«Мектеп жасына дейінгі балалардың табиғатқа деген қызығушылығын ояту үшін әдіс тәсілдер мен жобаларды дамыту»

Нуртаева Асылтас Рахатовна

«Мектеп жасына дейінгі балалардың табиғатқа деген қызығушылығын ояту үшін әдіс тәсілдер мен жобаларды дамыту»

             “Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,

мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ”

Халық даналы

Табиғат әлемі таңғажайып және керемет. Дегенмен, барлығы бұл сұлулықты, аспан, су, жапырақ түстерінің алуандығын  көре білмейді. Табиғат ересек адам мен  балаға күнделікті әсер етеді. Бірақ балалар көп нәрсені байқай бермейді, үстірт қабылдайды. Табиғат сұлулығы рұхани  қайырымдылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады, яғни, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке, жақын адамдарға қамқор бола білуге көмектеседі. Балар үшін табиғат – бұл әр түрлі табиғат құбылыстарды танудың және сөздік қорын байыту көзі. Бұл – балалардың сөйлеу және ойлау қабілетінің дамуына ең қолайлы және пайдалы фактор. Табиғат баланың тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етеді. Баланың қандай болып өсуі – бізге, ерексектерге байланысты. Балалар үйі балаларының экологиялық тәрбиесі  алуан түрлі ықпал ету құралдарының көмегі арқылы іске асырылады:

-саяхат;

-мұражайларға бару;

-мақсаттық серуендеу;

-телебағдарламалар, бейнефильмдер;

-табиғат туралы көркем әдебиеттер;

-суреттерді, фотосуреттерді, иллюстрацияларды тамашалау;

-музыка тыңдау;

-дидактикалық ойындар, мақалдар, мәтелдер;

– қалалық жарыстарға қатысу.

Ересек және даярлық жастағы балалар “тірі” және “өлі” табиғат деген түсініктермен таныс. Экологиялық тәрбиелеу бойынша балалармен жұмыста экологиялық қауіпсіздікке көп көңіл бөлінеді. Педагогтармен “Балаларымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығы”тақырыбында педагогикалық кеңес жүргізілді. Педагогикалық кеңеске даярлық тобының педагогтары бізді қоршаған ортада балалардың  қауіпсіздігін сақтау  бойынша сабақтар жүргізді. Әрбір топта әр түрлі жағдайларды модельдеу үшін құралдар дайындалып ресімделген болатын. Балалар экологиялық ертегілерді, тақпақтарды, әңгімелерді, жұмбақтарды тыңдауды, өз ойларымен бөлісуді жақсы көреді. Балалармен сабақ баланы бізді қоршаған ортаның жағдайы әрбір адамға байланысты екендігін сендіруге көмектеседі. [3]

Мектепке дейінгі жастағы балаларға адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты анықтайтын экологиялық тәрбие беруге байланысты мектепке дейінгі тәрбие мекемелердің алдында  негізінен мына төмендегі міндеттер тұр. Атап айтқанда:

-педагогикалық   мамандардың экологиялық тәрбие  беру  жөнінде білім деңгейін көтеру;

-балаларды айналамен таныстырудың бағдарламасын олардың ата-аналарына насихаттау;

-әртүрлі жастағы балалар топтарындағы оқу-тәрбиелік жұмыстар;

Қоршаған ортаны аялауға деген адамның саналы көзқарасын қалыптастыру оның бала кезінен ерте басталуы тиіс.

Баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 7 жылы оны тәрбиелеу мен оқытудағы ең басты кезең болғандықтан оны ескерусіз өткізіп алуға болмайды. Баланың болашағы сол кезеңде алған тәрбиесіне өте байланысты. Олай болса, адамзаттың рухани және материалдық жағдайы осы кезеңде алған тәрбие негіздеріне тәуелді.

Сұлулыққа тәрбиелемей тұрып жақсы ниеттегі, адамгершілігі бар, шығармашылықпен жұмыс істейтін адамды қалыптастыру мүмкін емес. Сұлулық бала бойында қуаныш сияқты ең жақсы сезімдерді тудыра отырып, баланың белсенді түрде шығармашылықпен жұмыс істеуі мен денсаулығына оң ықпалын тигізеді. Бірақ бала мұның бәрін сезіну үшін сұлулықты өз көзімен көріп, оны қабылдай білуі керек.

Балалар тәрбие арқылы, ересектердің өнегесі арқылы дүниені таниды, көруді, сезінуді, тыңдауды үйренеді. Тәрбиелеуші жақсы өнегені беруге неғұрлым қабілетті болсақ, балада соғырлым көбірек үйренеді.

Баланың өміріндегі алғашқы қабылдаған қуанышты сәттер оның болашақтағы өміріне жағымды бағыт бере отырып, өмір бойы есінде қалады.

Жаңа ғасырда табиғатсыз баланы тәрбиелеуді көз алдымызға елестете аламызба? Сондықтан да балабақшамыздағы тәрбие ісінің негізгі міндеттерінің бірі – «Балаларды айналамен таныстыра отырып, оларға экологиялық тәрбие беру» болып табылады. Баланы өз туған өлкесінің табиғатын сүюге, оны аялай білуге, оны қорғауға қызығушылығын арттырып, жауапкершілігін күшейтуге, табиғатпен бірге өмір сүретінін сезінуге үйрету мақсат.

Балалармен жұмыс істеу барысында сабақ өтілетін бөлме ғана емес, сонымен қатар мекеме ораласқан ғимарат та әсем болуы керек. Егер балалар сұлулықты өмірден өз көздерімен көре отырып, оның өмірімен байланысын сезіне білсе, онда олар сұлулықтың бар екеніне сенеді.

Балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу барысында оларды сұлулықты көріп қана қоймай, сол сұлулық жолында еңбектене білуге үйретудің маңызы зор.

Біз табиғи факторлар – су, ауа, күнді қолдана отырып экологиялык тәрбие меселелерін шешеміз.

Балаларды өсімдіктер және жануарлар әлемімен таныстыру арқылы, оларды күтіп-баптаудың жолдарын үйрете отырып, оларды аялай білуге тәрбиеленміз. Балалар тірі және өлі табиғат арасында, тірі организм мен олардың өмір сүру ортасындағы байланыстарды орнатуды үйренеді.

Бала дүниеге келгеннен бастап табиғатпен байланыста болады.

Табиғат – баланың ақыл-ойының балалық деңгейден нақты түсініктер бойынша қалыптасқан жоғары деңгейге жеткізетін қор болып табылады. Ол  әртүрлі   табиғи   құбылыстарды жете түсінуді өз ойын жеткізе білу өнерін бірге дамытады.

Табиғатты танып, білу – мектепке дейінгі жастағы баланың бойында табиғатпен эстетикалық қарым-қатынас жасаудың базасын құрайтын экологиялық тәрбиені бере отырып, сонымен бірге оны қорғай, аялай білуге үйретеді.

Мектепке дейінгі жастағы балаға экологиялық мәдениеттің алғашқы түсініктерін қалыптастыру үшін:

1.Мектепке дейінгі мекемелерде балаларға экологиялық тәрбие берудің алғы шарттарын құру;

  1. Балалардың экологиялық сауығуының дамуы үшін атқарылатын жұмыстарға көгалдандырылғанзоналар құру және ұйымдастыру;

З.Тірі объектілерді күтіп-баптауға қолайлы ортаны іс жүзінде құру үшін іс-шаралар ұйымдастыру;

4.Сабақта  көркем құралдарды, әдістемелік және материалдық құралдарды, ойындарды, ойыншықтарды, түрлі ертегілер кейіпкерлерін жүйелі түрде қолдану;

5.Педагог мамандардың білім деңгейі мен олардың біліктілігін арттыру. Тәрбиеші – педагогикалық үрдістің ең басты тұлғасы және экологиялык тәрбие берудегі шешуші фактор болып табылады. Ол экологиялык ақпараттар және арнайы материалдармен кең көлемде таныс болуы тиіс, сонымен қатар балаларды тәрбиелеу тәсілдерін қолдана білуі керек. [4. 20]

Бала жүрегіне табиғаттың әсері өте зор, сол себептен де ол тәрбиелеу мен дамыту әрекетінде кеңінен пайдаланылады. Дегенмен, табиғат өздігінен бала бойына қажетті жеке тұлғалық сапаларды қалыптастыра алмайды, оған міндетті түрде ересектер тарапынан басшылық жасау қажет. Балалардың табиғатқа қызығушылығы оның құбылыстары арасындағы өзара байланыс пен олардың пайдасын жете түсінгенде ғана арта бастайды.

Мектеп жасына дейінгі ересек топ балаларының табиғатқа қарым-қатынасын бақылау барысында біздің байқағанымыз: табиғат құбылыстарының барлығы тең дәрежеде балаларды қызықтыра алмайды. Мысалы: табиғаттың кейбір құбылыстары, өзінің қабылдауға жеңілдігіне қарамастан, балалардың сәндік ою-өрнектерін жасау әрекетіндегі еңбектерінде мүлдем көрініс таппады деуге болады. Сондай-ақ солар шеңбері, жұлдыздар, найзағай, толқын, ай т.б. бейнелеуге де жете көңіл бөлмегені байқалды. Табиғаттың нақ осы құбылыстары мен обьектілері қазақ халқының күнтізбесінің негізіне жатады, ал жұлдызды аспан сырын жете ұғыну көшпелі өмір тіршілігі үшін аса кажет болды.

Қиырсыз кең байтақ далада үнемі көшіп-қонып өмір сүру адамдардан кеңістікті жақсы бағдарлай білуді және жұлдыздар көмегімен құдықтар мен қоныс жайылымдар жолдарын дәл таба білуді талап етті. Көптеген көшпенділер негізгі аспан жұлдыздарын білумен қатар, ауа-райын да алдын-ала болжай алды. Бұл маусымдық  жұмыстармен дұрыс жоспарлауға көп септігін тигізді. Айдың тууы мен аяқталуына орай күндізгі уакыт аспанда күннің орналасуына қарай бағдарланды.

Бұдан шығар қорытынды – біздің ата-бабаларымызды өмірдің өзі табиғатты, оның құбылыстарын жетік танып білуге тәуелді етсе, ал балалардың табиғат заттары мен құбылыстарын сәндік бейнелеу әрекетінде пайдалана алмауы тәрбиешілер жұмысының кемшілігінің көрінісі болып табылады. Сол себепті ересектер тобы балаларының жас ерекшелігін есепке ала отырып, қазақтың халыктық сәндік-қолданбалы өнерімен таныстыру барысында өлі табиғатқа қызығушылығын қалыптастыру қажет. Халықтық өнердің ою-өрнектік негізі мектеп жасына дейінгі балалардың қабылдауына және шығармашылық іс-әрекетінде бейнелеуіне ыңғайлы да лайықты.

Қазіргі уакытта Қазақстан Республикасының ‘ ‘Мектепке дейінгі тәрбие тұжырымдамасында” және жаңа бағдарламаларға сәйкес ересек топ балаларының алдына іскерлік-дағдыларды одан әрі жетілдіре түсу, оны халықтық сәндік ою-өрнекті бейнелеу әрекетіне пайдалану, сәндік-қолданбалы өнермен таныстыру, оның негізінде табиғатпен тығыз қарым-қатынасқа тәрбиелеу міндеттері қойылып отыр.

Балалармен жүргізілетін негізгі жұмыстарды төмендегіше топтауға болады:

– балаларды сәндік – қолданбалы өнермен таныстыруда берілетін табиғат заттары мен құбылыстары элементтерінің  алуан түрлілігін анықтау арқылы ұйымдастыру;

– өлі табиғат заттары мен құбылыстарының мәні, сондай-ақ олардың адам өміріндегі маңызы жайлы бала түсінігін қалыптастыру;

-мектеп жасына дейінгі балаларды  ұлттық әшекей элементтерімен таныстырудың бірізді жүйесін жасау;

-сәндік әшекейлерді жасау әрекетінде – практикалық іскерлік пен дағдыларды қалыптастыру.

Балаларды табиғат құбылыстарымен және оны сәндік әшекейлер жасау әрекетінде бейнелеу ісі тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану жолдары арқылы жүзеге асады. Оның ішінде белгілі бір түсінікті бала  санасына бейнелі жеткізетін көркем сөздің алар маңызы ерекше. Бұл орайда, баланың қабылдауына қызғылықты да жеңіл тиетіні – жұмбак.

Тақпақ, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды тиімді пайдалану жаңа білімді игеру үрдісін жеңілдете түседі.

Табиғатқа қызығушылықты қалыптастыру және оны сәндік әшекейлеу әрекетінде пайдалана білудің шешуші міндеттері мыналар:

– балалардың табиғат құбылыстарының өзара байланысын пайымдай білуі және себеп-салдарын анықтауы;

– әртүрлі әдіс-тәсілдер және әрекет түрлерін пайдалану арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың табиғатты танып-білуге ұдайы қызығушылығын қалыптастыру;

-тәрбиешілердің жаратылыстану ғылымдарының негіздерін және оны лайықты түрде бала санасына жеткізу әдістемесін білуі.

Балалардың табиғатқа қызығушылығын тәрбиелеуде оның обьектілерімен және құбылыстарымен таныстырудың әдістері мен түрлерін дұрыс таңдаумен қатар белгілі түсініктер мен құбылыстарды ажырата білудің де мәні зор. Мәселен, «аспан денелері»  түсінігіне әлем, күн, жұлдыз, ай кірсе, ал «табиғат құбылыстары» тобына найзағай, жаңбыр, қар т. с. жататынын нақтылап түсіндіру қажет.

Табиғаттың әрбір заты және құбылысымен таныстыруды балалар бақылауына ыңғайлы жыл маусымы мен тәуліктің белгілі мерзімінде жүзеге асыруға тура келеді. Мысалы: күз маусымы кезінде түнгі аспанды бақылауға мүмкіндік мол. Себебі күз айында қатты суық болмайды, сондай- ақ күн ерте батады.

Аспан денелерінің ішіндегі бізге ең жақын орналасқаны – ай. Ай бетіндегі  “теңіздер көлеңкесін”, таулы қыраттарды жай көзбен-ақ, егер дүрбі болса, тіптен айқын ажыратуға болады. Балалар айдың көк жүзіндегі қозғалысын бақылап отырып, оның бейнесінің – орақ тәріздес жарты ай және толық ай  болып үш кезеңге ауысуын байқай алады. Сондай-ақ жұлдызды аспанды бақылау және жұлдыздармен танысуды күз айларының ымырт үйіріле жүргізген ынғайлы. Таныстыру жұмыстарын “Жеті қарақшы” жұлдыздар шоғырынан бастағап жөн. Балалар “жеті қарақшыны” оңай таба алатын жағдайға жеткеннен кейін “Темірқазық” және “Кіші жетіқарақшы” жұлдыздар шоғырымен таныстыруға болады.

Балаларды айды, жұлдыздар әлемін бақылау өте қызықтырады, бірақ бұл жұмысты балабақша жағдайында ұйымдастыру мүмкін емес. Сол себепті ата-аналарға кешкі серуен кездерінде мүмкіндікті пайдалана білуге кеңес беріледі.

Аспан шырақтары туралы балалар білімін бекіту және оған қызығушылығын арттыра түсу үшін мектепке дейінгі мекемелерде баланың ата-анасымен бірге көріп-білгендері жөнінде әңгіме ұйымдастыру, табиғат жайлы әдебиеттерден әңгімелер оқу арқылы толықтыруға болады!

Мысалы: өткен заманда көшпелі тірлік кешкен ата-бабаларымыздың “қазыкты” – қазық деп атап, жеті қарақшының қалған алты жұлдызы сол қазық-жұлдызға байланып тұрғаңдай, түнімен орнынан тапжылмайтын қазықты “қойлар” айналып шығады деген түсініктерін ояту балаларға қызықты.

Табиғи обьектілер мен құблыстарды белгілі бір топтарға біріктіру – балалардың шын заттар туралы, олардың болмысы туралы нақты түсініктерін қамтамасыз етеді. Балалардың сәндік-әшекей, ою-ернек жасау әрекеті үрдісінде әртүрлі әдістемелік тәсілдер қолданылады. Ойлау белсенділігін артыратын мұндай тәсілдердің бірі-  салыстыру. Ол үшін тәрбиеші белгілі бір логикалық ой туғызатын жүйелі сұрақтар қоя білуі керек. Алдымен бақыланған дүниеге жалпы талдау жасайтын,одан соң өрнектің элементтері, құрылысын, түсін т.б. ажыратуды талап ететін сұрактар қойылады. Салыстырмалы бағалау балаларға кез-келген заттың безендірілу ерекшелігін, сонымен бірге құрылысындағы айырмашылықтарды байқауға көмектеседі. Мысалы: ұлттық киімдер, кілемдер т.б.

Іс-әрекет барысында ойын әдісін пайдалану балаларды жағымды эмоциялық сезім мен көңіл- күйге бөлеп, сурет салу, қию, жапсыруды үйрету үрдісінің тиімділігін арттырады. Ойын тәсілімен жүргізілген қайталау және жаттығу жұмыстары бірсарындылықтан аулақтатып, балалардың жалығуына жол бермейді. Ойын әдісін пайдалану кезінде әр балаға “шебер”, “ыдыс бояушы”, “тігінші”, “зергер” т. с. с. рөлдері бөлініп берілсе, балалар үшін одан сайын қызықты болмақ.

Балалардың өз бетімен қорытынды шығара білуі үшін кез-келген заттың материалын және өрнек-әшекейлерін өзгертуді ұсыну тәсілін қолдану қажет (ағаштан ер тоқым, қымыз құятын ұзын мойын құмыра, бөренеден киіз үй жаса, ерлер шапанын гүлдермен әшекейлеу, т.б.).

Сәндік әшекей, ою-өрнек жасау әрекеті үрдісінде балалардың табиғат туралы білімдерін бекіту үшін, жоғарыда аталған әдістермен қатар арнайы түсірілген слайдтар, диафильмдер мен кинофилъмдерді ұжымдық көруді ұйымдастыруға болады. Мектепке дейінгі жаста балаларды табиғат заттары мен құбылыстарының элементтері туралы түсінік беруге негізделген сәндік-ою-өрнек жасау үрдісіне қатыстыру, тарту – олардың сезім мәдениетінің жетілуіне едәуір ықпалын тигізеді. Сондай-ақ анализаторлардың жетіле түсуі, сезімдік тәжірибенің қорлануы, балалардың логикалық ойлауын, зейінін, тілін ширатып, байқампаздық пен қызығушылық қасиеттерін қалыптастырады.

Жалпы алғанда осындай нысаналы, жүйелі тәсілдер арқылы балалардың көркемдік тәрбиесін жолға қоя отырып, адамгершілік қасиеттерін, жан дүниесінің баюын, көркемдік талғам мен шығармашылық қабілеттерін оятуға мүмкіндік туары кәміл.

 

Дайындаған: Нұртаева Асылтас Рахатқызы

Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718  

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *