Даутова Анар Ерболатқызы
Абай облысы Аягөз ауданы “Қалалық қазақ мектеп-лицейі” КММ
11 сынып оқушысы
Әр адам күніне бірнеше маңызды шешімдер қабылдайды,таңдау жасайды. Кейбір шешімдер адам тағдырына тікелей байланысты болуы мүмкін. Бұл жағдайда ең бастысы қателеспеу керек. Мысалы-мамандық таңдауда. Себебі мамандық таңдау-бұл жай ғана күн көрудің амалы емес,бұл өмірдің үлкен бір бөлігін алатын сүйікті іс болуы тиіс. Дұрыс таңдалған мамандық адамның қабілетін дамытып,өмір бойы өз ісінен ләззат алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда мамандық таңдаудың маңызы қандай және бұл шешім адам өміріне қалай әсер етеді?
Ең алдымен, мамандық адамның қызығушылығы мен бейіміне сай болуы жөн. Адам өз жұмысын сүйіп істегенде ғана өзін бақытты сезінеді. Егер адам сүйікті ісімен айналысатын болса, ол жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Осылайша,қоғамға да пайда келтірудің де жолын табады.
Сонымен қатар,мамандық таңдаудағы аса маңызды зат-кәсіби өсу және бәсекеге қабілеттілік. Қазіргі еңбек нарығы — өте құбылмалы әрі бәсекеге толы. Егер адам өз саласын шын жақсы көрсе, ондағы жаңалықтарды өздігінен үйренуге, біліктілікті арттыруға құштар болады. Өз ісінің фанаты ғана нағыз сұранысқа ие, жоғары деңгейлі маманға айнала алады. Ал, тек диплом үшін, немесе біреудің мәжбүрлеуімен таңдалған мамандықта, адам орташа деңгейден аса алмайды. Жүрекпен таңдалған мамандық-өмірде үлкен жетістіктерге жетелейді.
Керісінше, мамандықты қате таңдау түрлі қиындықтарға әкелуі мүмкін. Жұмысқа қызықпау адамның ынтасын жойып, кәсіби күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Нәтижесінде жұмыс сапасы төмендеп, жеке өмірге теріс әсер етуі ықтимал. Кейде адамдар өздері қаламаған мамандықты оқып, кейін басқа саланы таңдау қажеттілігі туындайды, бұл болса уақыт пен ресурстардың босқа жұмсалуына алып келеді.
Мамандық таңдау-тек ғана диплом алудың жолы емес, еліміздің болашағына үлес қосудың, жүрегіңмен қызмет етудің, сүйікті ісіңмен кәсіби түрде айналысу тәсілі болуы қажет.
Сол себепті мамандық таңдағанда бірнеше факторды ескеру қажет. Ілкіде адамның қызығушылығы мен қабілетін назарға алу керек. Еңбек нарығындағы сұранысты және болашақта мамандықтың қажеттілігін зерттеп, білім алу мүмкіндіктеріне де мән берген жөн. Ата-ананың немесе достардың пікіріне ғана сүйенбей, болашақ үшін жауапкершілікті өз мойнына алу маңызды.
Түйіндей айтқанда, мамандық таңдау — өмір бағытын айқындайтын маңызды шешім. Өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты таңдаған адам тек кәсіби жетістіктерге ғана жетіп қоймай, өмірде өз орнын табады. Сондықтан жас ұрпақ мамандық таңдау процесінде саналы болуы тиіс. Дұрыс таңдалған мамандық — табысты әрі бақытты өмірдің кепілі

