Мұқағали өлеңінің поэтикасы

 

Мұқағали өлеңінің поэтикасы 

 Кез келген нәрсенің шығу тарихы болатыны анық. Асқар таудың да, кішкене тастың, қара көмірдің, терең теңіздің де өз аңызы, өз тарихы бар. Терең теңіз дегендей — ақ, сол теңізді теңіз қылып тұрған не нәрсе, оның түбінде не жатыр, суы неге мөлдір, неге лай деген сұрақтар туындайды. Тек табиғат байлықтары ғана емес, ғұлама ғалым, ақиық ақындардың да ақындық жолға шығу тарихы қызықтыратыны хақ.

… Сол бір ақиық ақын Мұқағали атамызды үлкен теңіз деп алсақ. Үлкен теңізден нәр алып жүргендер кім, оны зерттеп, зерделеп жүргендер кім, жағасында қызықтап, болмаса сол теңізбен күн көріп жүргендер кімдер,  деген  сауалдар мені  жиі мазалайды. Алдымен осы сауалдарға жеке — жеке тоқталып өтсем деймін.

Өзімізге белгілі ақиық ақын М. Мақатаев атамызға, Қарасаздың түлеп ұшқан ұланына, Хан Тәңірінің мұзбалағына он жылсыз бір ғасыр толып отыр. ХХ- ғасырдың белгілі ақыны, ХХІ- ғасырдың өзі айтқандай құрдасы атанып, бүгінгі күнде мына біз де  құрбыдай шерлесіп, құрдастай мұңдасып өзімен болмаса да өнерімен өрлеп келеміз. Өзі өлгенмен, өлеңдері мәңгілік. Мұқағали  өлеңдерінің өміршеңдігі сонша, қай заманда болса да  өз құндылығын жоғалтпай келеді. Оның  өлеңдері  жазылып қойған арнайы сценарий сияқты, оқығанға бірден түсінік қалыптастырып, адамды жібітіп жібереді. Өлеңдерін оқығаннан кейін бір  сериал көріп шыққандай сезімде боламыз. Ақын  өз өмірбаянын өзі өлең арқылы өрбітіп, сатылай зерделеп отырғаны куә боламыз. «Ұлы Абаймен сырласу» өлеңінен өткен ғасыр мен қазіргі күннің  байланысын көреміз. 

«Сынадың кеп  —  шен үшін ұлтын сатып,

Шелтірейіп жүруді ұнатқанды» деген жолдар бүгінгі күндерге айтылғандай.

Мұқағалитанушы Нұрлан Сәрсенбаев «… Мұқағали мұрасы таза алтындай жарқырап, қазақ поэзиясының сұлу қасиетін, парасатты құдіретін өз оқырмандарына мойындатып  кетті» деп баға берген.

Қанды тәңір етегінің ері барша қазаққа «Мұзбалақ ақын» атануының да өз сыры бар. Қағаз бен қаламды серік етіп, әсем табиғатпен сырласып, жүрегімен үндесіп қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған алтынның сынығы деп айтсам қаталеспеймін. Абайдың тілімен айтсам, көркем сөздерді қолдануында қисынын тауып, айналасын жұп – жұмыр қылып келтірген.

Мұқағали өлеңдерінде көркемдегіш сөз құралдары өзгеше, нәрсені бірде ойнатып, бірде құбылтып жібере алады.

«Соқ жүрек»» өлеңіндегі  «Мазалама кеудемді, ойнақ салып, Хал жоқ менде көнетін қайраттанып»  — деген жолдарында жүрек әлсіздігін, жан әлсіздігін, екеуін байланыстыра отырып екі жолды, 11 буынды сөздермен жеткізе алған қандай шеберлік десеңізші. Айшықтау мен  құбылту тәсілдері  ақын атаның болмысында бар қасиет, жүрек пен бауыр сияқты адамға өте қажет екі ағза тәрізді. Жан қинаушылық жоқ, оқыған жанға бірден түсінік қалыптастырады. Сөздері әр қан тамыры арқылы жүрекпен үндесіп отырады.

«Қалай-қалай соғасың, қан-жүрегім?!,» — осы жолдары бастапқы және соңғы ойларға қорытынды жасайды. Қайталанып келіп, өрбіп көркем көрініс бергендей. Өзінің жүрек әлсіздігін дәрігеріне емес, қаламмен қағазға шағымданып жазған ақын дәрігердің көмегін керек қылмады. Мысалы: «Дәрігер», «Дәрігеріме», «Соқ жүрек» — деген сияқты өлеңдерін паш еткен жан. Өз қайрат-күшіне сенді, емін өз талантымен емдегісі келеді. Бірақ, ол жанына сүйеніш болғанмен, ем бола қоймады.

Қарасаздың топырағына аунап, биік шыңдарға қарап өскен қара бала міне, бүгін дара аталып, көзі болмаса да шығармашылығы Хан-Тәңірдей биіктерді бағындырып жатыр, өлеңдері бізге ұран болды. 

Көтерілем  жырыңмен тағына жұбаныштың

Отырғанда қамалып торында  сағыныштың.

Өлеңіңнен аңқып келер  иісі жусанның

Сырласқанда  жырыңмен жағасында Тобылдың.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *