Ұлттық ойын — тәрбиенің бастауы

Білім беру саласы: Денсаулық
Ұйымдастырылған ашық оқу қызметі: Дене шынықтыру
Тақырыбы: «Ұлттық ойын – тәрбиенің бастауы»
Мақсаты: Балалардың ұлттық ойындар арқылы денсаулығын нығайту. Балаларды қимыл — қозғалыс жылдамдық, ширақтық, ептілік, шыдамдылық қабілеттерін дамыту. Қимыл қозғалысының техникалық нақты орындалуын жетілдіру. Ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыру. Ұлттық ойындарды батыл орындауға, төзімділікке тәрбиелеу. Ұлттық ойындарды құрметтеуге баулу.
Қажетті құралдар: арқан,жылқы,теңгелер,қамшы,ойыншық серке,қазандық,үстел,орындықтар.

Нұсқаушы: Сәлеметсіңдер ме, қымбатты балалар! Біздер бүгін «Ұлттық ойын – тәрбиенің бастауы» атты спорттық сайысқа жиналдық. Қазақ халқымыз көне заманнан бері салт- дәстүрімізді сақтап келген. Сол дәстүрдің бірі — ұлттық ойындар.
-Балалар,айтыңдаршы сендер ойнағанды ұнатасыңдар ма?
-Ендеше, қазақтың қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?
-Асық ату,көкпар тарту,теңге жинау,күш сынасу,т.б.
-Дұрыс айтасыңдар, балалар, мінеки осы ойындар арқылы біз епті, шымыр, мықты, шапшаң болып өсеміз.

Жүгіріңдер, балалар,
Допты теуіп қуыңдар.
Құрыспай, құрыштай
Шынықсын денеміз.

Әндетіп ортаға Алдар Көсе келеді.
Мен, Алдармын, Алдармын,
Досымын адал жандардың.
Жақсыға талай серік боп,
Жаманды талай алдадым.
Алдар Көсе: Сәлеметсіңдер ме, балалар, сендер мені ұмытпаған шығарсыңдар, міне орталарыңа тағы да келдім.
Нұсқаушы: Әрине біздер сізді таныдық. Алдар ата қош келдіңіз! Біздерде бүгін «Ұлттық ойындар» атты мереке болып жатыр бірге болыңыз.
Балаларды асықты таңдау арқылы екі топқа бөлу.
Алдар Көсе: Әрине, балалар, мен арнайы осы сендердің ойын сауықтарыңды көңілді өткізу үшін келдім.
Нұсқаушы: Ал Алдар ата, біздің балалар ұлттық ойынды ойнағанды ұнатады, қазір балалар сізге арнап «Бәйге» ойынын ойнайды.
1)Ойын «Бәйге»
Шарты: Балалар екі топқа бөлініп, белгіленген жерге дейін жылқыға мініп жүгіріп келеді. Ойын осылай жалғасады.
Мақсаты: Балалардың бойын сергітіп, қимыл қозғалысын дамытып, ептілікке үйрету.
Алдар Көсе: Ойын деген жақсы ғой, ал біздің ұлттық ойындар денсаулыққа өте пайдалы, сондықтан менде сендерге арнап ұлттық ойын әкелдім.
2)Ойынның аты «Теңге жинау» деп аталады.
Шарты: Керілген арқанның үстімен жүріп,жерде жатқан теңгелерді жинау.
Мақсаты: Балаларды ширақ қимылдауға, дене бітімін, бұлшық еттерін дамытуға баулу.
Нұсқаушы:Алдар ата, көрдіңіз ғой біздің балалар, өте өнерлі, епті, шапшаң, сіздің тиындарыңызды тез жинап берді.
3)Ойын:«Көкпар тарту»
Шарты: Залдың дәл ортасына қазандық қойылады.Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады.Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8-15минут аралығында өтеді.Көкпаршылардың мақсаты-қазандыққа көкпарды салып,өз командасына ұпай жинау.Көкпар белгіленген уақыт ішінде қай команда көкпарды қазандыққа көп салса,сол команда жеңіске жетеді.
Алдар Көсе: Көрдім, көрдім өте өнерлі ширақ қимылдағыш екен. Ал, балалар, мен сіздерге тағы бір ойын алып келдім , бұрын ата –бабаларымыз ұлттық ойындарды көп қолданған, ер жігіттеріміз қазақ елінің батырлары секілді күш қуаты мол болсын деп «Күш сынасу» ойынын көп пайдаланған. Сондықтан балалар мен де сендердің күштерің мол, денсаулықтарын мықты болсын деп осы ойынды алып келдім.
4)Ойын: «Күш сынасу»
Шарты:Бұл ойын стол үстінде екі баланың білек сынасуымен орындалады.2 бала шынтақтарын столға тіреп қол бастарын айқастырады.Кім білекті столға жықса,сол бала жеңіске жетеді.Әрі қарай ойын осылай жалғаса береді
5)Ойын:«Көтермек»
Шарты:Ортаға екі ойыншы бала шығады.Бір-біріне арқаларын беріп тұрады.Белгі бойынша кім бірінші бірін-бірі арқада көтеріп алса,сол бала жеңіске жетеді.Жеңіске жеткен бала ойында қала береді де басқа балалармен бірге күш сынасады.
6)Ойын: «Алтын сақа»(асық ату)
Шарты: Балалар тізілген асықты көздеп атып,тигізеді.Қай топ көп асық жинаса,сол топ жеңіске жетеді.
7)Ойын:«Орамал тастамақ»
Шарты:Балалар шеңбер жасап тұрады.Нұсқаушы балаларды айнала жүріп бір баланың артына орамал тастап кетеді.Артына орамалды тастағанын сезген бала менің артамда деп жауап береді.Артына орамалдың тасталғанын сезбесе ол өлең,тақпақ айтып немесе билеп беруі керек.Балалар шеңбер бойында көздерін жұмып тұруы керек.Ойын осылай жалғаса береді.
8)Ойын: «Арқан тарту»
Шарты: Арқанның ортасынан қызыл матамен байлайды.Арқанның 2 жақ шетінен балалар ұстап тартады.Қай топ арқанды өз жағына тартып алса,сол топ жеңіске жетеді.
Нұсқаушы:Алдар ата,біздің балалар батырлар сияқты ел қорғауға дайын екенін осы сіздің ойыныңыз арқылы көрсетті. Рахмет сізге!
Алдар Көсе: Дұрыс айтасыз. Мына балалар өскесін күштері одан әрі көбейіп, ел қорғайтын ер азамат болады, ал енді мен кетейін. Мына аз ғана сыйлығым сендерге қабыл алыңыздар. Рахмет ,балалар, бүгін бір ерекше күн болды. Балалар Алдар атаға рахмет айтып шығарып салады.
Нұсқаушы: Міне, балалар, бүгінгі мерекеміз көңілді өтті, Алдар атамыз қуанып сендерге ризашылығын білдіріп кетті.
Ал айтыңдаршы, біз бүгін қандай мерекеге жиналдық?
Балалар: Біздер бүгін «Ұлттық ойындар» мерекесіне жиналдық.
Нұсқаушы: Бізге кім келді?
Балалар: Бізге қонаққа Алдар ата келді.
Нұсқаушы: Алдар атамен біз бірге не істедік?
Балалар: Ұлттық ойындар ойнадық.
Нұсқаушы: Ойын сауығымыз аяқталды! Сау болыңыздар!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *