Журналистика — менің болашағым

Алиева Арайлым

           Мамандық таңдау әрбір адамның ең басты, ең маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Сол себепті, мамандық таңдауда дұрыс ойлану керек. Бастысы – өз сүйген мамандығын таңдау. Менің таңдаған мамандығым – журналист. Менің бұл мамандықты таңдағанымның себебі – журналистика арқылы шығармашылық потенциалды жүзеге асыруға болады. Журналист түрлі мәтіндер, мақалалар және т.б жазып, оқырманға қажетті ақпаратты жеткізе алады. Және журналист әрдайым жаңалықтар ортасында жүреді, барлығын бірінші болып біледі. Сонымен қатар журналист түрлі адамдармен жұмыс жасау арқылы өзін аша алады. Көптеген адамдардан сұхбат алады, көпшілік алдында сөз сөйлейді.

Журналистика менің болашағым деп сенімді айта аламын. Себебі, осы мамандық арқылы мен болашақта жұмыс жасап, өзімді бүкіл әлемге көрсете аламын. Осы мамандықтың көмегімен мен жаңа заттарды біле аламын. Мен болашақта журналистика саласында жұмыс жасап, өзімнің жеке телебағдарламам болғанын қалаймын. Ол телебағдарлама арқылы мен біздің қоғамымызда зорлық-зомбылық көріп жүрген адамдарға көмек көрсеткім келеді. Себебі, қазіргі таңда зорлыққа ұшырап жатқан жандар саны күн сайын артуда. Зорлыққа ұшыраған адамдардың көп бөлігі бұл туралы ешкімге айта алмай, үнсіз қалады. Мен сондай адамдарды құтқарғым келеді. Менің ойымша, егер басқаларға әділетсіздік, зорлық жасаған адамдарды ұстап, заң алдында жазаласа, басқа адамдар мұндай қадамға бармайды. Егер зорлық көріп жатқан адамдарға телебағдарлама арқылы өзге адамдар көмектеспесе, қоғамдағы бұл мәселені қалайша тоқтатамыз?! «Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді» демекші, әрине, көмек көрсетуге барлық адамдар көне бермейді. Дегенмен, барлық адамдар бір-біріне көмек көрсетіп жүруі қажет деп ойлаймын. Әр адам бір-біріне көмек көрсетіп жүрген жағдайда әлемде татулық, достық орнап, ешқандай соғыс болмайтын еді.

Бүгінде көп кездесетін тұрмыстық, отбасылық зорлық-зомбылық бүгінгі қоғамның өткір мәселесі болып отыр. Сондықтан қоғамның әлсіз топтарына көрсетілетін мұндай қатігездікті жою үшін отбасында зорлық-зомбылық көрсетушілерді қатаң жазаға тартатын заң жұмыс істеуі керек. Осы мәселелерге байланысты көптеген түрлі телебағдарламалар бар. Атап айтсақ, «Бармысың, бауырым», «Айтуға оңай», «Астарлы ақиқат», «Көреміз» және т.б.  Осы телебағдарламалардың көмегімен көптеген адамдар өздерінің қиын проблемаларын шеше алды. Мысалы, бір-бірін жоғалтқандар ұзақ уақыт өткен соң бір-бірін таба алды, зорлыққа ұшыраған жандар өздерін зорлықтан құтқара алды, ата-анасы жоқ балалар ата-аналы болды немесе өз ата-аналарымен қауыша алды. Осы секілді көптеген түрлі проблемалар шешілді. Мен осы телебағдарламаларға қарап, болашақта өзімнің осындай телебағдарламамның болғанын және осылай адамдарға көмек көрсетуді қалаймын. Бұл телебағдарламалар мен үшін үлгі болып табылады.

Қорыта айтсақ, журналист болу менің өзімнің сүйіп таңдаған мамандығым. Мен журналистиканың болашағы зор деп сенімді айта аламын. Себебі, қазіргі таңда адамдар өз өмірін газет, журнал, теледидар және интернетсіз елестете алмайды. Олардың көмегімен адамдар қоғамымызда болып жатқан барлық оқиғадан хабардар болып, қажетті ақпаратты алып, іздеген нәрсесін таба алады. Сол себепті, журналистиканың болашағы зор.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *