«Абай» журналы және Жүсіпбек Аймауытов

 

Қазақ баспасөзінің тарихында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, халықтың темірқазығы іспеттес жөнді бағыт-бағдар көрсеткен баспасөз санаулы ғана. Сол баспасөздің қатарына Алаш зиялыларының ерен іңбегі мен маңдай тері сіңген «Абай» журналын жатқызуға толық негіз бар. «Абайды» шығаруды ең алғаш қолға алған, барлық ыстық-суығына көнген, соңынан осы істері өздеріне соққы болып тиген авторлар кімдер және бұл басылымды кім үшін, не үшін шығарды деген сауалдарға мақала барысында жауап беретін боламын. Әуелі, аталмыш басылымның тарихына қысқаша үңілейік.

«Абай» журналын шығару жөніндегі алғашқы ұсыныс қазақ зиялыларының арасында 1914 жылы ұлы ақын  — Абайдың он жылдығына байланысты Семей қаласында өткізілген үлкен жиын үстінде қабылданған болатын. Бірақ ұлт зиялыларының ойға алған жоспарлары бірден орындала қойған жоқ. Бұған себеп —сол кезеңдегі патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының одан әрі күшеюі және оның үстіне бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы. Осындай себептерге байланысты қазақ зиялыларының ойға алған армандары 1918 жылы ғана жүзеге асты. Ғылыми, әдеби, шаруашылық журнал көрнекті қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен жарық көрді. Шынын айтқанда, бұл басылымды шығарушылар «Екеу» деген лақап атпен қол қоюшылар болатын. Әрине, оның бірі журналдың ресми редакторы Жүсіпбек Аймауытов болса, екіншісі әдебиет майданына енді араласа бастаған Мұхтар Әуезов еді. Жарық көрген әр басылымның алдына қойған мақсаты болатыны белгілі. Ал бұл журналдың көздеген мақсаты қандай болды? Жүсіпбек Аймауытовтың «Журнал туралы» атты мақаласының астарынан бұл сұрағыма толық жауап алдым десем де болады. Ол мақалада қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін әрлеген, өлеңнен өрнек құраған, ақындығы мен сыншылдығы қатар жүрген Абайдың есімін журналға  қойылуының түпкі мақсаты баяндалған. Яғни, «Журнал Абайдай болсыншы деп еліктегендік емес, қайта Абайды құрметтеп, атын тарих жүзінде көркейтіп, нығайтпақ. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді ойлап, тексерген де Абай. Солай болған соң ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді»,  —деп жазған Жүсіпбек Аймауытов. Журналдың шығудағы осы мақсаты мен Жүсіпбек Аймауытовтың бұл айтқан сүбелі сөздерінен-ақ, журналдың шынымен де ұлы Абайдың өнегесінен үлгі алып, ұстаз тұтанынын, аруағына бас иетінін анық аңғара аламыз. Жүсіпбек Аймауытовтың журнал бетіндегі аса назар  аударарлық әрі өзекті мәселелерді көтерген мақалаларының қатарына «Ұлтты сүю», «Журнал туралы» және «Тәрбие» атты еңбектерін жатқыза аламыз. Бұл аталған мақалалардың әрбіреуінің астарында тұшымды ойлар жасырылған. Мәселен, «Ұлтты сүю» мақаласында автор қазақ зиялы қауым өзін-өзі тәрбиелеуге, қара халықтан қашпай, араласып, олардың уайымына себепші болып жүрген тақырыптарды үнемі сұрастыруға, қоғамда болып жатқан өзгерістер жайлы хабардар болуға үгіттейді. Журналдың ең басты ерекшелігі  — тұрақты айдарлардың болуы. «Абай сөзі», «Басқармадан жауап» және «Абайдан соңғы ақындарды» осы айдарлар қатарынан көреміз. Аттары айтып тұрғандай, бірінші атау Абайдың қара сөздерін, екінші атауы ресми құжаттарды, ал кейінгісі – Абайдан кейінгі поэзия үлгілерін жариялаған. «Абай» журналы қазақ журналистикасының тарихында ойып тұрып орын алған, өз ізін қалдыра алған басылым. Бір өкініштісі, бұл басылымның шығу тарихы, негізгі бағыты мен концепциясы жайлы ғылыми зерттеулер сирек кездеседі.

«Кел, Жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр баралық!»,  — деп жастарға үндеу тастаған Шәкәрім атамыздың сөздерінің жаны бар. «Абай» журналының бас редакторы Жүсіпбек Аймауытов пен ақын Шәкәрім атамыздың жас ұрпаққа жеткізгісі келетін асыл да, құнды мұрасы, үстейтін ойлары бір. Шынымен де, қазақ әдебиетінің сара жолының соқпағын салып кеткен Абай атамыздан үйренеріміз баршылық. Сонымен қатар, журналдың Абайдың атымен аталғандығы қуантады. Сүбелі ойдың жемісін халыққа тарту еткен Жүсіпбек Аймауытов пен журналдың шығып отыруына үнемі атсалысқан Алаш зиялыларына барша қазақ шексіз алғысымызды білдіре отырып, талдырмыш тағылымдарына бас иеміз!

 

Пайдаланылған әдебиет

1.Қырықбай А, Жарылқасын Н, Файзолла О. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008жж).-Алматы Рауан.-1996.-84 б.

 

 

Садырқан Дана

                                           Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Унивесрситеті

                                           Журналистика факультетінің 1 курс студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *