Халықтың өмір сүру деңгейі бойынша халықаралық тәжірибе.

Халықтың өмір сүру деңгейі бойынша халықаралық тәжірибе

Жапонияның өмір сүру деңгейі бойынша халықаралық тәжірибесі көптеген елдер үшін үлгі боларлықтай. Бұл елде халықтың денсаулығын, ұзақ өмір сүруін және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған көптеген іс-шаралар бар.

Елдің өмір сүру деңгейі көрсеткіштері:

1. Ұзақ өмір сүру

Жапония тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша ең жоғары. Орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерде шамамен 81 жыл, ал әйелдерде 87 жылдан асады. Жапонияда 1960 жылдары орташа өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда қысқа болды – 66,4 жас. Бұл көрсеткіштер дұрыс тамақтану, жақсы денсаулық сақтау жүйесі және белсенді өмір салтына байланысты. Жапонияда адамдардың жасына қарамастан, физикалық белсенділігі жоғары деңгейде.

2. Денсаулық сақтау жүйесі

Жапонияда денсаулық сақтау жүйесі жоғары дамыған. Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі ерекшелігі – жалпыұлттық медициналық сақтандырудың (Universal Health Coverage) болуы. 1961 жылы енгізілген бұл жүйе барлық тұрғындарды қамтиды. Әр адам өз кіріс деңгейіне байланысты медициналық сақтандыру төлемдерін төлейді, ал мемлекет белгілі бір деңгейде шығындарды субсидиялайды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі халықтың денсаулығын қорғауға, ал медициналық қызметтердің жоғары сапасы адамдардың ұзақ әрі сапалы өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бұл жүйе басқа елдер үшін үлгі бола алады.

Зейнетақы жүйесінің түрлері:

Ұлттық зейнетақы: Бұл жүйеге 20-60 жас аралығындағы барлық азаматтар қатысуы тиіс. Азаматтар міндетті түрде ай сайын белгілі бір мөлшерде жарна төлейді. Бұл жүйе арқылы базалық зейнетақы алуға болады.

Қызметтік зейнетақы: Жұмыс істейтін азаматтар бұл жүйеге жұмыс беруші арқылы қосылады. Ол ұлттық зейнетақы жүйесіне қосымша болып табылады және еңбекке байланысты жарналар төленеді. Қызметтік зейнетақы арқылы алатын төлемдер жоғарырақ болады.

3. Орташа жалақы.

2023 жылы орташа айлық жалақысы ең жоғары 10 мемлекеттің ішінде Жапония 7ші орынды иеленген: Жапония – 3 998 USD. Жапонияда толық жұмыс істейтін қызметкерлердің орташа жылдық жалақысы шамамен 4,5 миллион йенді құрайды, бұл шамамен 32,000-35,000 АҚШ долларына сәйкес келеді. Токио сияқты мегаполистерде жалақы орташа есеппен шамамен 20-30%-ға жоғары. Бірақ ол жерлерде өмір сүру құны да жоғары болады.

Салалар бойынша жалақы айырмашылықтары:

Технологиялар және инженерия: IT және машина жасау салалары. Жылдық жалақысы 6 миллион йеннемесе одан да көп болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау: Дәрігерлер мен мамандандырылған медицина қызметкерлері орташа есеппен 7-10 миллион йен аралығында жалақы алады.

Қаржы секторы: Банк қызметкерлері мен қаржы аналитиктерінің жалақылары да жоғары, әдетте 5-8 миллион йен аралығында.

Мемлекеттік қызмет: Мемлекеттік сектордағы орташа жалақы 4-5 миллион йен шамасында болады.

4. Заңнамалық жүйесі

Жапонияның негізгі заңы – 1947 жылы қабылданған Конституция. Конституция Жапонияны демократиялық мемлекет ретінде сипаттап, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға бағытталған. Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – 9-бап, ол Жапонияға соғыс жүргізуге және тұрақты әскер ұстауға тыйым салады. Алайда, елде қорғаныс күштері бар, олар тек өзін-өзі қорғау мақсатында жұмыс істейді.

Жапонияның заңнамалық жүйесі континенттік Еуропа елдерінің (негізінен Германияның) құқықтық модельдері негізінде құрылды. Елдің құқықтық жүйесі 4 негізгі салаға бөлінеді:

Конституциялық құқық: Мемлекет құрылымы және азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын реттейді.

Азаматтық құқық: Мүліктік және жеке құқықтармен, міндеттемелермен байланысты мәселелерді шешеді. Азаматтық кодекс Жапонияда жеке тұлғалар арасындағы қатынастарды реттейтін басты құжат болып табылады.

Қылмыстық құқық: Қылмыстарды анықтап, оларға сәйкес жазаларды тағайындауға бағытталған.

Әкімшілік құқық: Мемлекеттік басқару мен әкімшілік органдардың жұмысын реттейді.

5. Білім беру саласы

PISA (Programme for International Student Assessment) мәліметтеріне сәйкес, Жапония әлемдегі үздік білім беру жүйелерінің қатарында. Жапония технологиялық тұрғыдан дамығандықтан , мектептерде заманауи білім беру құралдары кеңінен қолданылады. IT технологиялары, робототехника және жасанды интеллект мектеп бағдарламаларына енгізілуде. Сонымен қатар, елде киберқауіпсіздік және цифрлық сауаттылыққа ерекше назар аударылады. Жапония университеттері әлем бойынша ең мықтылар қатарында. Токио университеті, Киото университеті, Осака университеті сияқты жоғары оқу орындары әлемдік рейтингтерде жоғары орындарға ие. Бұл университеттер ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласында жетекші рөл атқарады.

6. Қарт адамдарға қолдау көрсету

Жапониядағы тағы бір маңызды аспект – қартаюшы халыққа қолдау көрсету жүйесі. Елде зейнетақы жүйесі мен қарияларға күтім жасау қызметтері жақсы дамыған. Сонымен қатар, қарт адамдар қоғамда белсенді рөл атқарып, волонтерлік немесе әлеуметтік қызметтерге қатысады, бұл олардың өмір сапасын жақсартады.

7. Әлеуметтік қолдау және жұмыс

Жапониядағы еңбек нарығы да ерекше назар аударады. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі халықты қолдауға бағытталған, соның ішінде зейнеткерлер үшін лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді. Жұмыспен қамту деңгейі жоғары, ал жұмыссыздық деңгейі төмен. Бұл экономикалық тұрақтылық пен халықтың өмір сүру деңгейінің жоғары болуына ықпал етеді.

Қорытынды

Жапонияның өмір сүру деңгейін қамтамасыз етудегі тәжірибесі әлемнің басқа елдеріне үлгі бола алады. Денсаулық, дұрыс тамақтану және әлеуметтік қолдау жүйелерін күшейту арқылы Жапония ұзақ өмір сүру және жоғары өмір сапасын, экономикасын қамтамасыз етіп отыр.

https://www.kaznu.kz/

«Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті»

Әлеуметтік жұмыс 3 курс Оңғар Ринат

Жетекші: Авсыдыкова Құралай

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *