Ошақбай Назым
Бүгінгі адамның қалтасында кішкентай ғана әлем жүр. Ол әлемнің аты телефон, ал оның ең шулы көшесі әлеуметтік желі. Таң атпай жатып көзіміз экранға түседі, түн ортасы ауғанда да саусағымыз сол экранның бетінде сырғып отырады. Бір қарағанда, бәрі жеңіл: бір батырма, бір видео, бір пікір, бір лайк. Бірақ сол жеңілдіктің астында тұтас қоғамның мінезі, адамның ішкі жалғыздығы, жастың арманы, кейде тіпті тағдыры жасырынып жатыр.
Әлеуметтік желі жай ермек емес. Ол жаңа заманның базары да, мінбері де, мектебі де, сахнасы да. Кеше ғана ауылда отырып арманы ішіне сыймаған жас бүгін өз өнерін мыңдаған адамға көрсете алады. Қолынан тәтті пісіретін ана Instagram арқылы тапсырыс алады. Тіл үйренгісі келген оқушы TikTok пен YouTube-тен тегін сабақ табады. Кітап оқитын орта іздеген жас Telegram арнасынан пікірлес адамдарды кезіктіреді. Бұрын газетке шығу, телеарнаға жету, үлкен ортаға танылу екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Қазір ойың өткір, сөзің салмақты, еңбегің тұрақты болса, жұртқа жетудің жолы ашық.
Осы жағынан қарағанда, әлеуметтік желі, шынында да, мүмкіндік. Ол тасадағы талантты жарыққа шығарады. Үндемей жүрген адамға дауыс береді. Қарапайым кәсіпке қанат бітіреді. Бір ғана парақша арқылы жас журналист қоғамдағы әділетсіздікті көтере алады, ауылдағы мәселені жария ете алады, ұмыт қалған адамның тағдырын көпшілікке жеткізе алады. Сөз қадірін білетін адам үшін әлеуметтік желі бос алаң емес, елге ой салатын кеңістік.
Бірақ қазақ халқы “шамадан асқан ас та у болады” дейді. Әлеуметтік желінің де шегі бар. Ол шектен асқанда мүмкіндік емес, мінезді жейтін тәуелділікке айналады. Адам әуелі телефонды ермек үшін қарайды. Кейін телефон адамның өзін ермек қылады. Бір видео көремін деп кірген жан бір сағатын жоғалтады. Бір пікір оқимын деп көңілін түсіреді. Біреудің жылтыр өмірін көріп, өз тіршілігін кем санай бастайды. Сырты бүтін, іші түтін адамдардың әдемі суреттеріне қарап, өз өмірін жарамсыз көретіндер көбейді.
Әлеуметтік желідегі өмірдің бәрі шын өмір емес. Онда көбіне күлімдеген бет, жаңа киім, сәнді кафе, саяхат, жетістік, қошемет көрсетіледі. Ал сол суреттің артындағы шаршау, қарыз, қорқыныш, жалғыздық, көз жасы көрінбейді. Экран адамға дайын көрініс ұсынады, бірақ толық шындықты бермейді. Көп жас осыны ұмытып кетеді. Өзінің қарапайым күнін біреудің ең әдемі сәтімен салыстырады. Салыстыру көбейген жерде сабыр азаяды. Сабыр азайған жерде адамның өзіне деген сенімі де әлсірейді.
Қазір “лайк” кей адамның көңіл күйін өлшейтін таразыға айналып барады. Суретіне көп адам белгі қойса, өзін керек сезінеді. Аз белгі түссе, құны төмендегендей күй кешеді. Бұл өте қауіпті. Адамның бағасы экрандағы санмен өлшенбеуі керек. Қазақ “кісінің кісілігі сыртында емес, ішінде” деген. Ал әлеуметтік желі көбіне сыртты жылтыратуға үйретеді. Сөздің салмағынан гөрі көріністің әсері, ойдың тереңдігінен гөрі даудың қызуы өтімді болып тұр.
Тағы бір алаңдататын тұс бар. Әлеуметтік желі ақпаратты жылдам таратады, бірақ жылдамдық әрқашан шындық деген сөз емес. Бір адам тексермей жазады, екіншісі ойланбай бөліседі, үшіншісі сеніп қалады. Осылайша бір жалған хабар талай адамның ойын бұзады, ел арасына күдік салады, қоғамның тынышын алады. Әсіресе журналистикаға қадам басқысы келетін жастар үшін бұл үлкен сабақ. Журналистің қолындағы сөз ойыншық емес. Сөздің киесі бар. Қаламның ұшы біреуге үміт сыйлауы да, біреудің абыройын жаралауы да мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желіде жазылған әр сөйлемнің артында жауапкершілік тұруы тиіс.
Әлеуметтік желіні жамандап, одан безу оңай. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Өйткені заман керуені кейін жүрмейді. Бүгінгі ұрпақ цифрлық кеңістікте өмір сүріп жатыр. Демек, одан қашу емес, оны дұрыс игеру қажет. Телефонды тастау емес, уақытты басқару маңызды. Желіге кірмеу емес, не үшін кіретініңді білу керек. Адам әлеуметтік желіні пайдаланбаса, әлеуметтік желі адамды пайдалана бастайды.
Бізге ең керегі, цифрлық тәрбие. Балаға телефон ұстауды ғана емес, ақпарат таңдауды да үйрету қажет. Жасқа парақша жүргізуді ғана емес, сөздің жауапкершілігін түсіндіру керек. Әр қолданушы өзіне адал сұрақ қойғаны жөн: мен бұл желіден не алып жүрмін, білім бе, әлде бос әдет пе? Уақытымды көбейтіп жүрмін бе, әлде ұрлатып жүрмін бе? Өз ойымды дамытып жүрмін бе, әлде өзгенің өміріне телміріп қалдым ба?
Әлеуметтік желі үлкен өзен сияқты. Кімде қайық бар, кімде ескек бар, кімде бағыт бар, сол арғы бетке өтеді. Ал бағыты жоқ адам ағыспен кете береді. Біреуге ол табыс әкеледі, біреуге таным береді, біреуге орта сыйлайды. Енді біреудің уақытын жұтып, жүйкесін қажап, жан тыныштығын тартып алады. Сондықтан “әлеуметтік желі мүмкіндік пе, әлде тәуелділік пе?” деген сұрақтың жауабы біржақты емес. Ол адамның өз қолында. Ақылмен қолдансаң, мүмкіндік. Шектен шығарсаң, тәуелділік. Оймен кірсең, білім аласың. Бос кірсең, бос шығасың. Әлеуметтік желіге емес, өз нәпсіңе ие бола алған кезде ғана экран құлдықтың емес, дамудың құралына айналады.
Заманның желі қатты, ағымы жылдам. Бірақ тамыры терең адамды ешбір ағыс оңайлықпен әкете алмайды. Әлеуметтік желі де солай: тамырың санада, тәрбиең жүректе, сөзіңде жауапкершілік болса, ол сені жұтпайды. Керісінше, өз биігіңе шығаратын баспалдаққа айналады.
