Қазақ әңгімелердегі ұлттық дүниетаным көрінісі

Біздің ата-бабаларымыз ежелден көшпелі ғұмыр кешкен. Табиғаттың қыр-сырын жанжақты тереңінен ұғыну, шеті мен шегі жоқ кеңістікте мал бағу, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қону – біздің ата-бабаларымызға тəн қасиет. Көшпелі өркениет, көшпелі өмір салты оларды айнала қоршаған ортаға өзгеше көзбен қарауға үйретті. Табиғаттың қатал сынына төтеп бере жүріп, өздеріне ғана тəн тіршілік қамын жасап, қиыншылықтарға қарсы тұруға машықтанды.Осыдан барып даналық таным, дүниетаным ұғымдары қалыптасады. Жалпы дүниетаным деген не? Ол туралы философиялық сөздіктерде мынадай анықтама берілген екен:«Дүниетаным – адамдар мен табиғатқа, жалпы құндылықтарға моральдық нормаға тұлғаның жалпы қатынасын білдіретін негізгі (бастапқы) сенім, қалып, таным немесе қоғам мүшелерімен ортақ көзқарас қалыптастырып, қоршаған ортамен қатынас қалыптастырудағы негізгі өлшем.Дүниетаным – адамдардың дүниені ақиқатпен теориялық жəне практикалық жағынан бірлікте тану мақсатындағы рухани тəсілі. Дүниетанымда тұтас адамзат əлемі моделі сияқты мəдениет категорияларының жүйесі көрініс тапқан».

Дүниетаным бір күнгі немесе бір жылдың ғана жемісі емес, ол адамдардың ғасырлар бойы жасаған өмір тіршілігімен тығыз байланыста дамып, жетілетін өнер мен мəдениетке жақын көзқарастар жиынтығы екен. Олай болса, біз қазақ халқының ұлттық дүниетанымын оның сандаған жылдар бойында қалыптасқан дəстүрлер арқылы танытуымызға болады екен.

Ақыл-парасат, сана-сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі – өзін қоршаған ортаны танып білуге деген ерекше ұмтылыс.Адам айналасындағы əлеуметтік дүниені, табиғи əлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым-қатынасын белгілейді. Осы негізде өзі белсенді іс-əрекетке араласады, мүдделерін, сұранымдарын қанағаттандырады. Сөйтіп, оның дүниені танып білуі нақты əлеуметтік сипатқа ие болады. Дүниені танып білудің негізінде құбылыстардың, адам санасында бейнеленуі жатады. Бейнелену теориясының мəні мынада: заттар, құбылыстар мен процестер жəне олардың қасиеттері мен маңызды байланыстары танып-білуші субьектіден тəуелсіз өмір сүреді.

Ұлттық дүниетаным дегеніміз – белгілі бір ұлттың дүниеге, қоршаған ортаға деген көзқарасы, таным-түсінігі. Әрбір халық өз тілінің негізінде өзіне тəн дүниесезіммендүниетанымынқалыптастырады.Олай болса, жер бетінде өз тілінің негізінде қанша халық өмір сүріп жатса, соншалықты дүниесезім, дүниетаным, философия болады. Көне гректердің айтқанындай, философия дүниеге таңғалудан басталады.Ал оның өзі өмірдегі күнбе-күн кездесетін айқын да түсінікті құбылыстардан туындамайтыны баршаға мəлім. Таң қалатын құбылыс сиқырлығы мен көпқырлылығы, əсемділігі мен орасан зор күш-қуаты, я болмаса ерекше нəзіктігімен көрініп, адамның жан дүниесінде ерекше із қалдырады. Философиялық деңгейге көтерілсек, бұл дүниеде мəңгілік адам таңғалатын екі-ақ құбылыс бар.Оның бірі – əлем, барлық өмір сүріп жатқан дүние болса, екіншісі – өзіндік санасезімі, ішкі рухани өмірі бар адам болмақ. Біріншісі құшаққа да ой елегінің ауқымына да сыймайтын шексіз де мəңгілік əлем. Дүние ғарыш болатын болса, екіншісі ғарыштағы құбылыстармен салыстырғанда атом сияқты, бірақ өзінің нəзік жан дүниесі бар адам. Адам – кіші əлем ретінде үлкен əлемге – ғарышқа тең. Бүкіл ғарыштың барлық сиқыры мен талпынысы адамның табиғатында жиналған. Сондықтан осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген белгісіз түрік бабамыз алдындағы жатқан дүниеге таңғалып, сол жөнінде алғаш рет ойланып, ондағы адамның орны қандай екен деген сұрақты өз алдына қойған кезде, сол сəтте отандық философия бұлағының көзі ашылды десекте болады. Қазақ халқының дүние сезімі мен дүниетанымының ерекшеліктері, əрине ол өмір сүрген табиғаттың, соған бейімделіп қалыптасқан шарушылық формалары, өмір салтының жүйелері мен тығыз байланысты болса керек. Жоғарыда айтылған тұрғыдан бұл мəселеге көз жіберсек онда біздің ата-бабаларымыз таңдап алып, өз Отанына айналдырған жерлер мал өсіруге лайықты, табиғаты қатал, суға тапшы, сонымен қатар өрісі кең, малдың соңында көшіп-қонуға мол мүмкіншілігі бар кеңістікте орналасқан болатын. Ал табиғаты жұмсақ, суы мол жерлерде (мысалы, Сырдария, Шу өзендерінің т.с. с бойларында) халық жерге тұрақтанып егіс егіп, қолөнерін дамытып, қалалар тұрғызды. Оған мысал ретінде «Жібек жолы» бойында орналасқан орта ғасырдағы қалаларды айтуға болады.(Отырар, Мерке, Құлан, Талғар, Алматы т.с. с)

Негізінен алғанда, жаңа дəуірге – машиналық индустрия пайда болғанға дейін қазақ жеріндегі ең тиімді шаруашылық формасы көшпенді мал шаруашылығы болды. Сондықтан біздің арғы бабаларымыз мыңдаған жылдардың шеңберінде осы шаруамен айналысты. Ол біріншіден, табиғатқа бас июді, оған табынуды талап етті, табиғатты өз еркіне сай етіп қайта өзгертуге тырыспады, табиғат заңдылықтарына бағынды. Сондықтан ежелден қазақ халқының, қазіргі тілмен айтқанда, экологиялық санасы биік деңгейде болды.

Екіншіден, біздің бабаларымыз көшпенді мал шаруашылығымен айналысып, еркін көшіпқонып жүргендіктен, еркіндік, бостандықты қатты бағалаған.Қазақ жерінде абақты ұғымы атымен болмаған.

Үшіншіден, негізінен алғанда көшпенділік теңдікті талап етеді, оған тəн саяси формалар.
Қазақ танымында адамның жаратылысы, оның өмірі туралы мифтер өлім жəне о дүниедегі желісі бар өмір жайындағы ұғымдарға ұштасып отырған.Исламға дейінгі Тəңірлік дүниетаным бойынша əруақтарға сену,өлген адам іс жүзінде басқа бір дүниеде бізбен қатар тіршілік кешіп жатыр деген түсінік орын алған. Өлген адамның жыл толған асында ұлан-асыр той жасау оны ғажайып бір өмірге біржола шығарып салу дəстүрімен сабақтас. Мұндай ұғымға астар болған байырғы мифтік сенім екені даусыз. Айнала қоршаған дүниені адамдар кейпінде түсінумен қатар, қайтыс болған адамдар да солардың қатарына барып қосылатындығы, яғни адамның өзінің келген жеріне қайта қайтатыны – байырғы біртұтас, араға жік қоймайтын ұғымның сілемдері.

Бұл орайда дүниенің соңы «ақырзаман» деген түсінікті адамның туу, жаратылуы, өмір сүруі, өлу жəне о дүниеде қайта жасау сияқты белгілі бір жүйеге, циклды тəртіпке түскен тізбенің соңғы жəне қорытынды бөлімі деп қарауымызға болады.

Миф түптеп келгенде, о бастан-ақ сөз өнерінің айшықты бір жанры емес. Мифтің дүниетанымдық қызметі əлсірей бастағаннан кейін ғана ол сөз өнерінің өзге жанрлары мен (аңыз,əпсана,ертегі, т.б.) жақындасып, фольклорлық жанр аясына түсірілді. Ал шындығына келгенде, наным-сеніммен, əдетғұрыппен, салт-санамен бірге туып, бірге жасасқан мифтің қоғамдағы көрінісі алдымен оның сан-салалы дүниетанымдық қызметінде. Міне, бұлардың бəрі де дала тіршілігінің мифтік ұғымдарға астасып жатқан көріністері екені даусыз. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ мифінің логикалық құрылымы мен жасалу жүйесі əлемдік үрдіспен сабақтас. Ал оның өзіндік ерекшеліктерін мифтік символдармен ұғымдарға өз өмірінің көріністерін көшіруінен көреміз.

Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, профессор.
Әуез Ақдидар
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистрі

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *