Ұлттық бояуы қанық байқау
Еліміздегі ең алғашқы құрылған университеттің бірі, республикамыздағы көш бастап тұрған университеттердің қатарында және алғашқысы – Әл –Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Биыл университетіміздің құрылғанына 87 жыл. Осы жылдар арасында университетіміздің қабырғасында көптеген республикалық,халықаралық,ұлттық іс-шаралар өткен болатын. Әр іс-шараның өзінің белгілі бір мақсаты мен мүддесі болды. Әрине,ең басты мақсаты-еліміздің дамуына, халқымыздың құндылықтарын арттыруға , тарихымыздың ұмытылмауына, ұлтымыздың қайсар рухының өшпеуіне негізделген. Барлық іс-шаралар сонау тарихтан, ата-бабамыздан келе жатқан мәдениеттен,салт-дәстүрден сыр шертеді.
Қазақ халқымыз әрдайым әдемілік пен әдептілікті, тәлім мен тәрбиені жоғары бағалайды. Халқымыздың басты мақсаты – ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. «Баланы бастан» немесе «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген нақыл сөздердің өзі мұны айқындап тұр. Еліміздің үздік университеті қабырғасында осы бағытта атқарылып жатқан игі шаралардың бірі – ҚазҰУ мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы – дәстүрлі «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауы.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдануын арттыру, жастардың тұлға ретінде және рухани дамуына ықпал ету, қазіргі заманғы қыздар мен ұлдардың шығармашылық пен жоғары интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салты мен табиғи сұлулықты насихаттау.
Мақсаты анық, ұлттық бояуы қанық байқаудың ақтық сыны Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткізіліп келеді. Университеттің көптеген қыз-жігіті байқауға қатысуға өтініш білдіріп, олардың ішінен тек үздіктері екінші кезеңге өтеді. Нәтижесінде екінші кезеңге өткен студенттер, финалда өз бақтарын сынайды.
Жалпы, байқауға қатысушылар негізінен кезеңдер бойынша өнер көрсетеді: таныстыру, шеберлік, шығармашылық байқаулары, ұлттық киімдегі «дефиле». Қыздар мен жігіттер қазақ ұлтының салт-дәстүрін дәріптей отырып, өздерінің дарындылықтарын барша жұртқа байқатады. Сайыс аяқталған соң, қатысушыларға қазылар алқасы әділ шешім қабылдайды. Яғни, оларға өздерінің еңбегіне сай орындарын жариялайды.
Қатысушылар демеушілердің арнайы сыйлығына ие болып, өнері мен таланттарына сай номинацияларға ұсынылады. І, ІІ, ІІІ орындар беріліп, ең бастысы «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» атағын шын мықталар иемденіп, жеңімпаз атанады.
Қатысушылар бұл байқауға бар күштерін салатыны айдай анық. Алайда таланты мен тапқырлығы жарасқан арулар мен сұлтандарды бағалау төрешілерге де оңайға соқпайды.
Әділ қазылар құрамында университетке еңбегі сіңген ардагерлер, жұртқа танымал тележүргізушілер мен актрисалар, газет-журнал директорлары да кездеседі.
Қорыта айтқанда, бұл байқау жастардың жеке тұлға ретінде дамуына, рухани кемелденуіне, шығармашылық әлеуетін арттыруға атсалысады. Мұндағы ұйымдастырушылардың басты мұраты – байқау арқылы Қазақстан жастары арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Сөзге тиек ететін нәрсе, университетіміздің www.kaznu.kz сайтында бұл байқаудың әр жылғы барысы, нәтижелері мақала етіп жазылып, шығарылып отырады.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан байқау жеңімпаздары да, қатысушылары да өркендеген заманда өзіндік қолтаңбасы бар аталмыш жобаның орны айтарлықтай екенін айтады.
Жалпы, бұл байқау жастар үшін өте маңызды. Мұндай аласапыран заманда өз құндылықтарымызды жоғалту әп-сәтте екені рас. Бәлки, осындай ұлтымыздың рухын көтеріп, қайсар халқымыздың ұстанымдарын дәріптейтін байқаулар ол сұмдықтың алдын алар.
Қазақтың әрбір қызы «қазақ аруы», ал жігіті «жігіт сұлтаны» деген атқа лайық болуы үшін өн бойында қазақилық оттай лапылдап тұруы керек сияқты.
Университетімізде жылда ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқауға алда үлкен жетістіктер тілеймін. Асар белестері , жетер шыңдары мол жастардың бойында қазақилықты дамыта берсін!
Шакенова Бекзат,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің студенті www.kaznu.kz
Жетекші: Тунгатова Ұлжан, Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің оқытушысы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718