Мақала

Міржақып Дулатовтың «Жастарға» өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» мақаласының өміршеңдік мәні

«Қалың ұйқыда жатқан қаймана қазақты оятып, зұлмат заманның залалы тиген киіз туырлықты Алаш жұртының көкірек көзін ашқан баспасөз екені баршаға белгілі. Газет арқылы «рухани мүгедек» халықты тік тұрғызып, бодандықтың қамытын киген жұртты бейбіт күнге жетелеген қазақ зиялылары екені де әмбеге аян. Осы сәтте Алаштың аймаңдай ұлы Міржақып Дулатұлының «Серке» газетінде жарияланған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы мен аты көпке белгілі «Жастарға» өлеңін саралап көрмекпін…»

   Ресей жерінде 1905-1907 жылдары алғашқы орыс революциясы орын алды. Патшаға петиция тапсыруға барған жазықсыз жандардың сол сәтте жан тәсілім етілуі, шаруаларды қойдай қырған «қанды жексенбі» оқиғасының болуы – Ресей үкіметінің аяусыздығы һәм жауыздығын аңғартқандай болды. Ал, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған патша өкіметіне қарсы «Қазағым менің, елім менің», – деп мақала жазу Міржақып Дулатұлының өшпес ерлігі еді…

   Бұл мақалада Ресей билігі қазақты «қасірет» дейтін қазыққа байлап, қалағанын жасап отырғаны жайлы ашық айтылады. Мақаланың басында Міржақып Дулатұлы «Қазақ халқының ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады», – деп ашынып айтады. Бұл сөздердің саяси астарына үңілер болсақ: «Сол жылдары «Бірінші мемлекеттік дума» құрылып, қазақ халқының атынан ұлттың сөзін сөйлейтін 4 азамат сайланды. Бірақ, дума депутаттары Ә. Бөкейханов пен Ш. Қосшығұловты ысырып тастады, кейіннен бұл дума мүлде жабылып қалды. Яғни, билікте қазақтың сөзін сөйлеп, ұлттың мұңын айтатын адам қалмады. Автордың «қазақтың правосының жоқтығы» деп осы мәселені айтқысы келген болар. Ресей билігі өте айлакер жандарға толы екенін осы уақыт аралығында байқауға болады. Бұл жайлы Міржақып Дулатұлы «Чиновниктер біздің дінімізге, әдет-ғұрпымызға араласа бастады» дейді. Рас, отарлаудың ең басты миссиясы да осы. Ресей билігі біздің дінімізді жойды, ділімізді тұншықтырды, ұлымызды атты, тілімізді тасада қалдырды. Бірақ, намысымызды таптай алмады. Осы намыс шоқ болып маздап 86-да жалынға айналды. Бұған себеп болған сол замандағы ержүрек жастардың жалынына ешқандай «орман» төтеп бере алмасы айдан анық еді…Сол себепті де, сол бір замандағы жастардың жанкештілігін осы «Жастарға» өдеңімен байланыстырар едім.

   «Серке» газетінің жабылуына сеп болған бұл мақала оқырман үшін олжа екені рас. Бірақ, бүгінгі таңда шындықты жасқанбай айтып, ақиқаттың ақ жолын ұстанып жүрміз бе? Міржақыптың мақсаты түсінікті: Азаттық! Біздің мақсатымыз қандай? Правомыз өз қолымызда болса да пақырдың күйін кешіп жүрген жоқпыз ба?  Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Кезінде бодандық бізді қалай қинаса, бүгінде бостандықта солай қинайды» деген аталы сөзін санамыздан шығармағанымыз жөн. Міржақып Дулатұлы «Ұрпаққа хат» деп келешек жастарға жазған мақаласының соңында былай дейді: «Адассам – халқыммен бiрге адастым, сәулесi жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын». Осы сөздің өзіңде ауыр ойларға батып кетесін. Міржақыптың кейбір газет беттерінде берген бүркеншек есімі «Мадияр» екенін аңғардым. Жалпы, Мадияр деген сөздің өзі парсы тілінде әкелушi, жеткiзушi деген мағына береді екен. Яғни, Мадиярдың бізге азаттық пен еркіндікті әкелгенін, жеткізгенін ұмытпауымыз қажет…

 

Құдайбергенов Дидар

1-курс

Журналистика факультеті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *