ӨМІР ЖОЛЫ – ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ ӨЗІНДІК ТАРИХЫ

Амангельдина Кания

Қазақ интеллигенциясының Альма-матері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бой көтергеніне 90 жыл толды. Тарихқа толы 90 жыл ішінде бағындырған белес пен алған асуымыз аз емес. Ал түлек боп ұшқан әр шәкірті бүгінде мықты маман әрі білікті басшы. Мұның барлығы – терең білім мен таусылмас тәжірибенің нәтижесі. Әр студентті «жеке тұлға» ретінде қалыптастыру үшін қажетті пәндердің маңызы жоғары. Соның бірі – «Басқару психологиясы» сабағы.

«Басқару психологиясы» пәнінде біз ұйымдық басқару, басқарудағы мәселелер мен оларды шешу жолдарын кеңінен қарастырамыз. Жеке адамның тұлға болып қалыптасуындағы маңызды факторлар, әсер ететін оқиғалар мен құбылыстарды зерттейміз. Адамзат баласының қоғамның бір мүшесі ретінде қалыптасуын, оның ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін және сол қоғамға тигізер пайдасы туралы сөз қозғаймыз.

«Басқару психологиясы» сабағында біз жетекшіміз Жұбаназарова Назираш Сулейменовнамен біріге отырып, психология саласына қатысты көптеген еңбектерді талқылап, жоғарыда аталған мәселелердің шешімін қарастырамыз. Атап айтқанда, Т.С. Кабаченко «Психология управления» еңбегін, Л.А.Вайнштейн «Психология управления и основы лидерства» еңбегін, соған қоса қазақ авторларының басқару психологиясына қатысты түрлі оқу құралдарын қарастырып, менеджментке қатысты көптеген ақпараттар ала алдық. Ал мен осы жазбамда адамның өмір жолы мен оның кезеңдерін психологиялық тұрғыдан қарастыратын боламын.

Б. Г. Ананьев атап өткендей, «өмір жолының субъективті бейнесі адамның жеке және әлеуметтік дамуымен, өмірбаяндық-тарихи кезеңдермен сәйкес құрылады». Өмір жолының ерекшелігі оның тарихи сипатында, яғни адамның өмірі тарихи үдерістің бір бөлігі ретінде қарастырылуында жатыр. Осыған байланысты С. Л. Рубинштейн былай деп жазады: «Тек қана адамзат емес, әрбір адам да белгілі дәрежеде адамзат тарихының қатысушысы және субъектісі болып табылады, әрі белгілі бір мағынада өз тарихын жазады». Өзінің өмір жолын түсіну үшін адам келесі сұрақтарға жауап беруі керек: «Мен кім бола алар едім? Мен не істедім? Мен кімге айналдым?»

Өмірлік циклдердің кезеңдері өмір жолы мәселесін ең алғаш теориялық тұрғыдан Ш. Бюлер қарастырған. Ол өмірдің биологиялық, психологиялық және тарихи уақыттарын біртұтас жүйе ретінде біріктіруге тырысты. Ш. Бюлердің пікірінше, тұлғаның дамуының қозғаушы күші – адамның өзін-өзі жүзеге асыруға және толыққанды болуға ұмтылысы. «Өзін-өзі жүзеге асыру» ұғымы «өзін-өзі тану» ұғымына жақын. Алайда, өзін-өзі тану тек өзін-өзі жүзеге асырудың алғашқы кезеңі ғана. Психологияда ең танымал болып саналатын өмірлік циклдердің кезеңдерін Э. Эриксон жасаған. Ол тұлғаның өмір жолын сегіз сатыға бөліп қарастырады. Әрбір саты адам өміріндегі бетбұрыс кезеңімен сипатталады, бұл оның психологиялық дамуының белгілі бір деңгейіне жетуімен және басқа адамдармен, қоршаған ортамен қарым-қатынасының өзгеруімен байланысты. Осы өзгерістердің нәтижесінде адам жаңа қасиеттерге ие болады, бұл оның жеке дамуының ерекшеліктерін айқындайды. Жаңа қасиеттер кенеттен пайда болмайды, олар алдыңғы даму сатыларында қалыптасқан негіздерге сүйенеді.

Өмір кезеңдерінің өзара байланысы жайлы Б. Г. Ананьев әрбір өмір кезеңін: дайындық, бастау, шарықтау, аяқталу деп бөлуге болады деп есептейді. Бұл кезеңдердің әрқайсысы адамның жеке дамуы мен өмірлік мағыналарына тәуелді.

Өмірдің мәні – адамның өз міндеттерін, мүмкіндіктерін және қоғамдағы орнын жалпылауы.

Жубаназарова Н.С.      

        Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.  

       Сайлинова Қ.К.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жалпы және қолданбалы психология

кафедрасының аға оқытушысы                                                      Амангельдина Кания,        

   әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің

   1-курс магистранты

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *