Рюноскэ Акутагаваның «Убийство в век просвещения» (Ағарту дәуіріндегі кісі өлтіру) новелласы мен Бейімбет Майлиннің «Тасболат» әңгімелерін ортодоксальды психоанализ тұрғысынан талдау.

Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Сайлаубаева Гүлдана, Ғинаятова Анжела, Досекеш Тұрар
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің магистранттары

Адам баласының рухани жағынан, психологиялық тұрғыдан ауыруы, кәдуілгі дене мүшесінің сырқатына қарағанда әлдеқайда қорқынышты әрі қауіпті. Ішкі жан дүниенің қалауы мен ақыл арасындағы күрес, тәуелділік, өзін-өзі бағындыра алмау секілді жәйттардың соңы әдетте жақсы аяқтала бермейді. Сондай бір оқиға жапон жазушысы Акутагаваның жоғарыда аталған шығармасында көрініс табады. Шығармадағы бас кейіпкер ішкі сезімі жайлы, махаббаты жайлы ешкімге айта алмайды. Кейін қыз өзге жігітпен тұрмыс құрғанын естіген соң, өзіне-өзі қол салуды ойлайды. Алайда ондай іске бара алмай, ақыры сүйіктісінің күйеуімен бақытты болуын тілейді. Шығарма осылайша жақсы өрбіп келе жатады да, Китабатакэ бұрынғы сүйіктісінің күйеуімен жолығып қалады. Сол кезде оның қандай адам екенін біліп, Акиконы одан құтқаруды ойлай бастайды. Сонымен қоса ол Акико мен өзінің досының арасында сезім болғандығын біліп қалып, Китабатакэ қызды күйеуінен құтқарып, досымен қосуды ойлайды да, Мицумурды өлтіреді. Алайда, жігіт адам өлтіргені үшін өзін кінәлі санамайды, керісінше Акиконы одан құтқарғандығына үлкен іс бітіргендей қуанышты сезімде болады. Осы тұста оның психикасында бір ауытқушылықтың барын байқай аламыз. Ары қарай досы Виконд пен сүйіктісі Акико  арасындағы қарым-қатынас Китабатакэге одан да кері әсер тигізе бастайды. Бас кейіпкер сезімін ешкімге көрсетпесе де, ішінен қызды өзіне меншіктеп алуы да сырқатының әсері болса керек.  Бұны досы мен Акиконың өзіне айтпай кездесіп жүргендерін естіген сәтінен байқауға болады. Ақыры өзін, сезімін басқара алмаған соң досын да өлтіріп қоюдан қорқып, өзіне-өзі қол салады. Шығарма осылай аяқталады. Кейіпкердің бұл әрекеттерге баруының басты себебі неде?  Біріншіден, кейіпкердің қатаң тәртіп сақталған, сезімді ашық білдіруге болмайтын отбасында көрген тәрбиесі салдарынан  ол  өз сезімін ішінде тұншықтырып, сыртқы ортамен ашық қарым-қатынас жасауға шорқақ, басына келген қиындыққа төтеп беріп, өмірі үшін күресе алмайтын,  рухани әлсіз адам болып қалыптасқан. Екіншісі, оның психологиялық жақтан сырқат екендігі. Бейсаналық, ессіздік, өзін-өзі тежей білмеу,  дұрыс емес екенін ақылмен түсініп тұрса да, ішкі жағынан бір күш итеріп тұрғандай күй кешуі…

           Жалпы, шығармашылық адамдары, қаламгер қауымы шығармаларына өз өмірін арқау етіп жататындығы көпке белгілі. Оған мысал Б.Соқпақбаевтың «Менің атым –Қожа» шығармасы, О.Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі, Қ.Ысқақтың «Қоңыр күз еді» повесі. Жапон жазушысы Акутагава да жоғарыда аталған әңгімесіндегі кейіпкердің психологиясында өзінің жан-күйзелісін бергендей. Бұлай деуімізге себеп, жазушының тағдыр жолының бұралаң болуы. Кейіпкері секілді жазушының өзі де рухани күйзеліске ұшырап, өмірі суйцидпен аяқталуы.

Осыған ұқсас оқиға Бейімбет Майлин әңгімесінің бас кейіпкері Тасболаттың басында да өтеді. Екі шығармадағы ұқсастық кейіпкерлердің адам өлтіруі. Алайда, екі кейіпкер әр түрлі қоғамда, әр түрлі тәрбиеленеді. Бірі қатаң тәртіп пен қыспақтың арасы десек, екіншісі керісінше емін-еркін өскен. Акутагава кейіпкері бұл әрекетке саналы түрде барды десек, Тасболат оқиғасы оқыстан болған жағдай еді. Әйелін байқаусызда өлтіріп алған соң, Тасболат өз кінәсін бірден біліп, есін жинайды. Бірақ, ол кезде кеш болатын. Ол үйінің жалғызы, бетінен қақпаған, сауық-сайран құрып еркін жүріп-тұрған, көбіне үйінен гөрі далада жүріп өскен жігіт. Ата-ана жанында өспегендіктен болар, үйдің, әке-шешенің  тәрбиесін көрмейді. Жанында жүрген жолдастары да өңкей ұрлық-қарлыққа жаны құмар, есер, бай балалары. Оның үстіне әкесінің атастырып алып берген жарын да өліп-өшіп сүйіп қосылмады. Өзінің ойындағы, арманындағы, қазіргі тілмен айтқанда «идеал» санайтын қыздың қасиеттері жолдасы Амандықтың жары Айғаншаның бойынан көрініс табады. Әйелінің тоқтаусыз сұрақтары да мезі ете бастаған ол, жиын алдында өзіне қарап айхайлап, қатты сөйлегеніне  арланып тап бере кетеді. Бойын кернеген ашу-ызаның күштілігі сонша, не істеп жатқандығын өзі түсінбей, қалай, кімді өлтіріп алғанын да  ұға алмай қалады. Меніңше, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, өмір сүруде өзіндік айқын мақсаты жоқ Тасболаттың бұндай қадамға баруы оқырманды таң қалдырмауы да мүмкін.

Екі әңгіменің де оқиғаларының соңы тұйыққа тіреліп, трагедиямен аяқталады. Акутагава кейіпкері өліп, Бейімбеттің Тасболаты тірі өліктің күйін кешеді. Адамдағы  ішкі «меннің» міндеті сыртқы орта әсері мен ішкі ойдың, қалаудың балансын сақтау десек, кейіпкерлерде осы «меннің» әлсіздігінен өз-өздерін басқару қабілеті жоғалып, өмірде жеңіліске ұшырайды.  Екі шығарманы оқи отырып, адамның өмір жолында кезігетін әр түрлі қиындықтарға төтеп беруі үшін, оның рухы биік, қажыр-қайраты мол, ішкі «мені» мықты болуы керек деген ойға келдім. Ол үшін адамның өскен ортасы дұрыс, алған тәрбиесі түзу болуы керек. Әрине, бұның бәрі психикаға әсер етеді. Акутагаваның өз психологиясын, ішкі жай-күйін суреттеп берген бұл шығарма автордың өз әрекеттерін ақтап алу деген тұжырымға келсек, Бейімбеттің әңгімесі өзі өмір сүрген қоғамның көрінісі іспеттес.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *