Менің ұстаздық ұстанымым

Жубанова Аймира

Менің ұстаздық мамандығына қызығушылығым бала кезімнен басталды. «Ел есінде бір жыл қалғың келсе, — ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Мәселе ел есінде қалуда емес, басты мәселе кәсібіме адал, бойымдағы бар біліміммен бөлісетін жақсы маман болу.

Мұғалімнің  негізгі міндеті — жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болмақ. Ендеше, осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға — ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады.

Халқымыз әрқашанда Ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп, бағалаған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», деп айтқан ұлы Абай.

Ал чехтің педагогі Я.А.Коменский: «Мұғалім — мәңгі нұрдың кызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі», — деп, ұстаздар қауымына жоғары баға беріп ғана қоймай, ұстаздар қауымы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ең маңызды тұлға саналатынын айтқан.

Ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, терең білімі, айқын қойылған мақсат жолындағы ізденіске толы еңбегі – бала жүрегіне жол табар – қыл көпір десе болады.

Менің ең басты ұстаздық ұстанымым- адамгершілігі мол, иманды шәкірт тәрбиелеу. Білімді, бәсекеге қабілетті, көзі ашық, көгірегі ояу шәкірт тәрбиелеу үшін ең алдымен ұстаз өзі білікті, білімді, интеллектуалды, сауатты болуы шарт деп санаймын. Осы жолда қолдан келгенде еңбек етудемін.

Қазіргі таңда ақпараттық заманның толысқан шағында өзінді табу оңай емес. Өйткені білім беру жүйесіндегі жаңа құбылыстар кімді болса да, тіпті тәжірибесі, еңбек өтілі көп адамды адастыруы мүмкін. Сондықтан ұстаз шын мәнінде керекті пайдалы нәрсені, керексіз нәрседен ажыратып, дұрыс бағытқа салатын адам.  Екінші, ХХІ ғасыр- компьютерлік ақпараттар заманы. Әлемдегі болып жатқан хабарлар туралы интернет арқылы минутында мағлұмат алып отырған жасөспірімді бірнәрсемен тандандыру, жаңа сабақ түсіндіріп, дәріс беру, қолдан келе беретін оңай іс емес. Қазіргі заманда ұстаз осыған дайын болу керек.

Ұлтымыздың жарық жұлдызындай ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов «Білімділікке жеткізер баспалдақ, ол біліктілік, сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп айрықша көрсеткен. Жаңа ғасыр мұғалімі шәкірт алдында терең білім, жан-жақты білікті тұлғасымен дараланып қадірленуі тиіс.

Алдыңғы қатарлы тәжірибені жетілдіре отырып, оқу үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру максатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру — мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық кабілеті үлкен рөл атқарады.

Қоғамда болып жатқан әлеуметтік -экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен міндеттері окушыларды әлемдік даму деңгейіне сәйкес келетін белгілі бір біліммен қаруландыруды және ұлттық сана-сезімін тәрбиелеуді көздейді.

Бұл міндетті шешу және қазіргі кезде білім берудің мемлекеттік стандарттарының жасалуы, оқушылардың стандарт деңгейінен кем емес білім алуының талап етілуі оқытудың дәстүрлі әдіс -тәсілдерін өзгертіп, озық технологияларды қолдануды, мұғалімдердің әдістемелік даярлықтарына қойылатын талаптар деңгейін көтеріп, олардың оқытудың жаңаша әдіс — тәсілдерін, жаңа технологияларын меңгеруін қажет етеді.

Өзімнің ұстаздық ұстанымымды тізбектей айтатын болсам:

  • Білім алушыға талап қоя білуіміз керек. Талап қою арқылы оқушыны,

тапсырманы уақытында орындатуға, тіпті де өмірде болып жатқан

жағдайларды уақытымен, ретімен жасауына тәрбиелейміз.

  • Екіншіден рухани тәрбие беру. Ең бастысы бұл өмірде ар-ұждан,

адалдық, сенім, мейірімділік,сыйластық  секілді адами қасиеттерді

бойына қалыптастыру;

  • Үшіншіден, кез келген ортада, кез келген жерде өз пікірін ашық

білдіруге үйрету; Яғни сыни пікір білдіруіне бағыттауымыз қажет.

  • Төртіншіден, Абай атамыз айтқандай «көңілденіп, тұшынып, ынтамен

ұғуын» қадағалау;

  • Бесіншіден, «адам болып келіп өмірге, адам болып кету парызың» деп

Абай атамыз айтқан аталы сөздің мән-мағынасын түсіндіру.

  • Алтыншы ұстанымым, әрдайым ізденісте болу. Іздену, ұғыну, қоғамда

болып жатқан өзгерістерден әрдайым хабардар болып, оны желтілдіріп отыру.

Белгілі ағартушы, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Жүсіпбек Аймауытов ұстаз қызметін «Ұстаз — шәкірттерге сабақ берумен, білім үйретумен шектелген маман иесі емес, ол шәкірттерінің алдағы өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне сүйеніп, келешекте жазатайым аяғын шалыс басып, өмірден соққы жеп, өкінбеске күні бұрын сақтандыратын қорғаушысы, қамқоршысы», — деп биік баға береді. Расында да, қандай мамандық иесі болсын, алдымен ұстаздан білім алады. Ұстазына еліктейді. Сол секілді ұстаз – ұлы есім деймі.

Қазіргі пандемия жағдайы педагогтардың мәртебесін көзге көрсете отырып, қоғам үшін мұғалім қауымының ерен енбегін сөзбен емес, іспен ақ дәлелдеп берді. Бұл жай кез келген отбасында орын алып жатыр. Ендеше, елі үшін жүрегі лаулап соққан ұстаз болу – мақтаныш.

 

 

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *