандосов қызметтік жолын жалғастырады. Пешенесіне лайықталған 39жылдық ғұмырды тек еліне арнаған Ораз ағамыз ұлт мәдениеті мен білімінің асқан жанашыры болады. Сол кезеңдегі идеологиямен күресу, сауатсыздықты жою, көшпелі қазақ халқын отырықшылыққа көшіру, ауыл шаруашылығын жандандыру, латын әліпбиінің пайдасын айтып, ел мен жұртты білімге шақыру ол кісінің мақалаларында жарық көрген басты тақырыптар еді. Ораз ағамыз тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамастан, өз ұлтының мүддесі үшін аямай тер төккен азаматтардың бірі.

1919 — 1921 жылы Түркістан КП мұсылман коммунистері секциялық облыс бюросының төрағасы болып, Жетісу облысы әскери- революциялық комитетін және облыс “Қосшы” одағын басқарады. 1921-1923 жылдары Түркістан КП ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшы қызметін атқарады. 1923-1924 жылдары Мәскеудегі Тимирязев академиясында білім алады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығына орай, 1926 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында көтерілісшілер жиынын өткізген, кейін “Ереуілтөбе” атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп белгі қалдыруға қоғам қайраткерлері Ыдырыс Көшкінов, т.б. азаматтармен бірге қолдау көрсетіп, ат салысады. Ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады, жазып қалдырған бірнеше ғылыми еңбектері бар. 1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, «Қазақ ауыл шаруашылығы институтының» директорлығымен қатар, Республика кітапханасының басшысы болады. Одан кейін, БК(б)П Кеген ауданы комитетінің 1-ші хатшысы, Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. Мұндай жауапты қызметтерінде ұлтаралық қатынасты реттеуге көп еңбек сіңіреді. Сол уақыттарда Түркістан КП ОК-нің және бюро мүшесі, Түркістан ОАК төралқасының және БОАК-нің мүшесі, Қазақ ОАК және оның төралқасының мүшесі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болады.

1937жылдың тамыз айында жалған саяси жаламен партиядан қуылып, тұтқындалады. 1938жылдың наурыз айында бұл дүниемен қош айтысады. Ораз ағамыздың тұтқынға алынып, өзімен қоштасқан сәті жайлы белгілі ақын Кенен Әзірбаев “Оразжан” әнін шығарған. Жамбыл Жабаев та кезінде:

«Қара болсаң қара бол, ханнан аулақ

Кедейдің сөзін айттың, дауын даулап.

Қара қылды қақ жарып жүрсең егер

Бағың өсіп кетерсің, отың лаулап» — деп жалынды жырымен Ораз ағамыздың өр бейнесіне ыстық ықыласын, ризалығын білдірген..

Ораз ағамыздың өліміне қайғырғандар аз болған жоқ. Алайда, амал нешік, елім деген ерлердің ғұмыры қысқа болады емес пе? Ол сұм дәуір талай боздақтың мойнына қыл арқан салды. Талай мықтының жұлдызын сөндірді. Бірақ, ұлт санасынан ол боздақтардың есімін өшіре алмады.

Қазіргі таңда, Алматы қаласының «Қарғалы жолы» атанған көшесіне және «Ұлттық кітапханадағы» оқу залына Ораз Жандосовтың есімі берілген. Ол есім мәңгілік құлағымызда жаңғырмақ… Ораз ағамызды келер ұрпақтың да жаңылмай танып өсеріне шүбә келтірмеймін.

 

Сейдигалымова Жалын

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

Жетекшісі:

фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *