Абай даналығының өзін өзі тану пәніндегі маңызы

Абай адамнан кісілік қасиетті, қарым-қатынастың құндылығын іздеді. Қазақ кісілікті өнегемен тәрбиеледі, әдептің нақты үлгісімен үйлестірді. Абай сөзінен: «Есіңді жи, өзіңде болсын күй. Еліңді сүй, соған лайық сенім түй», деген тоқтамды аңғарамыз. Иә, бүркемелі қыңырлық пен ашық кесірлік ұлы Абайдың салын суға жіберді. Керағарлық адам ресурсын іске қосуға, ой өрісін дамытуға кедергісін әрдайым көлденең тартады, ізденгендерге орынсыз қарымтаны үйіп-төгіп артады. Қаса надан сөзді ұқпайды, түгел сөзді тыңдамайды, ойды танымайды. Сөз ұқпағаннан «сый дәметпе, берсе алма» деген қағида қалған. Иә, «пайдасыз ақыл, байлаусыз, тақыл». Қорлықпен өтсе де қу өмір, «ұятың, арың оянсын». Бұл – өкініш пен жоқтықтан алып шығатын жол, әлсіздерге көмекке келетін қол. Тоқырау тереңдесе тұйықталып қана қоймай бұзылады. Бұзылған ант ішседе бет көрем немесе дерт көрем деп ойламайды, қара ниетін сабақтауын қоймайды. Арамдықты еп көргендер тоқтау айтқан кісіні шет көрді, соңғылармен аңдысуды тек көрмеді, қысылғанда далақтап қу тілмен қулық сауды. Аузымен орақ орған сұрамсақтық пен қыртыңдықтан сауықпады. Сұрамсақ өз сөзінен басқаны ұқпады, ақылды мақұл тұтпады. Нәпсісін тия алмағандарға байлаусыздық тән. Байлаусызда «бірлікте, берекеде, шын пейілде жоқ». Байлаусыз байғұс өзінің ырқын ғана емес, елдің сиқын бұзған қиқымдар. Халқымыз «жүз құбылғанның жүзі күйсін» деп, Абай болса, «өз үйінде шертиген паңы құрсын» деп қайталап, майдалап бекер айтпағандай. Абайды жегідей жейтін қылықтар — надандардың керенаулығы, шабармандығы, кісі алдында кірбеңдеушілігі, естілерге жабырқаулы жат мінезділігі. Олар қабілетін де, қызметін де, күнін де тарылтып жүргенін ұқпады. Қолындағы құндылыққа місе тұтпады. Шертигендер өнімді өзі алалмайды, қолынан келетіндерге алдырмай далақтайды. Тиянақсыз байлаусыздан оңалмайды. Онда «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ», ақырында, «басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ» дал-дал күйге ұшырайды. Арсыздан жұрттың көңілі тынбайды. Арсызда мейір қанып қуанатын қылық жоқ. Жүрекке төте ізді жоғалтып, жеңілді қотарып елді аздырды, ішкі жетімдікті қоздырды. Нәпсісін тия алмағандарда былжырақ басым. Олар сұрамсақтыққа жиі-жиі ұрынып «бектікке бекіп тұра алмайды», алдымен ішкі, рухани құндылықтан, біртіндеп бұрынғы жиып-тергенінен жұрдай тоналып қалады. Артық ыржаңдау, қалжыңдау немесе қораздану – сидаңдық пен адасудың нышаны. Әлсізге қырындап, оның сөзін шала ұғатындар бірде жақынсынғанымен, күздің ауа-райындай құбылып, суық жүзін кенеттен тоса қояды. Іштен шыққан жау жаман деген осы. «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» әрекетке ниеті жоқтар жүз құбылып өзі адасады, өзгелерді бірге адастырады. Ондай «адасқанның арты соқпақ, қол тарлығынан көрері тоқпақ». Өнер қумағандар сөзді ұқпай, уәжде тұрмай ешкімге де қорған бола алмай, шабандыққа ұрынады. Біз әлеуметтік шабандық пен жалақорлықтың психологиялық екпінін, яғни дұшпандықтан қашық бола алмайтын жүйкелі күйді айтып отырмыз. Іштей оңбаған қолдаусыз және қорғансыз. Олар асылдық пен даналыққа асықпайды. Сөз бен іс арасын ұқпағандар – күйсіз бишаралар немесе надан озбырлар. Түсініспеушілік «айтушы мен тыңдаушының надандығынан» сіресе берді. Надандардың «жат айбынар ісі жоқ, жау айбынар күші жоқ». Олар қайта «таршылықта қайраңдады, кеңшілікте ойраңдады», «ауыр мен жеңілдің арасынан» өту үшін бірде жалт етіп, бірде жоқ боларлықтай тасаланды, тіпті жақынын сатарлық амалдан да бас тартпады. Надан – ынсапсыз. Ол істің ақ пен қарасын талдап жатпайды. Одан көңіл кірлейді. Наданның көңілінде сана жоқ. Надан жарамсақсып, жалпылдағанда көрінгенді азғырады, дұспандығын оздырады. Елді бауыр тартпаушыда «өткен күннің бәрі ұмыт» қалады. Ұлағаттылықтан үйренбеу – арсыздық. Арсыздық — наданның кесепат әдеті. Кесепат Абай сөзімен айтқанда: «Ұятсыз, арсыз салтынан, қалғып кетер артынан» деген дағдыда ушығады. Тоқырау заманында: а) даналық тұтас үлгі болудан қалып қойды, оның әр қыры өмірлік көрініс ала бермеді; ә) өз ұпайын аңдығандардың саны да, таласы да көбейді. Өзі сабырсыз, арсыз, көрсе қызар жалмауыз. Жеке бастың қамын ойлағанның мінез-құлқы ұршықтай иіріліп, сырт көзге пысық көрінсе де, қыңыр қылықта адам бас пайда үшін жанжал-керістен тартынбайды, әккі әрекеті жаладан артылмайды. Әккілікте адамның дегені бірден бола бермейді. Қысылтаяң кезде қой дегенге көнбейтін арсыздар «өзін-өзі күндейді, жақынын жалған міндейді». «Үйтіп асқан жолығар, кешікпей-ақ тосқанға». Бұл – шындық. Себебі, «ұятсыз, арсыз салтынан, қалғып кетер артынан». Одан не тындырдық? Ал үйінде құр жатқандар «еркек арын сатады». Еңбегі жоқ еркелер «бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып», жұз құбылтар салт шығарды. Шаруаға қыры жоқтың «сыбырдан басқа сыры жоқ». Ыржақбастар «өз үйінде қипаңдады, кісі үйінде күй таңдады». Өзі оңбағанадр ешкімге берекет ойламады. Сенімі жоқ серменделер осылайша сырды, салтты бұзды. Күйлеме қалжыңбастық ертелі кеш бір зарлыққа жеткізетініне қанша мәрте Абайдың көзі жетті. Үйткені салақ та, лапылдақ та, паң да «адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» ниеттен аулақ; «малыңды жауға, басыңды жауға қор қылма, қорға, татулас» деген талаптан шет қалды. Тер төкпей жеңісқойлықты аңсаған ортада жолдастыққа лайықты үлкен істер қолға алынбады. Сыртын түзеп, сырын түземегендерді, Абай бірде жетесіз, бірде «қу борбай, сымпыс шолақ» дейді. Қыңырлық қашанда кесепаттың басы. Кесепат қол мен ойдың тарлығында, жан мен тәннің қорлығында. Не демелік, көрсе қызар жалтаң көздік естіліктің белгісі емес, қайта бишаралықтың айғағы еді. Осыған орай Абай күйіне былай дейді: «әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң, «көлеңкесі түседі көкейіңе»; кейде мақтан үшін қылық қылады; ал адалды арамға сатқан жанға иман, дәулет бітпейді. «Еріншек ездігінен көпке көнбек», өнерсіздің ісі «ақылға ермек, бойды жеңбек», «қылығы өле көрмек». Ақылды құлаққа ілмеген – надан, шынға сенбей, жоққа сенбек – ақылсыз, ұрлық, қулық қуған – арам, мақтан үшін әлекке түскен — қайратсыз. Бәріде жат мінезділіктің нышаны, бұзылғандықтың белгісі. Жат мінезділер «терін сатпай, телміріп көзін сатады». Бұзылғандар тез өшігеді, ант ішуді дерт көрмейді. Өшіккендер «кім көп берсе, соған серт береді». Өз еркін ұстай алмағандар жиі құбылды. Өзіне сөз келтіретіндерде дүрмек көп, тірлік жетіспейді. Мұндай дүрмекте «адалдық, адамдықты кім теңгермек?!». Дүрлікпе зар заманда жауабы, дәлірек айтсақ шешімі табыла бермеген сауал. Әйтседе, дәл бүгінгінің берекесіздеріне арнап айтылғандай. Бишаралық неден басталды? Бекер көкірек керіп, артық білуге талпынбағанда. Немесе «тура сөзін айта алмай, қит етуге бата алмай, қорлықпенен шіруге, аз ақшаға жалданып, өнбес іске алданып, жол таба алмай» жүргенде өрескелдік өршіді. Бишара мұңдасса да көңіл кірін кетіре алмады, аз білгенін көпсінді, сүйтіп өз талабын жалмады. Абай адамның қадірін кетірер осындай сыңарлық пен жарлылықты көріп ашынды, іштей күңіренді, тасыды. Сыңарлық – жарты жандық. Жарты жан өзгеге пана бола алмады, істің ағы мен қарасын ажырата алмай, ынсапсыздыққа ұрынды. Ысырапшылдар сын сағатта қасыңнан табылмайтын бақырлар. Ынсапсыз «таршылықта қайрандап, кеңшілікте ойрандап» шынның бетін бояйды, аяушылықты ұқпайды. Бақыр жалғандыққа бейім. Көрінгенді азғырғанның сөзінде расы, өзінде ырысы жоқ. Азғырушы көкейдегі құмарлығына бола жақынын сатып кетеді, жалғандыққа ұрынады. Кісімсінгеннің «қалжыңы теріс, сөзі – ұрыс». Өзімсінгеннің беделінде береке қалмаса да, оған өкінбейді. «Қулықты көргіш, сұмдықты білгіштер» ел нұсқынын кетірді, адамның көңілін әбден торықтырды. Сыңаржақ сызданбаның ұмтылысы немен тұйықталды? Сыңаржақтың бастауы – енжарлықта, жеңілтекті күтуде, осал әлсіздікте, қысқасы, өзіне болар жендетте. Осалдар бостықты өзіне ырықтап, жоқтықты өзінше тосатынын аңғармайды. Бостық дайынға тап болудан басталады, тер төкпеген пайданы құп көреді. Абай ескертеді: «Пайда деп, мал деп туар ендігі жас, Еңбекпен терін сатып түзден жимас». Пайдаға бас ауғандар қапысын тауып жақынын алмақ, сол құлқында кеудесіндегі сәулесі өше бермек. Жеңілтекке ойтолғам тұрақтамайды. Енжарда немқұрайдылық күш алады. Немқұрайдылықтың кесірінен адам жаңалықты ұқпайды, тың идеяны жақтамайды. Түзелмеген орта әлеуметтік әлсіздікті ұштайды, адамның өзін-өзі ұстауға нұқсан келтіреді. Әрекетсіздік іштегі де, түздегі де бос кеңістікті ұлғайтады. Бос кеңістіктегі осалдықта кісілік құны әлсірейді. Кісілік құны мен қоғам құндылығы құлдырағанда руханият және әлеуметтік кеңістіктегі ретсіздік, айқынсыздық, қайрымсыздық күш алады, әркім өз тұйығында жиырылып қалады. Алғашқысында, «ештеңе етпейді» деп өзімізді жұбатсақта, қамсыздар күнделікті тұрмыстағы «хаосқа», әлеуметтік әлсіздікке ұрынады. Әлеуметтік әлсіздік рухани теңсіздікте асқына береді, көптеген қыңыр қылықтарды тоғыстырады. Әлеуметтік қысылтаяңда «ойланар елдің сиқы жоқ, Баяғы қулық, бір алдау, Қысылған жерде – жан жалдау» тиылмайды. Себеп неде? Білмеген соқыр қайғысыз, қарнын сипаған көкірек алғысыз, түкті байқамай, қалғып-мүлгіп жүреді. Сөзді ұқпаған ешкімді де қадір тұтпайды. Адам өз болмысының ішкі қайшылығын шешпей, өмірдің тауқыметін жеңе алмайды. «Ойланар елдің сиқы» болмағанда тауқыметтің титықтатары көп. Жалпақ жұртқа арналған сөздің оралымы шектеулі, онда қырағылық шамалы. Абай даналығында рухани құбылыс пен құндылықтарды талдау мен бағалау айқын сезіледі. Абай шығармашылығы даналықты сұхбаттасушы субъект ретінде түсінуге және алуан пікірлерді түсіндіруге мүмкіндік береді. Мұның өзі дүниетанымдық жүйенің қалыптасуын қарастырып қана қоймай, оның дамуына қосымша ықпал жасамақ. Ол үшін тәрбие қайшылықтарын, дәстүр үрдістерін бағамдап, сондай үйлесімділікті көркем бейнелеумен көрсету шарт. 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *