КӘСІБИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЭТИКАСЫ
КӘСІБИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЭТИКАСЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі, 90 жылдық тарихы бар білім және ғылым ордасы. ҚазҰУ – еліміздегі және Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасында ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы және жалғыз оқу орны. Бұл жетістік университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және халықаралық ынтымақтастық саласындағы жоғары деңгейін танытады. Университет қазіргі таңда әлемдік оқу орындары арасында өз дәрежесін нық орнықтырған білім ордасы ретінде танымал. Осындай алдыңғы қатарлы білім ордасында болашақ мамандардың кәсіптік-психологиялық құзіреттілігін дамыту, кәсіби ортада тиімді жұмыс істеуін, командада үйлесімді қарым-қатынас орнатуын және басқарушылық дағдыларын дамытуға дайындау мақсатында «Басқару психологиясы» пәні оқытылады.
Басқару психологиясы – бұл адамдар арасындағы қарым-қатынастарды, мотивацияны, топтық динамиканы және ұйымдағы психологиялық аспектілерді зерттейтін пәнаралық ғылым. Пәннің аясында ұжымдық қатынастарды, компанияларды және қоғамдық ұйымдарды басқару көздері қарастырылып, олардағы тиімді коммуникация мен іскерлік этика мәселелері талданады.
Аталмыш пәннен психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жұбаназарова Назираш Сулейменовна бірінші курс магистранттарына «Іскерлік қатынас және кәсіби қарым-қатынас психологиясы» тақырыбында дәріс оқыды. Семинар сабақ барысында Л.Д. Столяренко, Т.С. Кабаченко, Л.А. Вайнштейн, И.В. Гулис және тағы да басқа ғалымдардың «Басқару психологиясына» қатысты ғылыми еңбектері негізге алына отырып, іскер адам психологиясы, кәсіби қарым-қатынас түрлері мен іскерлік этика мәселелері кеңінен қарастырылды, пікір алмасу өтті.
Этика (грек тілінде әдет-ғұрып, мінез-құлық деген мағынаны білдіреді) – мораль туралы ілім. «Этика» терминін алғаш рет Аристотель қолданған. Мораль – адам мойындайтын этикалық құндылықтар жүйесі.
Іскерлік қатынастар этикасы – бұл қоғамдық өмірдің бір бағытын, яғни кәсіби қатынастардағы моральдық нормаларды анықтайтын ұғым. Іскерлік қарым-қатынас этикасы – қызмет саласында, өндірістік іс-әрекет процесінде адамдардың мінез-құлқы мен қарым-қатынастарын реттейтін моральдық нормалардың, ережелер мен идеялардың жиынтығы. Ол іскерлік ортада адалдық, әділдік, жауапкершілік және өзара құрмет секілді құндылықтарды қамтиды. Іскерлік қарым-қатынас этикасы кәсіпорындардың беделіне, қызметкерлердің ынтымақтастығына және ұйымның табысына тікелей әсер етеді.
Іскерлік қарым-қатынас этикасы жөнінде жазылған еңбектерге үңілгенде әлемдік деңгейде мойындалған ұлы философтардың нақылдарынан мол өнеге аламыз. Мәселен, атақты Конфуций адамдар арасындағы қарым-қатынаста парыз, әділеттілік, ізгілікті бірінші орынға қойған. Оның «Билеуші әділдікті жақсы көрсе, халық арасында ешкімнің арамдық жасауына батылы бармайды» деген сөзі тиімді қарым-қатынасты орнатуға көмектеседі. Сондай-ақ, «Жұмысыңызға құрметпен қарап, басқалармен әділ қарым-қатынаста болыңыз» және «Адамдардың сөзін тыңдаймын, бірақ іс-әрекеттеріне қараймын» деген нақылдар іскерлік ортада маңызды рөл атқарады.
Бұл орайда біз сөзсіз адамзаттық деңгейдегі ұлы тұлға Хакім Абай мұрасына тоқталамыз. Себебі, Абай шығармашылығының басты күретамыры – Адам. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейтін терең философиялы, ізгілік жолын ұстанған тұлға мұрасында іскерлік қарым-қатынас этикасына негіз болатын ойлар жетерлік. Мәселен Абай қара сөздеріндегі мына бір нақылдарға зер салайық: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» және т.б. Хакімнің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің үзіндісіне үңілейік:
«Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз»
Абайдың бір ғана туындысының өзінде іскерлік қарым-қатынас этикасына негіз болатын бірнеше құндылықтар жүйесі сараланады. Байқағанымыздай, тарих тақтасында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар мұрасында біз сөз етіп отырған іскерлік қарым-қатынас этикасы төңірегіндегі маңызды мәселелер философиялық тұрғыда терең зерделенеді. Абай мен Конфуцийдің іскерлік этикасы мен қарым-қатынас нормалары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Іскерлік этика өзгенің уақытын сыйлау, жауапкершілік, уақытты тиімді басқару, киіну мәдениеті, сыйластық, сөйлеу әдебі сияқты қарапайым, бірақ маңызды қағидалардан басталады. Этикет іскерлік қарым-қатынастың негізін құрайды, оған әріптестермен сыпайы сөйлесу, дұрыс атаулар қолдану жатады. Іскерлік этика мен іскерлік қарым-қатынас бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан әр қызметкердің оларды білуі маңызды.
Қорыта келе айтарымыз, басқару психологиясы пәнін оқу арқылы мамандар коммуникативтік дағдыларын дамыту, топта тиімді жұмыс істеу, даулы жағдайларды оңай шешу қабілетін бойына сіңіреді. Сонымен қатар олар кез келген кәсіби ортада іскерлік этиканың негіздерін түсініп, жауапкершілікпен әрекет ететін болады.
Жубаназарова Н.С.
Психология ғылымдарының кандидаты,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры
Асқар Алуа.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс магистранты
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718