ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ СЫНЫП БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫНЫҢ МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.

Ержан Диана Ержанқызы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

Педагогика факультеті

7М03101-Психология білім беру бағдарламасы бойынша 2-курс магистранты

«Мамандық» сөзі латын тілінен аударғанда ел алдында ойын жеткізу, ойлау, сөйлеу деген мағынаны білдіреді. Біздің заманымызға дейін қазіргі таңдағыдай мамандықтардың сан алуан түрлері болмағаны айқын.  Барлық адамдар бірден неше түрлі жұмыспен, яғни өз қажеттіліктеріне байланысты істермен айналысқан. Бірақ, ол кезде мамандық емес, ерлер және әйелдер жасайтын жұмыс деп екіге бөлінген. Ер адамдар аңшылықпен, баспана құру, қару-саймандар жасаумен айналысса, әйел адамдар ас, тағам дайындау, бала тәрбиесі, киім тігумен айналысқан.

Заман ағымына сай адамдар да өзгеріп, жетіліп, тұлғалар арасында нарықтық қарым-қатынастың орнағаны белгілі. Қауымдастық дамып, сан алуан істер мен жұмыстар, оларға сәйкес мамандықтар дүниеге келді. Бәсекеге қабілетті, өз ісінің шебері, таптырмас маман атану — әрбір тұлғаның қолынан келетіні сөзсіз. Алайда, мұндай маман болу үшін ең алдымен қойылатын талап — мамандықты дұрыс таңдау.

Заманауи білім беру жағдайында мамандық таңдау — өте ауқымды әрі күрделі мәселе. Әрбір жоғары сынып білім алушысы бұл жолда қателеспей, өзі таңдаған мамандыққа деген махаббаты, мансапқа деген ұмтылысы болатын болса, ол болашақта керемет нәтижелерге әкелетіні сөзсіз. Адам өзінің жан дүниесіне жақын мамандықты іздеп, таба білуі өте күрделі процесс. Кейбір жандар балалық шағынан бастап белгілі бір маман иесі болуды армандайды, оған ұмтылады, ал кейбірі ата-ана ықпалымен, жан — жағындағы достары, оқытушылары, яғни қоршаған орта ықпалымен ойлары өзгеріп, бірнеше мамандықтарды салыстырып, олардың ерекшеліктері мен айырмашылықтарын ескере отырып, толғанады. Қазіргі таңда, заман дамуына, көптеген жаңа мамандықтардың дүниеге келуіне байланысты білім алушылар қоғамымызда сұранысқа ие, жалақысы өздерін қанағаттандырарлықтай жоғары, болашақта перспективасы бар маман иесі болуды қалайды.

Мамандық таңдауда әрбір тұлғаға әсер етуші көптеген факторлар бар. Ең алдымен, ол ата — ана, құрбы — құрдас, тума — туыс тарапынан келетін әртүрлі кеңестер, мысалдар. Сонымен қатар, әсер етуші факторлардың бірегейі — әлеуметтік желі. Заманауи тенденцияда әлеуметтік желі өте қарқынды, әрі үздіксіз дамып келеді. Біздің қоғамымыз толықтай дерлік ақпараттанған қоғам. Оның ең үлкен артықшылықтарының бірі — үздіксіз барлық болып жатқан жағдайлардан хабардар болуымыз, сонымен қатар менің мақаламның өзектілігіне сай әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырылатын мамандықтардың болуы.  

Мамандық таңдау процесін талдайық. Мамандық таңдауда қандай негізгі белгілер, критерийлерге назар аударылу қажет? Ата-ана тарапынан ықпал қандай мөлшерде болғаны абзал? Осы сұрақтарға жауап ретінде мен бірнеше психологиялық кеңес пен бағыттар ұсына аламын:

Біріншіден, ағаттыққа жол бермеу. Көптеген адамдар мамандықтың нақты критерийлерімен таныспай жатып, оның бейнелік түріне, романтикалық нұсқаларына көз салып жатады.   Кейбір жандар «мандайыма жазылған» деп  ата — ана жолын қууды жөн көреді. Ал басқалары, жоғарғы оқу орнына ешқандай мақсатсыз, жәй ғана құрбы — құрдасынан жырақтамау үшін түседі. Енді біреулері, басқа жаққа баруды қиынсынып, өзінің тұрғылықты мекен — жайына жақын жерде тұрған оқу орнына құжаттарын тапсыра салады. Бұлардың барлығы дұрыс емес. Мамандық таңдау атүсті қарай салатын, немқұрайлылық танытуға болатын мәселе емес. Керісінше, байсалдылық танытып, таразыға салып ойланған әлдеқайда дұрысырақ.

Екіншіден, дұрыс және оң қалыптасқан пікір мен көзқарас. Барлығынан да бұрын, дәл осы таңдауды өз еркімен қабылдағаны жөн. Ата — ана, құрбы — құрдастың емес, тек қана өзіңіздің болашақта ие болатын, қызмет жасайтын мамандығыңыз екенін естен шығармау керек.

Үшіншіден, бейімділікті анықтау. Ең алдымен, жеке басыңыздың қызығушылықтары мен бейім, ептіліктеріңізді бағалаңыз. Қандай іске бейіміңіз артады? Қандай нәрсемен шұғылданғанды жаныңыз қалайды? Білім беру процесінде қандай пәнге қызығушылығыңыз мол? Қандай ортада байланыс, коммуникация орнату сіз үшін аса қиындық туғызбайды? Яғни, осындай сұрақтарға жауап бере отырып, қандай мамандыққа бейім екеніңізді анықтауға болады, өйткені бейімділік пен икемділік — мамандық таңдауда орасан зор рөл атқарады.

Төртіншіден, зерделеп анықтау. Бастысы өзіңізді дұрыс, адекватты түрде бағалаңыз. Көптеген ақпарат көздерін пайдалана отырып, межелеген мамандығыңыз туралы ақпарат жинақтап, танысыңыз. Өзіңіз қалаған мамандықпен айналысатын ұйымдар, кәсіпорындармен, олардың жұмысымен танысу мақсатында сол жерлерге барып көріңіз. Аспазшы болғыңыз келе ме? Мейрамханалар, тамақтанатын орындарға көбірек барыңыз, мүмкін болса асханасымен танысыңыз. Бағдарлама жасаушы болғыңыз келсе, тек қана гаджеттер арқылы ойын ойнап қана қоймай, өз бетіңізбен программа жасақтауды үйреніңіз. Осылай, сіз қалаған мамандықтарыңызбен таныса бересіз.

Бесінші, мамандар көмегіне жүгіну. Егер таңдауыңызда күман туған болса, мектеп психологына немесе арнайы психологиялық қолдау көрсететін психолог мамандар көмегіне жүгіне аласыз.

Алтыншы, шешуші таңдау. Толығымен ақпараттанғаннан кейін, таңдалған мамандықтар арасынан салыстыру жүргізіңіз. Артықшылықтар мен кемшіліктерін ескеріп, таразыға салып ойланыңыз. Қандай нәрсе болмасын, өзіңіздің тағдырыңызды басқа жағдайлармен шешуге мүмкіндік бермеңіз. Таңдауыңыз сізді табысқа жетелейтіндей болуы керек. Өмір бойы қаламаған жұмысқа барып — келіп, ешқандай жетістікке жетпей, уақытыңыздың құр босқа өтуіне жол бермеңіз.

Қорытындылай келе, мамандық таңдау өте қызықты, әрі күрделі процесс. Кейбір жандар үшін бұл мәселе оңай шешілсе, кейбірі үшін өте ұзақ және қиын болмақ. Осы мәселеде жастарға көбінесе жалған пікірлер әсер етеді. Ондай пікірлер сәтсіз шешімдерге әкелуі әбден мүмкін. Біздің қоғамымызда өз мамандықтарын, айналысып жатқан жұмыстарын сүйметін қаншама адамдар бар, бірақ, өз мамандықтарын жан — тәнімен сүйіп, күннен күнге қызығушылықтары артып, жұмыс жасатйын мамандар да кем емес. Сондықтан, бұл жағдайда, яғни, мамандық таңдауда қателеспей, заманауи білім беру жағдайында жастардың  өз өмірлерінің бір кірпішін қалауда жаңылмайтынына үлкен сенім білдіргім келеді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *