Xll Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі “Ұлы Жібек жолымен”
Кітап – адамзат мәдениеті мен білімінің ажырамас бөлігі. Кітап басу ісі өркениеттің дамуымен тығыз байланысты және ұлттық құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады. 2024 жылғы 20 қарашада өткен “Ұлы Жібек жолы” халықаралық кітап көрмесі бұл саладағы жаңашылдықтарды көрсетуге және ұлттық рухани мұраны дәріптеуге бағытталған. Бұл мақалада көрмеге қатысқан жетекші баспалардың қызметі мен ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы рөлі ғылыми тұрғыдан талданады.
Кітап көрмелері оқырмандар мен баспагерлер арасындағы байланысты нығайтып, әдеби және мәдени жаңалықтарды таныстыру алаңы болып табылады. “Ұлы Жібек жолы” көрмесі Қазақстандағы баспа ісі мен мәдениеттің дамуына ерекше әсер етіп, ұлттық әдебиетті әлемдік деңгейге көтеру жолында маңызды қадам болды.
Көрме барысында Marfu Press, Astanakitap, және т.б отандық баспалардың өнімдері ұсынылды.Одан бөлек кітап дүкендері деп көрмеге белсенді ат салысты.Мысалы; Kitapal, Jana bala т.б. Баспалардың қызметі ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңғырту, балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлу, сондай-ақ заманауи технологияларды қолдану арқылы жаңа оқырман аудиториясын қалыптастыру сияқты бірнеше бағытты қамтиды.
Marfu Press баспасы: Рухани мұраны жаңғырту.Marfu Press ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңғырту жолында елеулі еңбек етіп келеді. Бұл баспа “Жаңғырық” сериясы арқылы тарихи құнды шығармаларды заманауи дизайнмен қайта басып шығару арқылы оқырмандардың назарын аударды. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытұлының «Психология» және Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітаптарының қайта басылуы руханиятқа деген құрметті көрсетеді.Сонымен қатар, баспа балалар әдебиетіне ерекше назар аударып, сапалы иллюстрациялармен жабдықталған кітаптар шығаруда. Бұл шығармашылық үрдіс жасанды интеллект технологияларынан бас тартып, авторлық қолтаңбаны сақтау арқылы жүзеге асырылады.
Astanakitap баспасы: Білім мен инновацияны үйлестіру. Astanakitap баспасы оқу-әдістемелік әдебиеттерді жоғары сапада дайындап, білім беру саласында жаңа жобаларды іске асыруымен ерекшеленеді. Баспа “Smart кітапхана” жобасы аясында жаратылыстану бағытындағы оқулықтарды оқушылардың жас ерекшеліктеріне бейімдеп, ұлттық құндылықтарды қамтуға ерекше көңіл бөлді.Баспа сапалы аударма әдебиеттерін шығару бойынша да белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта оқырмандар арасында танымал болған фантастикалық жанрдағы шығармалар мен заманауи әдебиеттерді ұсынды.
Jana Bala.kz дүкен: Балаларға арналған ойыншық кітаптар.Jana Bala.kz ұйымы балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Заманауи технологиялармен жабдықталған ойыншық кітаптар арқылы балалар ұлттық аспаптар мен ертегілер әлемімен танысып, қазақтың бай мәдениетін меңгере алады.Ойыншық кітаптардың ерекше форматы оларды қазақ әдебиетінің жаңа кезеңіне айналдырды. Бұл жоба тек тәрбиелік құрал ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тиімді әдіс ретінде бағаланады.
“Ұлы Жібек жолы” халықаралық кітап көрмесі баспа ісі мен ұлттық мәдениеттің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Көрмеге қатысқан баспалар мен жобалар ұлттық әдебиеттің әлемдік деңгейге көтерілуіне және заманауи оқырманның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған бастамаларымен ерекшеленді.Мұндай игі бастамалар Қазақстанның білім беру, мәдениет және әдебиет саласындағы жетістіктерін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Махаббат Тұрдалы
Әл-Фараби атындағы. Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің “Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының” 3-курс студенті.